Қант диабетіне шалдыққандар қайтпек?

Биыл Денсаулық сақтау министрлігі «әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін» қысқартқан болатын. Сол кезде ведомство басшысы тізім қысқарғанмен, тегін дәрімен қамту бойынша түйткіл туындамайды деп уәде берген. Бірақ министрдің айтқаны орындалған жоқ, жұрт тегін берілетін дәрі-дәрмекке қол жеткізудің мүлдем қиындағанын айтып дабыл қаға бастады.

Соңғы жылдары тегін дәрі алуда іркілістер жиі болып жүргені жасырын жайт емес. Әсіресе, қант диабетінің 1-типі сияқты дәріге күнделікті тәуелді жандар қатты қиналып қалуы мүмкін екені сол кезде де айтылған. Оның үстіне, 2020 жылы медициналық сақтандыру туралы заң күшіне енгеннен кейін диабетке шалдыққандар сақтандыру төлемдері болса ғана тегін емделе алады. Ал ондай төлемі жоқтар қайтпек? Қазірдің өзінде қант диабетіне шалдыққандардың жағдайы алаңдаушылық туғызуда. Кейбір маңызды дәрілер тегін берілмейтін болыпты.

Әлемдік медицинада қант диабетіне «ХХІ ғасырдың обасы» деген айдар тағылды. Бүгінде бұл дертке шалдыққандардың саны айтарлықтай өсіп барады. Соңғы 10 жылда Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандардың саны үш есеге ұлғайған. Биылғы есеп бойынша елде осы диагнозбен 380 мың адам тіркеуде тұр. Оның үш мыңнан астамы бала.

Павлодар облысында 19 мың адам тіркеуде тұр. Оның мыңға жуығы сырқаттың асқынған түрімен ауырады. Дәрігерлердің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда өңірдегі өсім 25 пайызды құраған. Үстіміздегі жылдың 11 айында аймақта 2246 адамға «диабет» диагнозы қойылған. Ал Түркістан облысында соңғы 10 айдың ішінде 2,5 мың адамнан қан диабеті анықталған. Жалпы, өңірде 23 мыңға жуық адам қан диабеті дертіне шалдыққан. Сусамыр дертіне шалдыққандардың 93 пайызы 40-80 жас шамасындағы азаматтар. Шығыс Қазақ­стан облысында бір жылда қант диабетіне шалдыққан азаматтардың саны 1,5 мыңға, ал екі жылда 5 мыңға артқан. Қазіргі таңда өңірде 34 056 тұрғынғы қант диабеті диагнозы қойылған.

Қазіргі таңда әлемде 382 млн адам қант диабетіне шалдыққан. Қант диабетінің 80 пайызы кірісі орташа және төменгі сатыдағы мемлекеттерде тіркеледі екен. Бұл Таяу Шығыс, Үндістан мен Африка елдері. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын бұл ауру 78 мың балада алғаш рет анықталса, 183 млн адам диагнозын білмей өмір сүреді. Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір жайт – қант диабетінің жасарып бара жатқаны. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазір бұл сырқатпен әрбір 500-ші бала мен 200-ші жеткіншек ауырады. Бұған қалыпты жағдайға айналған қозғалыссыз тірлік бірден-бір себеп болып отыр.

Ал биыл билік бұл сырқатты әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастады. Осыған байланысты емханалардағы эндокринолог мамандары қысқарып, науқастарға арналған орын саны да азаюда. Ауру көбейіп барады, маман мен керуерт саны қысқартылып жатыр. Сонда қисын қайда? Оның үстіне қант диабетіне шалдыққан жандар тегін дәріге қол жеткізудің қиындағанын айтып шағымдануда.

Ал дәрі-дәрмекті жеткізушілер әдеттегідей тегін дәріні таратуда түйткіл жоқтығын айтудан танбай келеді. «Қант диабеті бар науқастарға арналған дәрі-дәрмектердің қажеттілігі медициналық ұйымдардан түскен өтінімдерге сәйкес толық қамтамасыз етілді. Осы уақытқа дейін тегін дәрілік препараттарды тарататын медициналық ұйымдар мен дәріханаларға 15,9 млрд теңге сомаға қант диабеті бар науқастар үшін дәрі-дәрмектер түсті». «СК-Фармация» компаниясы қараша айының соңына таман дәл осындай мәлімдеме жасады. Соған қарамастан, еліміздің түкпір-түкпірінде қант диабетіне шалдыққан науқастардың қажетті дәрі-дәрмектерін тегін ала алмай жүргендері азаймай отыр.

 

Back to top button