6 Желтоқсан, 11:33 135 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

Жақсы сөз ұлттың тынысы

Бұл – көптен күткен мақала. Халықтың көкейінде жүр еді. Бұл біздің тарихымыз, болашағымыз үшін керек. Жұрт қызу қолдап отыр. Мәңгілік ел боламыз десек, оның баспалдағы осы мақаладан басталады. Мақаладан гөрі елдің ертеңгі рухани, мәдени өсуінің бағдары, бағдаршамы дерсіз.

Әр сөйлемде үлкен мән бар, ой бар, сұрыпталған сөз, іріктелген тіркес, көптен толғандырып жүрген ойдың әсерлі толқынысынан туған тұжырым бар. «Ұлы даланың жеті қыры» – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті құнды дүние. Президент бұл жолы ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталған. Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. Соның ізі адам мен жылқының қатар өмір сүре бастаған байырғы заманнан байқалады. Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Жылқы мінезді қазақ өмірінің әрбір белесін ұлттық құндылықтармен қатыстыра суреттеуі – түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге ықпалы тиері сөзсіз. Қазақ халқы жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиядағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын тұлпарлар (мысалы, «Ер Төстік», «Алтын сақа», т.б. ертегілерде), батырлық жырлардағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің  Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген. «Жаяу жүрсе – бір қазақ, атқа мінсе – мың қазақ» демекші, ертегідей ескі заманның өзінде даланың дүлдүлі, сәйгүлікті қолға үйретіп, адамзат баласына атқа міну мәдениетін қалыптастырып, тасты талқандап, болатты балқытып, темірден түйін түйіп, дала заңына бас ұрған данышпан қазақ екені тайға таңба басқандай жазылған бұл мақалада. Тауында жатқан тасын түртсең, тарихы сөйлейтін даламыздан Алтын адам табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен алтын етек Алтайдың Түркі әлемінің алтын бесігі атануы заңдылық деп білемін.

Ендігі осы бай тарихымызды түгендеп, өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді қайта жағу жолында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасының маңызы айтпаса да белгілі. Себебі ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материалдар шаң басқан архивтермен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат.

Несіпбек Айтұлы, ақын,

С.Сейфуллин атындағы

музей директоры

Соңғы жаңалықтар