ЮНЕСКО: тізімде – қазақ мұрасы

ЮНЕСКО: тізімде – қазақ мұрасы

ЮНЕСКО: тізімде – қазақ мұрасы
ашық дереккөзі
1053
Қазақ халқының ықылым заманнан бірге келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, жөн-жоралғысының біразы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еніп үлгерді. Таяуда оған Қорқыт ата мұрасы мен қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары қосылды. Порт-Луи қаласында (Маврикий Республикасы) өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды. Сессия жұмысына әлемнің 217 елінің өкілдері, оның ішінде Қызыл­орда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова мен қобызшы, Қорқыт күйін орындаушы, Қызылорда облыстық филармониясының әртісі Мақсат Мұхамеджан қатысты. Қорқыт ата мұрасын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары 2014 жылы басталып, осы мәселе бойынша бірқатар кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, 2016-2017 жылдары Қызылорда қаласында ЮНЕСКО және ИСЕСКО­ (білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымының) көшпелі отырыстары өтті. Ал 2017 жылдың ақпанында Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия өкілдерінің және Халықаралық Түркі академиясының қатысуымен сараптамалық кездесу ұйымдастырылды. Бұл Қазақстан, Әзірбайжан және Түркияның бірлескен жұмысы, оның аясында Қазақстан Қорқыт Ата күйлерін қарауға ұсынған болатын. «Шығыс Африка еліндегі Маврикий Республикасында 217 мемлекет қатысып жатқан ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында «Қорқыт Ата мұрасы» көпұлттық номинациясы қолдау тауып, бүкіл әлемге танылды. Бүгінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасының 377 элементінің 8-і қазақстандық және Қорқыт Ата мұраларының енуі – бұл тек Сыр елінің ғана емес, бүкіл Тәуелсіз Қазақ­­станның мерей-мәртебесі. Біздің міндетіміз – Қорқыт ата мұраларын халықаралық дәрежеде насихаттау», – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев мәдени-тарихи мұраны қорғау жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында. «Қорқыт ата мұрасы: эпос мәдениеті, халықтың аңыз әңгімелері мен әуендері» аталымын Қазақстан, Әзірбайжан мен Түркия бірге әзірлеп, ұсынған. Сессияда Қорқыт күйлерін орындау дәстүрі мың жылдан астам уақыттан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны, түркі халықтарының ортақ тамырын көрсететіні айтылды. Ал қобызшы Мақсат Мұхамеджан Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындап, бүкіл әлемнен жиналған қауымның көңілінен шықты. «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» халқымыздың «қымызмұрындық», «бие байлау» және «айғыр қосу» жоралғыларын қамтиды. Олардың бүгінге дейін жалғасуының дәлелі ретінде Қарағанды облысының Терісаққан ауылында жыл сайын өткізілетін салт-дәстүр мерекесі келтірілген. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсеткеніндей, б.д.д. IV мыңжылдықтағы Ботай мәдениетін зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан адам баласы атты алғаш қолға үйреткен жер, мұның өзі бүкіл адамзат өркениетінің дамуына үлкен әсер етті. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкімет­аралық комитеттің бұл шешімі халқымыз үшін зор мақтаныш», – дейді Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Абдрахманов. Оның айтуынша, комитет Қазақстанның 2011 жылы Материалдық емес мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға қосылғаннан бері конвенция талаптарын жүзеге асыруда атқарған жұмыстар есебіне оң баға берді. Айта кетерлігі, сессия қатысушылары қазақ атбегілерінің жоралғылары бойынша номинация авторы болған және одан бұрын Дүниежүзілік мұра тізіміне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтерін қосуға белсенді атсалысқан, мәдени мұрамызды қорғаудағы беделді маман Елена Хорошты бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енген элементтер саны 399-ды құрады (122 елден). Ал сол тізімде отандық элементтер саны онға жетті: осы күнге дейін домбыра күйін орындау мен киіз үй құру өнері, айтыс, қазақ күресі, Наурызды мерекелеу, құсбегілік, қатырма нан пісіру, асық ойыны енгізілген-ді. Порт-Луидағы сессияда бұл тізімге 39 элементті қосу қарастырылған, арасында Солтүстік және Оңтүстік Корея тұңғыш рет бірлесіп ұсынған корей халқының ссиреум күресі бар. Бұл тізімге енуі тиісті салт-дәстүрлер маңызын халық­аралық деңгейде таныды және сол мәдени мұраны мемлекеттердің қорғауға міндетті екенін білдіреді. Айта кету керек, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында 1980 жылдары Түркі әлеміне ортақ тұғырлы тұлға – Қорқыт атаның құрметіне мемориалдық кешен салынды. 2014 жылы ҚР Президенті Н.На­зар­баевтың тапсырмасы бойынша кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша жаңа құрылыс нысандары салынды. Жыл сайын оған таяу және алыс шетелдерден 13 мың турист келеді. Мемориалдық кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің бойында, Қызылорда қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан. Сондай-ақ, Қызылорда облысында Қорқыт Ата атауы Қызылорда мемлекеттік университетіне, әуежайға, облыс орталығындағы көшеге берілген.

Серіктес жаңалықтары