Тілге құрмет – Тәуелсіздікке құрмет

Тілге құрмет – Тәуелсіздікке құрмет

Тілге құрмет – Тәуелсіздікке құрмет
ашық дереккөзі
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы: «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы. Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады. ...Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ, оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды. Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз» деп жазды. Бұл байыпты мақсат қоғамда бірден қызу талқыға түсті, халықтың рухын бір серпілтті. Расында, «Қазақ тілі – бай тіл. Оралымды, ырғақты теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл» (Ғ.Мүсірепов). Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптарды туғызған тіл. Қазақтың әдеби тілі, басқа халықтардың да әдеби тілі сияқты, мәдениетті ілгері бастаушы қуатты құрал. Әдеби тіл мен әдебиетіміздің басы сонау көшпелі қазақтың халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Аузынан жыр төгілген, жырында тәрбие мен Отанға деген сүйіспеншілік, ерлік, елдік мәселелері көтерілген ұлағатты халық. Сөз құдіретін ерекше бағалаған жұрт. Сондықтан осындай ата-бабадан тараған ұрпақтың тілді, сөзді, тарих пен әдебиетті әспеттей бағалауы заңды құбылыс. Тәуелсіз елдің жастары, жас­өспірімдері мен балаларының ойы, сөзі, діні мен ділі де тәуелсіз. Осыдан 27 жыл бұрын қазақ жұрты жалтақтап, айтқысы келгенін айта алмай өзгенің қас-қабағына қараумен өмір сүрсе, бүгінде бейбіт елде тату-тәтті өмір кешуде. Кезіндегі Қайрат пен Ләззат сынды елінің шынайы патриоттары бола білген батыр аға-әпкелеріміздің қазіргі ізбасарлары төл тарихты, ана тілін, жыр жауһар мен қара сөзге бай әдебиетін бойларына еміне сіңірген. Тіпті, қазір қазақ қана емес, қазақтан пана тапқан өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін ана тілім деп түсінеді, сыйлайды, құрметтейді. Осының барлығы Тәуелсіздіктің жемісі! Өткен күзде Алматыда ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» бәйгесінде «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқыған оқушыларды көріп, жиналған жұрттың өскелең ұрпақ өнеріне мәз болып тарқасқаны – елдің елдігі мен бірлігінің айқын айғағы. Осы жарысқа қатысып, қазақша жыр шумақтарын нәшін келтіре әдемі оқып, финалға жеткен Михаил Шут пен жүлделі орынның біріне ие болған Ким Арнур жұртшылықтың назарын бірден аударған. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Отанымыз бір, ойы озық осы оқушылармен әңгімелесуді жөн көрдік.  Михаил Шут, №187 мектептің 8 «ә» сынып оқушысы:   width= – Он төрт жастамын. Ата-анам орыс, бірақ олар менің қазақ тіліне деген құштарлығымды байқап, қазақ сыныбына берді. Ата-анам болмаса, қазақ тілін білмеуші едім. Ал тілді жетік меңгеруге мектебімдегі көптеген ұстаз көмектесті. Қазақ тілін қалай білетіндігімді сынау үшін «Алпамыс батыр» жырын жаттатқызып, жарысқа қатыстырды. Алдыма жырды толық жаттаймын деген мақсат қойдым, өкінішке қарай, мақсатыма жете алмай қалдым. Сонда да қалалық турға өттім. Неге толық жаттамадым дейсіз бе? Өйткені көптеген көне сөздерді түсінбей жүрдім, ал бұл маған қосымша қиындықтар туғызды. Бірақ жырдың негізгі мағынасын және тәрбиелік мәнін түсіндім. Жыр балаларға өз еліңді сатпай, әрқашан өзіңнің ержігіт екендігіңді ұмытпау керектігін үйретті. Ата-анам орыс болғандықтан, көбінесе орыс тілінде сөйлеймін, бірақ кейде анама қазақ сөздерін кішкене болса да үйретуге тырысамын. Ал басқа орыстармен сөйлескенде сөзді әуелі қазақша бастаймын. Егер де менің өзге ұлысты  достарым менімен қазақша сөйлесуге тырысса, оларды қолдаймын. Барынша көмектесуге тырысамын, өзімнің үйреніп, білгендерімді айтып жүремін. Желтоқсан айы біз үшін мәні аса зор оқиғалы күндерге толы. 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні болса, 16 желтоқсан жырдағы Алпамыстай ештеңеден қорықпай, хас батырларша жамандықпен күресіп, азаттыққа қол жеткізген күн болып есептеледі. Екеуі де бейбіт ел екенімізді сипаттайды. Ата-бабасы батыр халықтың бақытты ұрпағы болғаным үшін мақтанамын. Жырды күн-түн демей жаттап, жарысқа қатысқанымды да өзім үшін зор жеңіс деп білемін. Себебі аз да болса қазақ әдебиетіне жақындадым, ал ол менің бойыма, өз кезегінде ұлтқа тән қасиеттерді сіңіреді. Маржан Сансызбаева, Михаил Шуттың ұстазы:  width=  – 26 жыл бойы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. Қазақ тілі мен әдебиетін оқу үшін балаға ең бірінші тілге деген шексіз сүйіспеншілік керектігін түсіндім. Әсіресе, Шут Михаилдың өзіне тән ерекшелігін айтқым келеді. Біріншіден, ол сыныпта өңкей қазақтың қара домалақ балаларымен оқиды. Қазақ тілінде таза сөйлейді. Оның бойында жауапкершілік пен табандылық, еңбекқорлық қасиеттері бар. Сол еңбекқорлығының арқасында тілді еш қиындықсыз түсініп, үйреніп алды. Әдебиетке деген қызығушылығы 5-сыныптан кейін оянды. Көп шығармаларды екі тілде де оқи береді. Сондықтан ол білімді әрі жан-жақты оқушы. Кез келген тақырыпта еркін әңгіме айтып, эссе жазып бере алады. Әсіресе, осы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына жазған «Кітап оқып жүрміз бе?» деген эссесін ерекше атап өтсем болады. Қазақ тілінде таза әрі әдеби нақышқа келтіріп, әдемі жазып беріпті. Жастайынан қазақ тіліне қызығушылық танытып, қазақ сыныбына келуінің өзі сүйсіндірмей ме?! Болашақта еліміздің дамуына өз үлесін қосатын азаматтардың бірі болатынына сенімдімін. Оны тілге деген құрметінен-ақ байқауға болады. Ақыл тоқтатқан жасқа келсе де, тілді білмей күңкілдеп жүрген отандастарымызға үлгі болатын бала нақ осы Михаил! Арнур Ким, № 144 мектептің  6 «б» сынып оқушысы:  width=  – Менің жасым 12-де. Қазақ тілін жетік білуіме, біріншіден, Қазақстанда туып-өскенім, екіншіден, білім алып жатқан мектебім және сол мектеп арқылы әртүрлі сайыстарға қатысуым септігін тигізді. Ұстаздарымның да еңбегі зор. «Алпамыс батыр» жырының барлық жолдарын жаттап алғанмын. Көлемді жырды бірден жаттап алу оңай болған жоқ. Оны жаттамас бұрын орыс тіліне аудардым. Кейіннен рэп баламасында айтып көрдім және мультфильмін көрдім. Жырдың балаларға беретін тәрбиелік мәні өте зор. Бір жағынан қазақ халқының салт-дәстүр мәселесі қозғалса, екіншіден, әр адам өз алдына қойған мақсатына қол жеткізуде барлық қиыншылықтарға төтеп беруі керек екенін ұқтым. Қазақ халқы өте батыр халық. Оны жырдан да аңғаруға болады. Алпамыстай батыры болған еліміздің бүгінгі бейбіт күнге жетуін әділеттілік деп санаймын. Өз Президенті бар, өз жері, өз мәдениеті, өз тарихы мен өз тілін сақтап қала алған қайсар халықтың ұрпағымыз біз. Біз ақылды, білімді болуымыз керек. Тіліміз бен әдебиетімізді құрметтеуіміз қажет. Көп тіл білсең, өмірде  адаспайсың деп ойлаймын. Осы себептен  тіл үйренуді өзім өмір сүріп  жатқан Отанымның мемлекеттік тілін үйренуден бастадым. Мектептен тыс жерлерде де қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлеймін. Қазақстан азаматы болып, Қазақстан жерінде тұрған соң тілге деген құрмет әрқашан биік болуы керек. Ал қазақ тілін білмейтіндерге міндетті түрде тіл үйренуге кеңес беремін. Ата-бабаларымыз айтып кеткендей, әрбір ұлт ең алдымен ана тілімен ерекшеленеді. Анар Асқарова, Арнур Кимнің ұстазы:  width= – Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 23 жыл бойы сабақ беріп келемін. Арнур  өте еңбекқор әрі сабырлы бала. Ол қайсар екенін танытып, алдына қойған мақсаттарына жетуде. Анасының, ұстазының үмітін ақтауға әрдайым талпынатын оқушы. Достарының арасында сыйлы. Спортпен белсенді шұғылданады және де Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанды жақсы көреді. 2018 жылдың ақпан айында М.Мақатаевқа арналған республикалық сайыста 1-орынға ие болған балаларымыздың бірі. Тағы бір қуантатыны, мектебімізде Арнурдан басқа мемлекеттік тілде сөйлейтін, сөйлеуге ұмтылатын оқушылар бар. Олар: 8-сынып оқушысы Александра Хан, 3-сынып оқушысы Никита Столбунов, 5-сынып оқушысы Анастасия Пасова және тағы басқалары. Осы оқушыларға қарап, тілге құрмет – елге құрмет екендігін анық түсінемін. Қазақ тілі мен әдебиетін сүйетін оқушылар көбейе берсе екен деп тілеймін. Себебі тіл мен әдебиет қойнауында ұлтқа деген шексіз махаббат жатыр.