543
ЕҢСЕЛІ ЕЛДІККЕ ЕҢБЕК ЖЕТКІЗЕДІ
ЕҢСЕЛІ ЕЛДІККЕ ЕҢБЕК ЖЕТКІЗЕДІ
Осыдан үш жыл бұрын, 2015 жылы «Фолиант» баспасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабын жарыққа шығарған болатын. Бір өкініштісі, өте аз тиражбен. Кітапта журналист Сауытбек Абдрахмановқа өзінің өмірі жайында әңгімелей отырып, Елбасы заман, қоғам, адам туралы терең толғанған еді. Әсіресе, Елбасының еңбек туралы, ел егемендігі туралы айтқандары әрбір адамға терең ой салатыны талассыз.
***
Өмір болған соң оның асуы да, сайы да, әртүрлі бұрылыстары мен бұлтарыстары да болады, барлық жерде бірдей түп-түгел дұрыс шешім қабылдай беру де қиын. Бірақ өмірде ешқашан адастырмайтын, ешқашан қателестірмейтін, әрқашан абыройға бөлейтін бір жол бар. Ол жол – еңбек жолы. Еңбектің адам өміріндегі, қоғам өміріндегі алар орнын қалпына келтіру жолы. Біз осы жолмен жүретін боламыз. Мен өз басым өмір бойы еңбекті ту етіп ұстап келе жатқан адам ретінде халқымды да осы жолға шақырамын. Заманды өзгертетін де, қоғамды өзгертетін де, адамды өзгертетін де тек еңбек, еңбек және еңбек қана. Осыны ұмытпайық. Еңбек болғанда оның сипаты да қазір біршама өзгергенін, бұрынғы қара жұмыстың азабы әлдеқайда азайғанын да ескеруіміз керек. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында бүкіл Кеңес Одағында қол еңбегімен шамамен 50 миллион адам айналысқан екен.***
Сол міндеттің үдесінен шығуға ұмтылуымыз керек. Мұнайы мен газы жоқ ел сияқты өмір сүруге үйреніп, шикізат бағасының әлемдік конъюнктурасына тәуелсіз экономика құруымыз керек. Нағыз тәуелсіздік –экономикалық тәуелсіздік. Қазақстанның тәуелсіздігі – осындай тәуелсіздік. Ол тәуелсіздікті күн сайын, ай сайын, жыл сайын нығайтып отыруға тиіспіз. Мұның кепілі – жасампаздық жұмыс, еселі еңбек. Тағы да айтамын: біз үшін еңбек – шешуші ұлттық фактор. Қандай ұлт бола алатынымызды қалай жұмыс істейтініміз айқындайды. Еңселі елдікке еңбек жеткізеді.***
Міне, мәселе сонда. Біреулер қайта құру кезіндегі құлшыныспен, біреулер жариялылық кезіндегі желпініспен өздері бәрін о бастан білгендей сөйлей, жаза бастады ғой ана жылдары. Расында да, мен өзім әуелден-ақ жоспарлы экономиканың барлық жағын бірдей көре қалдым, бәрін бірден біле алдым демеймін. Жаңа мемлекет құру жұмысын, әсіресе, индустрияландыруды, соғыстан күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіруді жылдар бойы жоспарлы түрде жүргізгеннің арқасында елде талай іргелі шаруалар атқарылғандығын ешкім де теріске шығармайды. Бірақ ол экономиканың адамдардың мұң-мұқтажынан мүлде қол үзу қаупі бар екенін атымен көрмеу де мүмкін емес еді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы әлемдік конъюнктура Кеңес Одағына әбден қолайлы болды. 1973 жылғы араб-израиль соғысынан кейін мұнай экспорттайтын мұсылман елдерінің шешімі бойынша мұнайды өндіру де, оны сыртқа шығару да қатты шектелді. Сол-ақ екен әлемдік рынокта мұнайдың бағасы аспандап кетті. Бұрын барреліне 13 доллар төленетін мұнайдың 1 баррелі 34 долларға көтерілді. Ал Кеңес Одағы экспортының негізгі көзі мұнай болатын. Тек мұнайды шетке шығарудың өзінен ел жылына шамамен 16 миллиард доллар пайда табатын. Ол доллардың нақты сатып алу қабілеті тіпті басқаша, әрине. Сол кезде біздің дүкендерімізге импорттық тауарлар қаптап түсіп жататын. Мұнай долларларына халық тұтынатын бұйымдарды көптеп сатып алу мүмкіндігі әл-ауқатты жақсарту жөнінде елде әжептәуір жұмыс жасалып жатқандай әсер де қалдырғаны бар. Алайда сексенінші жылдардың ортасына қарай жағдай атымен өзгеріп сала берді. Сауд Арабиясы аз уақыттың аясында мұнай өндіруді үш еседен артық өсіруге қол жеткізіп еді, мұнайдың бір баррелінің бағасы 10 долларға құлдырап түсті де кетті. Мұның өзі Кеңес Одағын қаржылық тұрғыдан да, бюджеттік тұрғыдан да бірден сазға отырғызды. Мұнай қаражатын қылғытып жұтуға есептеліп қалған экономика күйреп түсті, өйткені ел басшылығы шаруашылық механизмдерін қайтадан құру үшін нақты ештеңе де жасамаған болатын. Бұл – барша елдер сабақ алатындай тарих тағылымдарының бірі. Менің біз мұнайы мен газы жоқ ел сияқты өмір сүруге үйренуіміз керек, әлемдік шикізат бағасына тәуелділіктен құтылуымыз керек деп қайта-қайта айта беретінім, біраздан бері үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қолға алып жатқанымыз содан. Жер астының байлығы ерте ме, кеш пе түбі бір таусылмай қоймайтынын ұдайы ұмытпауымыз керек. Әбден қиғаштанып кеткен экономиканың бір үлгісі бізде еді. Мынаны ғана айтайыншы: біздің кәсіпорындарымыздың 95 пайызы Орталықтан басқарылатын. 95 пайызы!.. Бұған түсініктеменің керегі жоқ шығар. Орталық Комитеттің хатшысы қызметіне сайлана салысымен айналысқан бірінші ірі шаруам – Екібастұз электр стансалары шоғырының құрылысы кезінде бүкіл елдегі көкейге қонымсыз жағдайға көзім анық жетті. Құны миллиондық стансалар салуға ақша табылады, ал құны мыңдық балабақшалар салуға табылмайды. Сол тұста Қазақстанда халық тұтынатын тауарлардың алпыс пайызы өзге республикалардан жеткізілетін. Қырық миллионнан астам қойы бар (бір кезде оның санын 50 миллионға жеткіземіз деп те жанталасқанбыз) Қазақстанда жұрт қай жерде де еттің кезегіне шұбап тұрып жататын. Өйткені бізде ет өңдеу кәсіпорындары ойластырылмаған. Содан кейін қой еті сол туша күйінде вагон-вагонымен сыртқа жіберіле беретін.***
...Кеңес экономикасын тұралатқан тағы бір жағдайды да айта кетейін. Ол – әскери-өнеркәсіптік кешеннің шығындары. Қазақтың «Аттыға еріп жаяудың таңы айырылды» деген сөзі осындайда еске түседі. Капиталистік жүйе, НАТО елдері «қырғи-қабақ соғыс» жағдайында қарулануды оңды-солды қарқындата берді, стратегиялық тепе-теңдікке қол жеткіземіз деп Кеңес Одағы да тапқан-баққанын қарулануға, әскерді жабдықтауға жұмсап жатты. Бар айырмашылығы жаңағы міндетті шешуге олардың бюджетінің шамалы бөлігінің өзі жетіп жататын, ал қарулану шығындары біздегі бюджеттің бел омыртқасын опырып түсіретін. Оның үстіне өте жоғары деңгейге көтерілген әскери технология жетістіктері азаматтық кәсіпорындарда атымен пайдаланылмады. Сөйтіп, көк жүзіндегі зымыраған ұшақтарды мүлтіксіз атып түсіретін техникасы бар ел (сонау алпысыншы жылдардың өзінде біздің ПВО америкалық Пауэрстің шпион ұшағын 10 мың метрлік биіктікте жайратып еді ғой) қарапайым ғана халық тұтынатын бұйымдарды сапалы етіп жасауды үйренбей-ақ қойды. Сонау ғарышта корабльдерді түйістіре алатын ел өзі жасаған мәшинелердің ішіне ауа реттейтін қондырғы – кондиционер орнатуды білмеген соң не айтуға болады? Әскери-өнеркәсіптік кешеннің не сұрағанының бәрі берілетін бюджеттен. Мұның өзі бейне бір экономика ішіндегі экономика сияқты еді. Сонша шығын жұмсалған әскери саланың шын шамасы Мәскеудің Қызыл алаңына бір әуесқой жігіт басқарған спорттық ұшақ тапа-тал түсте келіп қонғанда анық көрінген жоқ па? Әскери-әуе күштері ол ұшақты да, ұшқышты да аяған жоқ қой, атып түсіре алмады ғой. Ал енді осындай жағдайда жаңағы айтқан басқарушы аппараттың жөнсіз өсірілуі де экономикаға қосымша ауыр салмақ салды. 1985 жылға қарай КСРО-дағы үлкенді-кішілі бастық атаулының ұзын саны 18 миллион адамға жеткен екен. Сонда жұмыс істейтін алты-жеті адамға бір бастықтан келіп тұр ғой. Олардың жалақысына, аппаратты ұстауға жыл сайын бюджеттің 10 пайызы жұмсалатын. Компартияның қатары да ретсіз өсіп, партия мүшелерінің саны 19 миллионға барған еді. Партия мүшелерінің қатары қалыңдаған сайын партиялық аппараттың да үлкейе беретіні өзінен-өзі түсінікті. Мәскеудегі жолдастарымның бірі айтқан КОКП Орталық, комитетінің аппаратындағы жауапты қызметкерлердің санының өзі 1500-ге жетті деген сөз есімде қалыпты. Партияның өз ішінде де іріп-шіру басталғаны жанымызға қатты бататын. Брежневтің естеліктер брошюралары үшін әдебиет саласындағы Лениндік сыйлыққа ие болуы, сөйтіп, жазушылығы жағынан Шолохов, Леонов, Әуезов сияқты классиктердің қатарына апарылып қолдан қойылғаны соның бір көрінісі еді. Оның инсульт алғанын, содан кейін-ақ дұрыстап сөз сөйлеуден қалғанын бәріміз де білетінбіз. Кеңес экономикасының қиын кезеңге тіреле бастағанын сезіну үшін үлкен сұңғылалықтың керегі жоқ болатын. Кез келген дүкенге бас сұқсаңыз осыншалық табиғат байлығы, осынша жері, осындай елі бар мемлекетте мұндай жағдайдың орын алуы жөнсіз екендігі ойға келмей қоймайтын. Кейіннен тоқырау деген атқа ие болған келеңсіз кезең біздің босағамыздан сол тұста аттаған. Ел экономикасының қандайлық сырқаулы екендігін 1984 жылғы көктемде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалған кезде бұрынғыдан да айқын сезіне түстім. Кеңес Одағының шаруашылық жүйесі кейде кездейсоқ факторларға тәуелді болатын. Шын мәнінде ол елде сөздің толық мағынасындағы жоспарлы экономика орнықпады деудің де жөні бар. Негізінде, жұмысты жоспарлап жүргізу жаман да нәрсе емес қой. Еңбек ресурстары артық жиналып қалса-ақ сол қалаға 10-15 мың жұмыс орны бар алып кәсіпорындар салына беретін. Ол не шығарады, ол өнім сұранысқа ие бола ма, өте ме, өтпей ме деп бас қатырудың қажеті жоқ. Өйткені қай кәсіпорынның өнімдерін қай жер алатыны алдын ала белгіленіп қойылған. Алушының таңдау мүмкіндігі жоқ болғандықтан шығарушының сапаны жақсартуға ұмтылысы да жоқ. Өйткені дәл сол тауарды дәл сол жер дәл сол бағамен сатып алуға тиіс екенін жұрттың бәрі біледі. Үлкен-үлкен мәселелердің өзі көбіне-көп сол мәселені шеше алатын адамның алдына кіре алуыңа, оған тиісті адамға телефон соқтыра алуыңа ғана байланысты болатын.***
Адам қоғамнан тыс тұра алмайды дегендей, әрине, бүкіл елдегі жалпы жағдай Қазақстанға да тән екендігі түсінікті. Істің бар мәні қалайда, қайткенде де жоспар орындауға тіреліп тұрған соң шаруашылық басшылары жоғарыға рапорт беруді ғана көздеп, кей жылдары тіпті совхоздар мен колхоздардың қамбасындағы соңғы дәніне дейін мемлекетке өткізіп жіберетінін, дәл сондай құрама жемді кейіннен мал азығы үшін үш есе қымбат бағасына сатып алуға мәжбүр болатынын бұрын бір айтқанмын. Мен Үкімет басына келгенге дейін ешқашан ауыл шаруашылығының мәселелерімен тікелей айналыспаған едім. Совмин Төрағасы қызметіне кіріскен соң байыптап, бойлап қарасам аграрлық сала әбден былығып біткен екен. Көзбояушылық мұнда тіпті шектен шығыпты. Жеке малын отарға қосып қойып, шопанның айлығына, мемлекет дайындаған жем-шөппен өсіре беру деген әбден белең алып кеткен, тіпті жұрт назар аудармайтын жайға айналған. Ондай жеке малдың көптігі сондай (бір совхозда есепте жоқ тоғыз жүзге жуық мал басы анықталғаны есімде қалыпты), санақ кезінде жалпы есепке қоса салады да, әр жүз саулықтан алынатын төлдің санын арттырып шыға келеді. Бұл жағынан ондай мал шаруашылық басшыларына тиімді де болып шығады. Ал шын мәнінде мемлекет меншігіндегі мал талан-таражға түсіп, әбден азайып кеткен. Мысалы, мал санағы қайта жүргізілгенде бір ғана бұрынғы Семей облысында 330 мың бас малдың жетіспейтіні анықталғаны бар. Ақыры, бұл мәселені Бюроның алдына қойып, бүкіл республикадағы мал басын қайта санатуды ұсындым. Алғашқыда қолдау таппаған соң қайтадан жазбаша ұсыныс жасадым. Таңғаларлық жағдай – мәселенің мәнін анықтауға үзілді-кесілді тыйым салынды. Сөйтсем, республикадағы жағдай туралы Мәскеуге беріліп жатқан ресми ақпараттарды жоққа шығаруы мүмкін қадамдардың ешқайсысына да рұқсат етілмейді екен. Ақыры, біз бұл шаруаны Халықтық бақылау комитетінің көмегімен құпия түрде атқарып шықтық, көп, тіпті көп былықтың бетін аштық.***
Солай болатыны – Мәскеу шу шығады-ау, наразылық туады-ау деген республикаларға өзгеше өбектеп қарайтын. Момын, көнбіс қазақтар көтеріледі-ау деген ойды олар қаперіне де алмаған. Одақтық өндірістің құрылымы да тізгінге қол созуға тіпті мүмкіндік бермейтін. Республикадағы барша өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының 95 пайызы Мәскеуден басқарылатын. Біздің тікелей қарауымызға тек тамақ, жеңіл өнеркәсіп және халыққа тұрмыстық қызмет салалары ғана қалдырылатын. Өз жеріміздегі кей нысандарға да бара аламйтынбыз. Мысалы, Байқоңыр ғарыш айлағына қазақстандық журналистердің табаны тәуелсіздік жақындағанда, 1989 жылы ғана тұңғыш рет тиді. Ұлттық республикалардың өзіне ұлттық кадрларға тиісінше мүмкіндік берілген жоқ. Ол заманда биліктің қай сатысында да бірінші басшы қазақ болса, екінші басшы орыс немесе керісінше етіп қойылатын. Ең негізгі себеп қашанда экономикада жатады. Қазақ жастарын өндірісте жұмыс істеуге дайындамады. Іс жүзінде ұлтты қалыптастыратын жұмысшы табы екені ескерілмеді. Немесе нағыз ұлттың қалыптасуына мүдделілік болмады деген де орынды шығар. Тіпті зауыт жұмысшыларының ішінде біліктілігі жоғары мамандықтарға, табысы мол орындарға қазақ жастарын қоймады. Оны мен өз көзіммен талай көрдім. Осы арада сол кездегі жағдайдың әлі күнге түзелмей келе жатқанын да айта кетейін. Өндірістегі мәні шешуші мамандықтарды игерген қазақ жастары әлі де аз. Бір кездегі себеп, жаңа айтқанымдай, жергілікті ұлт өкілдерінің қабілетіне сенбеу, сол арқылы халықты кемсіту болса, қазіргі себеп басқаша. Қиындықтан қашқалақтап тұратын, үлкен істерден ығып жүретін, жауапкершіліктен жалтаратын жастарымыз жеткілікті. Осы заманғы ең қажет мамандықтарды өзіміз игермесек, ол шаруаны біз үшін кім атқарады? 1985 жылдың сәуір айынан басталған қайта құру үдерісі арқасында қазақтар да өзінің тарихы, ұлттық өрлеуі, туған тілінің тағдыры туралы айтып, халықтың жартысына жуығын баудай орып түсірген аштықтың ақиқатын ашуға ұмтыла алды. Әсіресе, тілдің жағдайы аса алаңдатарлық еді. Астанада – Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі болатын!.. Қазақ тілінің қоғамдық міндеттері әбден тарылып біткен-ді. Ол іс жүзінде қоғамдық өмірдің небәрі он шақты саласында ғана қолданылатын. Тіпті бұл тілдің шамасының өзі сондай екен, негізінен фольклордың, әдебиеттің, өнердің тілі екен, ғылым мен техниканың күрделі ұғымдарын толық жеткізе алмайды екен деген сияқты ұғымдар да кеңінен таратылып жүретін. Бір отбасында атасы мен немересінің екі тілде сөйлеуі әбден қалыпты жайға айналған еді. Тілдер туралы заң жобасы талас-тартысқа түскен тұста менің қазақ халқы ассимиляция ернеуіне тақау тұр деп ашына айтқаным сондықтан. Одақтық орталықтың тұтас бір халықтың мүддесін аяқасты ететіндігі, қазақтардың айдың-күннің аманында, өз жерінде азшылыққа айналғаны, жоқ, дұрысы – айналдырылғаны (1989 жылғы санақтың өзінде қазақтардың саны республика халқының 40 пайызына да жетпеген) ұлттық сананы әбден қорлап біткен еді. Қалаларда «қазақ қабаттары» деген ұғым болғаны өзіңнің де есіңде шығар? («Қазақ қабаттары» деп лифті жоқ үйлердің бірінші және бесінші қабаттарын айтатын, жергілікті ұлт өкілдеріне пәтерлер көбіне көп сол ыңғайсыз қабаттардан тиетін – С.А.). Сөйтіп, республикаға аты берілген халық шын мәнінде өз жерінде өгейге айналғандай еді. Мәдениеті мен тілінен, ұлттық бейнесінен айырылу қаупі төнгенде қандай халықтың да ашынатыны анық. 1979 жылы Қазақстанда неміс автономиясын құру туралы әңгіме көтерілгенде Целиноградта ардагерлер мен жастардың қарсылық шеруіне шығуы соның белгісі болатын. Бірақ, Мәскеу оған сәтсіз экспериментке қатысты кездейсоқ эпизод сияқты қарай салды. Ол оқиғадан Орталық сабақ алған жоқ.***
Желтоқсан ұлттық сана-сезімімізді дүр сілкінтті, халық ретіндегі қасиетімізді танытты дейміз. Осы оқиғадан кейін біз өзімізді өзіміз тереңірек танып, өз бағамызды біле түстік. Басқалар да біздің бағамызды біле түсті. Қазақ халқының ішкі бірлігін нығайтуға да желтоқсан көп септесті. Бөлінгенді бөрі жейтінін бәріміз көрдік. Еліміздегі ұлтаралақ жарасымның қандайлық баға жетпес байлық екенін байыптадық. Оның бәрі рас. Желтоқсан – ұлт тарихындағы ұлы оқиға. Қарлы қыстың қаһарлы күндерінде басқа түскен сол сынақ – өз билігіңнің өз қолыңда болмауының салдары. Тәуелсіздіктің қадіріне жетуіміз керек, бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады деп айтатыным содан.***
Бұрын қалай болушы еді? Біреу партиялық, кеңестік жұмысты жөндеп алып жүре алмаса, оны қайда жіберетін? Әрине, кәсіподақ жұмысына. Ол сол жерде зейнетке шыққанша тып-тыныш отыра беретін. Қарағандыда ереуіл комитетінің мүшелерімен сөйлесе жүріп, мен жұмысшылар арасынан шыққан жас десең жас, қайратты десең қайратты, сауатты десең сауатты талай адамды көріп қуандым. Ал біз болсақ, кадр іздей қалғанда шаруаны номенклатуралық анкеталарды сүзіп шығудан бастаймыз. Айтқандай, сол оқиға кезінде көзге түскен бірнеше азамат егемендіктің елең-алаң шағында ел алдына шығып, кеңінен танылды, кейіннен Парламентке депутат болып та сайланды, басшы қызметтерге де жоғарылатылды. Қарағандыдағы ереуіл біздегі бар мәселенің түпкі мәні адамның кәсіпорынның да, жердің де қожайыны еместігі, содан да оның қазынаның меншігіне қалай болса солай қарайтындығы екенін тағы да көрсетіп берді. КСРО-дағы еңбек өнімділігінің төмендігі, мысалы, америкалық жұмысшының бір күн ішінде біздегі жұмысшыдан үш есе өнім шығаратындығы адамдарымыздың осыншама жалқаулығынан, соншама біліксіздігінен емес. Бар бәле өміріміздің де, өніміміздің де түпкі нәтижемен байланысты еместігінде. Өндіріп істесең де алатының сол айлық, таңертеңнен кешке дейін жай сенделіп жүрсең де алатының сол айлық. Жақсы жұмыс істеудегі мақсат не сонда? Озат атану ма? Құрмет тақтасына жазылу ма? Грамота алу ма? Әрине, олардың да өзінің рөлі бар, әйтсе де тек моральдық көтермелеумен алысқа бара алмайтынымыз анық. Кешегі өткен кеңес заманының тарих сахнасынан кетудің басты себебінің бірі – жаппай иесіздік. «Қоғамдық меншік» дегеннің өзі шын мәнінде адамдық меншіксіздік, яғни кәдімгі иесіздік болатын. «Өзіңдікі өзіңе, оттай ыстық көзіңе» деген сөз бар ғой. Қожайын керек. Неге болса да. Мүлікке де. Үйге де. Жұмыс орнына да. Сонда ғана адамның жеке басының мүдделілігі басталады. Қожайын елге де керек. Жерге, суға, орманға, жер асты байлықтарына – бәріне иелік етпесе болмайды. Сондықтан да мен КСРО Президенті лауазымын тағайындау мәселесін қараған халық депутаттарының ІІІ съезінде республика Жоғарғы Кеңесі жерді, оның қазыналарын, суды, орманды, басқа да табиғат ресурстарын республика меншігі деп жариялау құқын өзінде қалдырады дегенді ашық айттым.***
Бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша біздің республикамыздың жағдайы елдің басқа өңірлерімен салыстырғанда тәуірлеу болды. Бұған біз бәрінен бұрын қалыпты ахуалды сақтаудың, жұмысты дұрыс ұйымдастыра алудың арқасында қол жеткіздік. Әйтсе де, дағдарысты жағдайдан толық, шыға алған жоқпыз. Оның басты себебі – ондаған жылдар бойы республика өнеркәсібінің құрылымы әбден бытысып біткен еді. Соның салдарынан Қазақстан елдің тек шикізат өндіретін өңіріне айналған еді. Біздің шикізаттың қызығын басқалар көретін. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін орталықтағы баспасөзде Қазақстан жасалған жақсылықты білмеді, басқалардың есебінен масыл күйінде тұрып жатқанын ұмытты деген сияқты әңгімеге дейін айтқан мақалалар да шыққан. Сырттай қарасаңыз, солай да сияқты. Қазақстанда өндірілген ұлттық табыс пен Қазақстанның оны дамытуға пайдаланатын ұлттық табыстың айырмасы 5 миллиард сомды құрайтын. Сөйтіп республикаға жыл сайын одақтық бюджеттен екі-екі жарым миллион сомдай қаржы дотация түрінде берілетін. Содан баратын да жерінің асты да, үсті де байлыққа толы Қазақстан дотациялық республика деген аттан құтыла алмай жүретін. Ал мәселенің мәнісіне тереңдеу қарасаңыз, басқаша қорытынды жасайсыз. Республика өз аумағында орналасқан өнеркәсіптің небәрі 7 пайызына ғана иелік ете алатын. Бюджеттегі жаңағы үйлесімсіздіктің сыры бәрінен бұрын Қазақстанның өнімдеріне жөнсіз төмен баға қойылғандықтан өзге республикалармен сайма-сай айырбас жасай алмайтынында еді. Есімде қалғаны бір-екі жайды келтірейін. Ақтөбе облысындағы тау-кен комбинаты бүкіл елдегі хром рудасының 95 пайызын өндіретін. Комбинат оның тоннасын 27 сомнан өткізетін. Ал сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі әлгі руданың тоннасын шетке 100 валюталық сомға сататын. Былайша қарағанда үш есе ғана артық сатқан сияқты ма? Олай емес. Сомның сатып алу қабілетін қоса есептесеңіз руданың бағасы о бастағыдан кемінде 23 есе артық болып шығады. Балқаш мысы 16 есе қымбатқа сатылатын. Жаңағы министрлік валюта түсімінен кәсіпорынға да, өңірге де тас татырмайды. Еңбек ұжымдары одақтық министрліктерден өз тапқандарының аз ғана табысының өзін қол жайғандай күйде сұрап жүргендері. Бұған қалай төзе аларсың?! Сол кезде балабақша салудың өзіне Мәскеудің рұқсаты керек еді дегенге бүгінгі адамдар сенбейтін де шығар. Осының бәрі әуел баста сондай бір зымияндықпен, алыстан ойластырылған. Мысалы, Қазақстанның батысында сол кездің өзінде мұнай мен газ конденсатының бай қоры болды. Бірақ оларды өз жеріңде өңдеп, бензинге немесе кәдімгі тұтынатын газға айналдыра алмайсың. Ондай кәсіпорындардың бәрі Ресейдің Қазақстанмен шектес облыстарына салынып қойған... Мұндай жағдай біз егемендікке қол жеткізгеннен кейін де талайға дейін созылып келді.***
Астана осы заманғы үлгі-қалыптарға сай келетін қала ретінде салынды. Сонан да Еуразиядағы халықаралық ықпалдастықтың ірі орталықтарының біріне айнала алды. Елорданың даму қарқыны қай жағынан қарағанда да көз қуантып, көңіл тоғайтады. Астана ауысқалы бері мұндағы жалпы өнім 90 есе өскен. Инвестициялар көлемі 32 есе артқан. Осы 15 жылда қалада 11,5 миллион шаршы метр үй салынды. Бұл қаншама мыңдаған отбасы жаңа пәтерлі болды деген сөз. Пәтер болғанда қандай! Астанаға Алматыдан көшіп келгендердің бәрі де ол жақта мұндай пәтерлерге ешқашан қолы жетпегендерін айтады. Астананың қызығын ең алдымен өзіміздің халқымыз көріп жатыр. Елдің қиыр-қиырынан құйылған көш елорданы жылдан-жылға қазақыландырып барады. Азаматтарымыздың патриоттық рухын көтеруде де елорданың орны бөлек. Астана бүкіл елдің дамуына локомотив болып отыр. Облыс орталықтары елордаға қарап бой түзеп жатыр. Астана арқылы ел түлеп сала берді. Бұл қала адам ресурстарын дамытуға қатты ықпал жасады. Талайлар осы қалаға келіп, қызықты жұмыс тапты, білім алды, жаңа мамандықтар игерді, өзінің шаруасын дөңгелентіп алып кетті. Астана қазақты ширатты. Астана бүкіл халқымызды түлетті. Елді сілкіндірді. Астананың өзі, онда тұрғызылған әр ғимарат ел байлығы болып табылады. Арқа төсінен жаңа елорда салуымыз бізге түбірлі міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Астана арқылы біздің халқымыздың ғасырларға созылған көші межелі жерге жетті. Сарыарқаның саумал самалды даласына қазық қағу қазақтың кем қойғанда соңғы бір жарым ғасырға созылған отырықшылдану үдерісін біржолата түйіндеді. Астана арқылы қазақ өзінің жеріне толық ие бола алды. Ел иесі кім екенін, жер киесі қайда екенін бүкіл әлемге көрсеттік. Ең бастысы, мен осы жобаны салған беттен қолдағаны, бұл жылдардың ішінде ауызбіршілігімен, ұлттық тұтастығымен, мемлекет үшін жауаптылығымен маған күш-жігер қосып отырғаны үшін халыққа қатты разылығымды білдіремін. Мені тек қолдап қана қоймай, жанымнан табылып, шын ниетімен араласып, Астананы бірге салысқан барша азамат-әріптестеріме мың да бір ризамын. Бәрінің атын атап өту оңай емес. Бірақ кейінірек оның да реті келер. Бұл мәселенің ел тағдырындағы қандай қиын кезеңде көтерілгенін ойлағанда разылық сезімім тіпті еселене түседі. Халқымыз «Күнімізді зорға көріп жүргенде қайдағы жаңа астананы шығарып отыр? Басқа айналысатын шаруасы қалмаған ба?» деген жоқ. Маған сенді. Екі тізгін, бір шылбырды беріп, еркін қимылдатты. «Жігітке елдік те оңай, ерлікте оңай, Әгәрки қабырғалы болса халқы» деген сөзді өзіңмен бұрынғы бір әңгімеде айтқан сияқтымын. Айтсам да тағы қайталаймын. Мен не істесем де қабырғалы халқыма арқа сүйеп істедім. Халқымыз бұл бастаманың елдің болашақтағы тағдыры үшін қандайлық мәні барын бірден ұқты. Жасы да, жасамысы да ұлы көшке көлікті болсын айтты, тілек қосып қана қойған жоқ, жан-тәнімен қолдады. Ұлы көшке қосылды. Арқаның желіне қағылып, күніне тотығып, жаңбырына малшынып, аязына тоңып жүріп, елдік ғимаратының қадасын қағысты, балшығын илесті, кірпішін құйысты, қабырғасын өрісті, шатырын жабысты. Осының арқасында біз бүгінде алыс та, жақын да бірдей білетін, Батыста, Шығыста қатар сүйінетін, Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астана атты ғажап қалаға ие болып, шын мәніндегі өркениетті әлемнің ортасынан ойып орын алып отырмыз. Мына дүниедегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз деген өршіл мақсатты алға қойып отырмыз. Ол күнге де межелеген уақытта жетерімізге сенемін. Аз жылдың аясында Астанадай ғажайып қала сала алған, сөйтіп, елдіктің ерлігін танытқан қазақстандықтардың қолынан бәрі де келеді. Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін сақтай білсек әлі алдымыздағы талай биіктерге көтеріле аламыз. Мен осы істі бастадым, елім сеніп, соңымнан ерді. Мемлекет құруда да, Астана салуда да солай болды. Осыдан артық бақыт бар ма?Дайындаған Ж.Баққондыұлы