26 қараша күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев натрий цианидін өндіретін зауыттың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл жоба Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер аясында жүзеге асырылып отыр.
Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің орталығы саналатынын атап өтті. Бүгінде Қазақстан бойынша фосфор, аммофос және натрий цианидінің 100 пайызы өңірдің химиялық кәсіпорындарында өндіріледі.
– Ел Президенті мемлекетіміздің болашағы мен әлемдік аренадағы орны ең алдымен инвестицияға байланысты екенін үнемі атап өтеді.
Жаңа өндірістерді іске қосу, инновациялық технологияларды енгізу және ғылыми негізделген өнім шығару – Жамбыл облысының алдағы жылдардағы басым бағыты болып қала береді. Натрий цианидін өндіру жобасы өңірдің экономикалық қуатын арттырып, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтеді. Маңызды бастаманы табысты іске асыратынымызға сенімдімін, – деді аймақ басшысы.
Жаңа кәсіпорын Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында бой көтермек. Ірі инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жобаның жалпы құны – 68 млрд теңге, жылдық қуаттылығы – 25 мың тонна.
Зауыттың іске қосылуы алтын өндіру өнеркәсібінің стратегиялық қауіпсіздігін арттырып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге және импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
Өнімдер Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттеріне экспортталады.
Өндіріс 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 250 тұрақты жұмыс орны ашылады, оның 96 пайызы – Қазақстан Республикасының азаматтары. Жұмысқа тәжірибелі жергілікті мамандарды, сондай-ақ техникалық университеттердің түлектерін тартуды жоспарлап отырмыз.
Бұл – заманауи химиялық өндіріс болғандықтан қызметкерлерді үнемі оқыту мен олардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән береміз, – деді «Altynalmas Reagents» ЖШС бас директоры Уәлихан Атагелдиев.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында өңір экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3 пайызға артқан. Нәтижесінде Жамбыл облысы инвестициялық ахуал бойынша республикада үздік үштіктің қатарына енді.
Жыл басынан бері 21 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жалпы облыстың инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін іске асырылуы жоспарланған, 6,4 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 62 жоба бар. Олардың жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайды. Аталған жобалардың ішінде 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда.