Салауатты ұлт – мемлекеттің табысты болашағы

Салауатты ұлт – мемлекеттің табысты болашағы

Салауатты ұлт – мемлекеттің  табысты болашағы
ашық дереккөзі
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы барша ел азаматтары үшін маңызды құжат. Нақты жоспар, мықты стратегиялық дамуға сүйенген Жолдау – Қазақстан дамуының жаңа көкжиектерін  белгілеуімен құнды.  Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері саяси-экономикалық, сауда-саттық, мәдени-гуманитарлық салаларында көптеген жетістікке қол жеткізді. Әлемдік аренада өзін жан-жақты, сенімді және жауапты ел ретінде танытып үлгерді. Экономикалық жағдайын жақсартып, ауылшаруашылық, туризм, денсаулық сақтау, индустрияландыру сынды маңызды салалар бойынша қыруар жұмыстар атқарып, дамудың жаңа кезеңіне жеткізді. Елбасының көшбасшылығымен талантты да білімді жас ұрпақ Қазақстанмен бірге жарқын болашаққа ұмтылып келеді. Елбасы өз Жолдауында Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін денсаулық сақтау саласынан бастап, ауыл шаруашылығына дейін, технологиялық дамудан бастап, білім беру саласын ілгерілетуге дейін әр саланы қамтып, жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, халқымыздың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасының жақсаруына, әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген бұл Жолдауда денсаулық саласы да жан-жақты қамтылды. Әсіресе, дәрігерлердің жалақысын арттыру ақ халатты жандарды ерекше қуантты. Ұлт ертеңі – дені сау ұрпақтың қолында десек, бұл баға жетпес ауыр міндетті атқарып отырған дәрігерлерге құрметтің белгісі деп білеміз. Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы, ең маңызды бағыттардың бірі. Елбасы Жолдауда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуі тиіс деп айтты. Педиатрия орталығы бұл тараптағы жұмыстарды лезде қолға алып, маусым айынан бастап кетті. Орталық қағазсыз форматқа жаңа 2019 жылдың басынан бастап толықтай көшеді. Қазіргі таңда клиника толығымен компьютерлермен қамтамасыз етіліп, дәрігерлер арнайы оқыту дәрісінен өтті. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру Елбасы Жолдауы аясында іске асуда. Бұл денсаулық сақтау саласына енгізілгелі отырған жаңа жүйе медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін ұлғайтып, халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыруға ықпал етері сөзсіз. Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін құру, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері медицина саласына оң серпін беріп қана қоймай, халықтың денсаулығын нығайтуда және өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Бүгінде елімізде медицина саласы қарқынды дамуда, жаңа реформалар өз жемісін беруде. Мамандарымызды шетелдерде оқыту жұмыстары жүргізілуде. Дамыған елдермен тәжірибе алмасу ісі де жүйелі жолға қойылды. Сондай-ақ, көліктегі медицина, қашықтықтан кеңес беру медицинасы және телемедицина саласы қарқынды дамуда. Елбасы басымдық беріп отырған тағы бір сала – онкология.  Жолдауда «Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек» делінген Президент денсаулық саласында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет екенін айтты. Елімізде жаңа, заманауи озық медициналық технологиялармен жабдықталған, Елбасы атап өткендей, соның ішінде лазерлік, сәулелік, жасушалы-иммунды терапия және өзге де заманауи әдістер қолданылатын клиника болуы керек. Өйткені өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде онкологиялық аурулар жүрек ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Жаңа орталық ашылса, тағы да қаншама мың адамның өмірін арашалап, сақтап қалар еді. Педиатрия орталығы онкологиялық ауруларды емдейтін орталықтың бірі болғандықтан, бұл мәселе біз үшін де маңызды. Орталықта ҚР балалар онкологиясы мен гематологиялық қызметті жетілдіру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда.  Науқас балаларға сапалы медициналық көмек көрсету қызмет түрін жетілдіріп, инновациялық тәсілдер енгізіп келеміз. Тұрғындарға обыр дертіне скринингтік тексеруден өтудің маңыздылығын түсіндіріп, қатерлі ауруды жеңуге болатын ерте кезеңде анықтауға күш салудамыз.

Риза Боранбаева,

Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығының басшысы