Сан көбейсе, сапа бұзылады

Еліміздегі білім саласын қадағалау күшеймек. Осыған орай  Білім және ғылым министрлігі түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 50 пайыздан төмен 20 ЖОО-ның лицензиясын қайтарып алды. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті. Жалпы, осыған дейін Қазақстанда 127 жоғары оқу орны тіркелген. Оның 47-сі мемлекеттік, 75-і жекеменшік және 5-і шетелдік. Ал студенттер саны 2017-2018 оқу жылында 496,2 мың болды.

Студенттердің 76,2 пайызы күндізгі бөлімде, 17 пайызы қашықтықтан және 6,8 пайызы кешкі уақытта оқиды. Мемлекеттік білім беру гранттары есебінен 143,4 мың студент (28,9 пайыз), ал 352, 7 мың студент (71,1 пайыз) ақылы негізде білім алады.

Білім – адамзат мәдениетін қалыптастыратын өте күрделі ұғым. Онсыз даму, жетілу және өсіп-өркендеу болмайды. Өнер-білімі жоқ адам тағы, жабайы күйге айналады. Абай айтпақшы: «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?». Жалпы, адамда ақыл-ес болған соң, ол үнемі танып-білуге ұмтылады. Кешегі қиял шындыққа айналған бүгінгі дамыған заманға да осы ұмтылыстың арқасында жеттік. Десек те, қиял зат, құбылыс күйінде шындыққа айналса да, рухани шындық көбіне өтірікке айналып келеді. Осыдан «алтын несімен алтын?» деген сұрақ туады. Аздығымен. Тас сияқты көрінген жерде жатса, оның қадірі болмас еді. Сол сияқты шындық пен сапа да аздықты сүйеді. «Саны бар сапасы жоқ» деген тіркес те осыны меңзейді. Яғни, сан көбейсе, сапа бұзылады. Ал жаңа кезеңде ғылымның күрт дамуына байланысты заттың сапасынан гөрі, сандық жағына мейлінше көңіл бөлініп кетті. Білім сапасы төмен, түлегі жұмысқа орналаса алмай сенделіп жүретін ЖОО-лар да көбейіп кетті соңғы кезде. Мемлекет жыл сайын грант санын арттырғанымен, университетті тәмамдап шыққан түлектердің жұмыс таба алмай қиналатыны шындық. «Бес әлеуметтік бастама» шеңберінде Елбасының тапсырмасы бойынша қосымша 20 мың грант бөлінді. Бұл гранттар бойынша студенттер оқуын бастап кетті. Енді осындай мемлекеттен қамқорлық болып жатқаннан кейін, әрине, біздің оқу орындарының жауапкершілігі де арттырылуы керек. Осы мәселеде біріншіден кәсіптену, екіншіден ЖОО-ларды үлкейту, үшіншіден ЖОО-лар тиісті жұмысын орындай алмаса лицензияларын қайтарып аламыз», – деген еді Асхат Аймағамбетов. Көп жылдар бойы ЖОО-ларды ашуға көңіл бөлініп келді де, оның сапалы білім беру-бермеуін ешкім тексермеген еді. Тек, студенттер я оқытушылар шу көтергенде ғана тексерілетін оқу орындары. Осыған қарап, салаға жауапты басшыларды тек халықтың шуы ғана орнынан тұрғыза ма деген ой келеді кейде. Айтып өткендей, бізде студенттердің көпшілігі ақылы негізде білім алады. Көбісінің көп жылдан бері білім беріп келе жатқан университеттерге түскісі келеді. Бірақ ондай оқу орындарының атағына орай оқу ақысы да қымбат. «Атына заты сай» деп айтуға келмейді бірақ. Яғни, мықты университетке түсіп, жылына миллион теңге беріп оқысаңыз да ешбір университет жұмысқа орналастыруға 100 пайыз кепілдік бере алмайды.

Осы уақытқа дейін атағы жер жарған жоғары оқу орындары министрлік бекіткен талапты құжат жүзінде ғана орындаумен болды. Ол дегеніміз, бітіруші түлектерден жұмыс істеп жатқаны туралы анықтама қағазын алдырып, мемлекет алдында есеп беруде әлгі қағазды үлкен дәйек ретінде көрсету. Әрине, университетті аяқтай салып, түлектердің барлығы бірдей жұмыс таба алмайды. Бірақ университетті студенттің шынымен жұмыс істеп немесе істемей жатқандығы қызықтырмайды. Студентке «тапсаң да, таппасаң да анықтаманы алып келесің» деген қатаң талап қояды. Әйтпегенде, диплом алу кезінде қиындықтар туындауы бек мүмкін. Жұмысы жоқ білімгерлер әр танысына бір қоңырау шалып, «өтірік анықтама» беруін жалынып сұрайды. Оны алған соң университетке өткізеді. Университет оны оқу жылының қорытынды есебіне тігеді де, министрлік алдынан «өте жақсы» деген көрсеткішпен келесі оқу жылына өтеді. Бастысы, рейтингі сақталады. Білім беруші мекеме осындай қитұрқы әрекетке барғанда, басқасынан не сұрайсыз?! «Елдің болашағын білгің келсе, мектебіне кіріп көр». Демек, осы әрекеттері арқылы жоғары оқу орындары мемлекетке кері жұмыс істеуде. Білім беруші кез келген мекеменің алтын діңгегі – ұстаз. Ұстаздың балаға, ұлтқа әрдайым жаны ашуы басты міндет. Ендеше ұстаздар қауымының алтын ордасы – университеттердің неліктен жастарға жаны ашымайды?

Жапатармағайлық – істің соңын ойламау, болжамау, қазіргі сәтпен өмір сүру. Қазақстанның жоғары оқу орындарын сипаттайтын теңеу осы болар, сірә?! Түлеп ұшқан түлегін жұмыспен қамтамасыз ете алмау – сапаға емес, санға жұмыс істеудің көрсеткіші. Президент Н.Назарбаев білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде кеңесінде: «Жоғары білім саласында университеттерге академиялық еркіндік пен дербестік берілген, тиісінше жауапкершілік те артты. Енді, жоғары оқу орындары алдына өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде мәселе қою керек. Егер түлектері жұмыс таппаса, онда оқу орны өзінің міндетін атқармай отыр деген сөз», – деді. Бұдан былай осындай оқу орындарының лицензиясы бірден қайтарылып алынатын болды. «Қазіргі таңда біз 50 пайыздық норманы бекіттік. Егер ЖОО түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткіші 50 пайыздан аз болса, онда бұл, біріншіден, мамандықтардың нарыққа қажетсіз екенін, екіншіден, білім сапасының төмендігін білдіреді, яғни нарық оларды жұмысқа алғысы келмейді. Екі жағдайда да біз лицензияны қайтарып алатын боламыз. Бүгінге дейін министрлік 20 лицензияны қайтарып алды. Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде бұл жұмысты жалғастыратын боламыз», – деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарындағы оқытушылар да бір бөлек мәселе. Жалпы, Қазақстан ЖОО-ларының оқытушылық-профессорлық құрамы – 38,2 мың мұғалім. Оның ішінде 8,5 пайызы ғылым докторы, 34,7 пайызы ғылым кандидаты, 6,1 пайызында профессор атағы және 15,7 пайызында доцент атағы бар. Десе де, тәуелсіз тексеріс нәтижесінде 2017 жылы профессор атағын алған 34 адамның тек 5-і ғана атағына лайық тұлғалар деп танылды.

Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 31 наурыздағы бұйрығына сәйкес Академиялық атақтарды тағайындаудың жаңа ережелері енгізілді. Мысалы, «Профессор» атағын алу үшін сала бойынша жазылған 28 ғылыми мақала, оның ішіндегі 20 мақала Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған басылымдарда жарыққа шығуы тиіс. Сондай-ақ, үміткер халықаралық рецензияланған журналдарда 3 ғылыми мақаланың авторы болып табылуы қажет. Ал бізде көп жағдайда, профессор атағына үміткерлер өз мақалаларын жалған журналдарда жариялайды. Профессор ғылыми атағы – ғалымның мансабындағы ең жоғары деңгей. Бұл – Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін беделді және танымал көрсеткіш. Профессор атағы жоғары лауазымдарға, сондай-ақ, әріптестер арасында лайықты құрметке ие болуға, жалақының өсуіне және басқа да артықшылықтарға қол жеткізеді. Осы себептен көбі атаққа ұмтылады. Бірақ мақаланы әлем мойындап отырған ғылыми журналдарға емес, жалған журналдарға жариялау алаяқтықтың бір қырын танытпай ма? Білім жолында әрқашан шындық болуы керек. Мейлі, білім беруде болсын, мейлі білім жинау жолында болсын. Себебі ақиқатсыз ғылым тұл.

Кемеңгер Абай жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.

…Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны…

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз…

Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз», – дейді. Расында, көп дүниенің тек сыртын көріп, ішіне үңілмей келеміз. Оның іші толы ма, бос па, онымен де шаруамыз жоқ. Бірақ білім саласы бұл кемшілікті кешірмейді. Бос кеңістік болашақта ауа толған шар секілді жарылып кетпесіне кім кепіл?

ЖОО-ларға қатаң тәртіппен қарау – дұрыс бастама. Себебі жастар арасындағы жұмыссыздық елдегі басты түйткілдердің біріне айналып барады. ЖОО-лар заманға икемделе жұмыс берушімен келісім-шарттарға отыруы керек. Осы байланысты нық қалыптастырғанда ғана нарық пен қажетті мамандық арасында өміршең механизм қалыптасады. Университет еш зерттеусіз-ақ, нарыққа қажетті мамандықтарды білетін болады. Мүмкін, соның арқасында ғана оқу ошағындағы қажетсіз мамандықтарды қажетті заманауи мамандықтармен алмастырып, жаңаша білім беру жолдары ашылар.

Білім саласында өтірікке жол бермеу – күрмеуі қиын екінші мәселе. Бұл тұста әрқайсысымыз басымдықты тәнге емес, жанға бергеніміз абзал. Адам әрқашан ізденіс үстінде болуы керек. Қоғам сонда ғана дамиды. Көптің ішінде азы шынайы білім-ғылым жолына түсуі мүмкін. Бірақ жолда кездескен әділетсіздіктер оның көңілін біржолата тойтарып тастауы мүмкін. Осының кесірінен қанша дарынды, талантты қазақ балалары қолдарын бір сілтеп, кері қайтып кетті екен? Қаншамасы шабыты мен ынтасынан біржолата қол үзді? Жалпы, адамның талабын тоқыратпау үшін кез келген жағдайда адалдық керек. Оқытушы мен студент, университет пен мемлекет бір-бірін алдауды тоқтатуы қажет. Шәкәрім айтпақшы: «Адамдық борышың – Халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай Ар сақта, оны бiл». Мемлекет бастаған істі сөзбен қолдау – бір күндік құбылыс. Ал оны іспен көрсету – тамыры ащы болғанымен, жемісі тәтті жеңіс. «Мың күн сынбас бір күні сынар шөлмек» (Абай) деп, елдің болашағын айқындайтын білім саласындағы «көп өтіріктің» жойылуы осыдан басталса, кәнеки?!.

Back to top button