559
Қашсаң да құтылмайсың, көке!
Қашсаң да құтылмайсың, көке!
Солтүстік Қазақстан полицейлері борышкерлерді іздеу бойынша үш күндік акция жүргізді. Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, акция басында көші-қон полиция басқармасының өндірісінде 133 іздестіру ісі болған. Үш күн ішінде нәтижелі жұмыстар атқарылған. Кішкентай қызына төлемеген алименті 1,5 миллион теңгеге жеткен Петропавл қаласының тұрғыны қайда жүргені анықталды. Ал өзі бұдан мүлдем бейхабар екенін айтып, ақталған. «ҚР заңнамасына сәйкес, іздеу салынған борышкер немесе алимент төлемей жүрген адам екінші рет жасырынса, қылмыстық жауапқа тартылады. Ол үш жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», ‒ дейді басқарма бастығы Талғат Әбілов. Полицейлер борышкерлерді іздеудің машақаты көп екенін айтады. Борышын төлеуден жалтарғандар жиі пәтер алмастырып, кейбірі тіпті елден шығып кететін көрінеді. Тәртіп сақшылары үш күн ішінде 27 адамның мекенжайын анықтаған. Соның 15-і қарызды болса, 8-і алимент төлемеген. Ал қалған төртеуін туыстары іздеп тауыпты.