268
«BASS» БІЗГЕ КЕЛГЕНДЕ...
«BASS» БІЗГЕ КЕЛГЕНДЕ...
Американлық «Baumgartner Agriculture Science and Service» (BASS) компаниясы және қазақстандық «Kusto Group» Қазақстанда алдыңғы технологияларды қолдана отырып жем-шөптік дақылдардың тұқымын өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құрады. Бірлескен кәсіпорынның мақсаты ‒ Қазақстан фермерлерін сапалы, мемлекеттің ауа-райына бейімделген тұқымдармен қамтамасыз ету. Ал болашақта ТМД елдерінің нарығына шығуды көздейді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев: «Осындай алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды құру – Мемлекет басшысы қойған ауыл шаруашылық еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге арттыру бойынша мақсаттарға қол жеткізуде үлкен қадам», ‒ деді. Жоғары сапалы тұқымдарды өндіру дақылдардың өнімділігіне тікелей әсер етеді және мемлекеттің жем-шөп өндірісінің өсуіне негіз болады. Сонымен қатар, қазақстандық фермерлердің сапалы тұқымдарды пайдалануына жол ашады, фермерлердің өзіндік құн шығындарын едәуір азайтып, өсімдік шаруашылығы тиімділігін арттырады.
Қазақстан Республикасының агро-өнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Ішкі сауданы дамыту үшін өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру мен пайдаланудың қолданыстағы тетіктерінің тиімділігін арттыру, оларды реттеу жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органдарға беру, нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарының жолын кесу бойынша шаралар қабылданатын болады», ‒ делінсе, бұл ретте инвестицияның алар орны орасан зор. 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамуының мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасында тұқым шаруашылығының дамуы бойынша стратегиялық жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап айту қажет. Тұқым шаруашылығын субсидиялау тәртібі қарастырылды. Егер бұрын фермер сапалы тұқымды сатып алуға қаражат іздеумен сабылса және соңынан көбіне амалсыз тауарлық дәнді пайдалануға мәжбүр болса, келесі жылдан бастап фермерлер көктемде норма бойынша негізгі дақылдардың тұқымдарын тегін ала алады. Ал оның орнына күзде егін жиналғаннан кейін тұқым шаруашылығы дамуының арнайы қорына алынған тұқым құнының 30 пайызын аударуы қажет. Бұл фермерге алқапқа сапалы тұқымдар егуге, ал репродукциялау жолымен үш жылдан кейін тек жоғары репродукциялы тұқымдар егуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде тұқым шаруашылығы дамуы қорында шоғырландырылған қаражат тұқым өсіру шаруашылықтарына өндірілетін тұқымдардың сапасын арттыру үшін қажетті құрал-жабдықтарды және техниканы сатып алу бойынша қаржыландыруға бағытталмақ. Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев тұқым шаруашылығы саласындағы осындай мамандандырылған компанияның пайда болуы өсімдік шаруашылығының дамуы үшін өте маңызды қадам болып табылатынын атап өтті. Озық технологиялар мен осы саладағы америкалық серіктестердің құзыреттілігі үрдістерді тұқым өндіруге ғана емес, сонымен қатар селекциялық жұмыстарға да пайдалануға мүмкіндік береді. Америкалық инвесторлар өкілдері Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының дамуының оң қарқынын, сонымен қатар G2B форматындағы АӨК-тің барлық саласын қолдау үшін мемлекет қабылдайтын шараларды атап өтті.