850
Қазақ-Өзбек ынтымақтастық форумы
Қазақ-Өзбек ынтымақтастық форумы
Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында экономикалық байланыстар жыл сайын күшейіп келеді. Соның бір мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарының көрсеткіші. Сауда-экономикалық байланыстарды барынша дамытуға мүдделі бұл екі мемлекет арасында соңғы бір жарым жыл ішінде тауар айналымы 30 пайызға артып, 2 миллиард долларға жеткен. Алдағы бір жарым жыл ішінде бұл межені 5 миллиард долларға көтеру көзделіп отыр.
Шымкентте өткен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық мәселесін көздеген алғашқы форумға еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан және Өзбекстан тарапынан 500-ден астам делегат қатысып, сауда-экономикалық қатынасқа қатысты мәселелерді талқылап, бірталай келісімдер жасалды.
Форум аясында Шымкенттегі «Көрме» орталығында Қазақстан мен Өзбекстан тауарларының көрмесі ұйымдастырылып, онда түрлі жеміс-жидек, бақша өнімдері қойылды.
Одан әрі өңіраралық ынтымақтастық Форумының пленарлық отырысы болып, өңіраралық және трансшекаралық инвестициялар көлемін ұлғайту, өзара саудадағы кедергілерді жою, құқықтық базаны жетілдіру, туризм жайындағы тақырыптар талқыланып, түрлі мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынаста айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Соның дәлеліндей, Қазақ-Өзбек ынтымақтастық форумы барысында туысқан екі ел арасындағы бауырластық байланысты күшейте түсу мақсатында 13 құжатқа қол қойылды.
Екі мемлекет Ұлы Жібек жолын жандандыруды көздеп, оған қатысты жобалар жасауда. Қазақстан мен Өзбекстан тұрғындарының еркін қарым-қатынасын қамтамасыз ету мақсатында жақын жылдарда визаларды өзара тану режимі туралы келісімге келу жайы да қарастырылып жатыр. Оған қатысты мәселе шешімін тапса, онда Қазақстанға келген туристер Өзбекстанға да еркін өтетін болады. Сондықтан алдағы кезде бұл бағытта трансшекаралық турлар жүзеге аспақшы. Бұл жайында форумнан соң БАҚ өкілдеріне Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин кең түрде түсінік берді.
Ал Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, соңғы жылдарда екіжақты байланыс тереңдей түсіп, екі елдің экономикасына оң ықпал етуде екен. Осы жылда екі ел арасындағы сауда-экономикалық айналым көлемі 396 миллион долларға жетті. Индустриялық инновациялық даму бағдарламасы арқылы түркістандық кәсіпкерлер өзбекстандық 64 компаниямен тығыз әріптестік орнатқан.