ҰСТАЗДЫҢ ЖҮРЕГІ – АДАМДЫҚ ТІРЕГІ

ҰСТАЗДЫҢ ЖҮРЕГІ – АДАМДЫҚ ТІРЕГІ

ҰСТАЗДЫҢ ЖҮРЕГІ – АДАМДЫҚ ТІРЕГІ
ашық дереккөзі
Жалпы ұстаздар қауымына деген халықтың бағасы белгілі, алайда олардың қоғамдағы орнына лайықты құрмет көрсетуді ұмытып кете беретініміз бар... Соңғы кезде адамдығымызға сын болатын осы бір жағдайдың белең алып кетуі қоғамдық сананың рухани-моральдық тұрғыдан қатыгезденіп кетуіне әкелгендей. «Жақсы адамдар болмаса – әлем осылай аман тұрмас еді» дейді данышпандар. Әрине, жауыздықтың күші қуатты, бірақ жақсылық одан әрдайым басым келеді. Шыққан күн жер бетіне тіршілік нәрін сеуіп, әлемді шұғыласына бөлемей ме? Адам баласының жақсылыққа ұмтылмайтыны жоқ, тек соларға тура жолды сілтеп, жақсылыққа бағыттап отыру керек десек – ол тәрбиеші қауымның ізгі ниетіне сүйенетін құбылыс. Сол үшін де адамзат қоғамында ұстаздың орны әрдайым биікте. Бірақ... Бәріміздің көзімізді ашып, бойымызға нағыз адамдық қасиеттің – білім мен ақылдылықтың, мейірімділік пен парасаттылықтың дәнін себетін ұстаздардың қадірі неге төмендеп барады? Бүгінгі қоғамда адами қасиеттердің жұтаңдап кетуі – ұстаздарға деген сый-құрметтің жоғалуының салдары емес пе? ...Баяғыда қазақтар балаларын молдаға оқытуға бергенде «Еті – сенікі, сүйегі – менікі» дейді екен. Бұл дегеніңіз өз перзентін қандай сынаққа болса да төзіп, білім алып – көкірек көзі ашылсын деген ізгі ниеттен туған қаталдық еді. Сондықтан да білімнің қадірін біліп, оны игерудің қиындығын сезген қазақ «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп мақалдаған. Баласына білім берушінің мерейін аспандатып «Ұстаз – атаңнан ұлы» деген. Қай халық болса да, ғылым-білімге жетелеуші ізашар тұлғалардың есімін тарихына алтын әріппен жазып қояды. Халқымыздың алғашқы ұстазы, бүгінгі заманагөй оқу жүйесінің іргетасын қалаған Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқы үшін ұстаздардың ұстазы. Ыбырай салған сара жол арқылы қазақ халқы әлемдік ғылым жетістігіне бет алды. Қысқасы, бір адамның ересен еңбегі бүкіл бір халықтың тағдырына үлкен әсер етті. Ұстаздың жанкештілігі деген алапат күш. Ұрпақты білімді, тәрбиелі, әділдікті жақтаушы болуға тәрбиелейтін мұғалім атты мамандық иелерін бір кезде халық төбесіне көтеретін. Өйткені бүгінгідей ғылым мен техника қарыштап дамымаған заманда күллі дүниенің жаңалықтарын айтып, елдің саяси сауатын ашатын солар еді. Қысқасы, бұрынғының мұғалімі тек өзінің мамандығы бойынша ғана емес, жалпыхалықтық ағарту жұмыстарын жүргізуді ақы-пұлсыз мойнына алған тұлғалар еді. Өкінішке қарай, соңғы ширек ғасырдан аса уақытта ондай ізгі дәстүрден көз жазып қалған сияқтымыз. Әрине, оның обьективті де, субьективті себептері бар... «Заман қандай, заң қандай» демекші, бүгінде балаларының тәртібі мен білімін қадағалауды тек мектептің міндеті деп түсінетін ата-аналар көбейді. Мектепте оқылған сабақ пен берілген білім үйде қадағаланып, пысықталмаса, мектепке құр сөмкесін сүйретіп барып-қайтатын баладан нені талап етуге болады? Кейінгі жылдары мектеп пен оқушылардың ата-аналары арасында түрлі кикілжің туып, оның соңы, тіпті, естуге ұят жағдайларға жетіп те жатыр. Балалардың мұғалімін тыңдамауы, оның тәртібін түземекші болған ұстаздарының үстінен ата-аналарына шағымдануы, ата-аналардың заң орындарына арыздануы, кейбірінің мұғалімдерді сөгіп, кейде сабап кететін жағдайлардың жиі кездесіп жатуы – жас ұрпақтың тәрбиесіне үлкен зиянын тигізіп жатқаны даусыз. Осындайда өзге елдердегі ұстаздар қауымына деген көзқарасты біліп қойған артық болмас дейміз. Мәселен, аудармашы-қаламгер Шынар Әбділдә тәржімалаған мына бір шағын әңгіме талайға ой салуы сөзсіз: «Бір күні жапондық әріптесім Ямамотодан: – Жапондықтар ұстаздар күні болғанда, оны қалай мерекелейді? – деп сұрадым. Менің сұрағыма таңқалған ол: – Бізде ұстаздар күні деген мереке жоқ, – деді. Оның жауабын естігенде тосылып қалдым. Сенейін бе, сенбейін бе? Санамда: «Неге экономикасы, ғылымы, техникасы қарыштай дамыған елде ұстаздарға, олардың ересен еңбегіне немқұрайлы қарайды екен?» деген ой қылаң берді. Бір күні жұмыстан соң Ямамото үйіне қонаққа шақырды. Ол мектептен қашықтау жерде тұратындықтан, біз оның үйіне метромен жеттік. Кешкілік кептеліс мезгілі. Метрода адам ығы-жығы. Төбемдегі темір ұстағыштан тастай қатып, ұстап алғам. Бір уақта жанымда отырған ата маған орын берді. Өзіме деген аяқ асты мұндай ізетті түсініңкіремей, қарт кісінің бұл ілтипатын қабылдай алмадым. Бірақ ол қоймады. Отыруға мәжбүр болдым. Метродан шыққан соң Ямамотодан ақсақалдың бұнысы несі деп сұрадым. Ямамото төсбелгіме саусағын шошайтып, былай деді: – Ол ақсақал сенің төсбелгіңе көзі түсіп кеткен ғой, сенің мәртебеңе сай саған орын берді. Ямамотоның үйіне бірінші рет бара жатқан соң құр қол барғанға ыңғайсыздандым. Сыйлық алған жөн шығар деп ойладым. Онымды Ямамото ұстазға айтқан ем. Ол мұнымды құптады. Жол бойында жеңілдікпен зат алатын дүкен бар деді. Тағы да тосын жағдайға тап келдім: – Жеңілдікті тек ұстаздарға ғана бере ме? – деп сұрастырдым. Ямамото сөзімді қостай берді: – Жапон елінде ұстаз – ең беделді мамандық, құрметті адам. Жапон кәсіпкерлері ұстаздар өздерінің дүкеніне бас сұқса бөркін аспанға атады. Мерейі үстем болып, қуанып қалады, – деді. Жапон елінде қызмет еткенімде талай мәрте ұстазға деген ерен құрметтің куәсі болдым. Метрода оларға арнайы бөлінген орындар бар. Оларға арнап салған дүкендер көп. Кез келген көлікке міну үшін кезектен тыс өтеді. Жапон ұстаздарына төл мерекенің қажеті де жоқ». Басқаны қайдам, осы әңгімені оқығанда есіме қазақ топырағынан шыққан ұлы ғалым, әлемде «муаллим ас-сани»(«Екінші ұстаз») атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөзі ойыма келді. Саналы тіршілік иесі, адам баласы қанша жерден білімді болса да, тәрбиеден ақсап жатса, ол игерген ғылым мен білім тек пайда табуға, жауыздық жасауға қызмет етіп кететіні талассыз. Демек, жоғарыдағы әңгімеде айтылғандай, жапондардың жетістігінің бір сыры – білімді адамдардың тәрбиелілігіне байланысты екен. Ендеше, бүгінгі қоғамға керек басты нәрсе де осы болса керек. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген нақылдың мәніне бойласақ, ұрпақ тәрбиесіне жауапкер адамдардың өнегесі биік болмаса, одан білім алғандарда да үлгі тұтар қасиет болмауы мүмкін. Демек, ұстаз үшін жеке бастың үлгі-өнегесіне жетер қасиет жоқ. Шәкірттерін адалдыққа баулып, адамгершілікке тәрбиелейтін нағыз ұстаздар – ұстаздық ар-намысына қылау түсірмейді. Мәселен, аты әлемге әйгілі жазушы, дәрігер, поляк педагогы Януш Корчактың өмірі – соны көрсетеді. Шәкірттерін ажал аузынан құтқара алмағасын ұстаз өзі де солармен бірге жарық дүниеден баз кешкен. Ол ажалдан құтылудың мүмкіндігінен үш рет бас тартқан. Алғашында герман фашистері Польшаны басып алардың алдында шетелге эмиграцияға кетуге мүмкіндігі болса да кетпеді, өйткені өзі қызмет жасаған «Жетімдер үйін» тағдырдың тәлкегіне тастап кеткісі келмеді. Екінші рет Варшава геттосынан қашудан бас тартты. Ал үшінші рет соңғы мүмкіндігін пайдаланбай, ажалға аранына өз еркімен түсті. «Жетімдер үйінің» тәрбиеленушілерін пойызға отырғызып, лагерге әкетер алдында СС офицері мен Януш Корчактың арасында мынадай әңгіме өрбіді: – «Корол Матиуш бірінші» деген кітапты сіз жаздыңыз ба? Мен оны бала кезімде оқығам, өте жақсы кітап. Сіз... бостандықта қаласыз. – Ал балалар ше? – Балалар әкетіледі, бірақ сіз вагоннан түсіп кете беруіңізге болады. – Қателесесіз! Олай істей алмаймын. Адамның бәрі зұлым емес... Үш күннен соң Треблинка концлагерінде Януш Корчак балалармен бірге газ камерасына кірді. Ажал апанына бара жатып ол кішкене екі баланы жетелеп алып, олардың және басқа балалардың көңіліне күдік кіргізерлік ештеңе байқатпай, жайбарақат қызықты ертегі айтып келе жатты... Бұл әңгімеге түсінік берудің керегі жоқ шығар. Себебі ұстаз деген ұлылық – ұрпақ тәрбиесі үшін жан аямайтындар ғана шығатын шың. Ал ұрпақ тәрбиесіне жүрдім-бардым қарайтындардың қалтасында неше дипломы болса да, ол ешкімнің жүрегіне мейірім ұялатып, қоғамға пайдасы тиер адамды қалыптастыра алмайды. P.S. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, соңғы кезде елдің арасында мұғалімдердің біліктілігіне көңіл толмаушылық байқалып қалып жүр. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Алайда өткен ғасырдың соңғы он жылдығында тұрмыс тауқыметімен талай білікті мұғалімдер (оның көпшілігі ер адамдар) үйренген кәсібін тастап, амалсыздан басқа салаға ауысқан болатын. Соның кесірінен педагогика саласын әйтеуір қалтасында «қатты қағазы» бар, мұғалімдікке адасып келгендер басып кеткен-ді. Соның зардабын білім саласы қазір тартып жатқандай. Ата-аналардың мектепке деген шектен тыс талапшылдығы (бәрін мектеп жасау керек! – дейтін), жастайынан қызылды-жасылды дүниеге көзі арбалған, уақытының көбін қолжетімді ғаламторға арнайтын және ата-анасы тарапынан бақылау азайып кеткен мектеп оқушыларына кері әсерін тигізуде. Енді не істеу керек? Керегі сол – қоғамда мұғалімнің беделін көтеру керек! Мемлекет әлеуметтік жағынан жан-жақты қорғалған, қаптаған құжат толтырудан құтқарылған ұстаздардың дұрыс бағдарлама мен дұрыс жасалған оқулықтармен жабдықталған мектепте жұмыс істеуіне жағдай жасалу тиіс. Өйтпеген күнде жас ұрпақтың тәрбиесі жадағай күйде қала бермек.