«Күннің көзі» атанған тыңшы арудың тағдыры

«Күннің көзі» атанған тыңшы арудың тағдыры

«Күннің көзі» атанған тыңшы арудың тағдыры
ашық дереккөзі
Қазақта «Адамның басы – Алланың добы» деген сөз бар. Ол – кейбір адамдардың тағдырдың бұралаң да шытырман жолдарында ғұмыр кешетінін ғана емес, о бастағы мақсатын өмірдің шырғалаңдары мүлде өзгертіп жіберетінін меңзейді. ХХ ғасырдың басында өмірін өнермен бастап, тыңшы болып аяқтаған Мата Хари кім еді? Нидерландтар азаматы, экзотикалық шығыс билерін орындаушы, Парижде өмір сүріп, бүкіл еуропаға «Мата Хари» сахналық есімімен танылған Маргарета Гертруда Зелли 1876 жылдың 15 қазанында Нидерландияның Леуварден қаласында дүниеге келген. Ол Адам Зелле мен Антье ван дер Мёленнің отбасындағы үш ұлдың арасындағы жалғыз қыз еді. Маргаретаның әкесі қалпақ сататын дүкеннің иесі, сонымен бірге ол кісі мұнай өндірісіне инвестиция салып, едәуір байлыққа қол жеткізген. Содан болар, Маргарета 13 жасына дейін ауқатты адамдардың балаларына арналған мектепте білім алды. Бірақ бұл бақытты күндер ұзаққа созылмай, 1889 жылы Маргаретаның әкесі Адам Зелленің ісі кейінге кетіп, байлығынан айырылды. Ұзамай әйелімен ажырасып, отбасы күйреді. Арадан екі жыл өткенде анасы қайтыс болғаннан кейін Маргаретаны әкесі Снек қаласына жіберді. Одан соң Лейденде оқуын жалғастырып, балалар бақшасында тәрбиеші болғысы келген Маргаретаны училище директоры жыныстық қатынасқа тартқысы келгенін байқап, ол оқудан кетуге мәжбүр болады. Бірнеше айдан соң Гаагадағы ағасының үйіне кетіп қалады. Маргарета Зелла 1895 жылы 18 жасында Амстердамда 39 жастағы Шотланияда дүниеге келген голландтық капитан Рудольф Мак Леодқа тұрмысқа шығады. Екеуі хабарландыру арқылы танысқан. Үйленген соң Индонезиядағы Ява аралына қоныс аударған. Жас отбасының ол жерде Норман-Джон атты ұлы, Жанна-Луйза атты қызы дүниеге келеді. (Норман-Джон екі жасында, Жанна-Луйза 21 жасында қайтыс болды). Дегенмен, Маргарета мен Рудольфтың некесі сәтсіз болды. Күйеуінің маскүнемдігі мен орынсыз кінәлауынан шаршаған Маргарета ақыры одан кетіп тынады. Содан Индонезия дәстүр-салтына ден қойып, шығыстық би өнерін үйренеді. Жергілікті бишілер тобында жұмыс істеп жүріп, өзіне Мата Хари деген сахналық есімді ойлап табады. Мата Хари – малай тілінен сөзбе-сөз аударғанда «күннің көзі» деген мағына береді. Бұл жайында ол алғаш рет Голландиядағы туыстарына жазған хаттарында айтқан. Күйеуінен ажырасқан соң күнкөріс үшін Мата Хари Парижге барады. Алдымен ол «леди Греша Мак-Леод» атпен цирк шабандозы болып жұмыс істейді. Ал 1905 жылдан бастап шығыс бишісі ретінде Мата Хари есімімен даңққа бөлене бастайды. Сол кезде Еуропа үшін таңсық шығыс биін көрсеткен Мата Харидің өнеріне көрермендер бүгінгі стриптиз көрсетушілерге қарағандай көзбен қарайтын. Дегенмен эротикалық элементтерге бай оның биі еуропалықтардың шығыс биіне деген қызығушылығын арттырды. Міне, осындай жағдайлардан соң табысты өнерпаз әйелге айналған Мата Хари жоғары шенді әскерилермен, саясаткерлермен және түрлі ықпалды адамдармен жақын қарым-қатынаста болды. Олардың арасында Франция, Германия секілді елдердің танымал тұлғалары да болды. Алайда көңілдестерінен бағалы сыйлықтар алып тұрса да ол қаржылық қиындыққа жиі ұшырап жүрді, өзгелерден көп қарыз алатын. Оның себебі Мата Харидің құмар ойындарға үйір болып, бар тапқанын соған жұмсауында еді... Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Нидерландтар мемлекеті бейтарап саясат ұстанды. Соның арқасында Мата Хариге Франциядан отанына барып қайтуға кедергі болмады.  Бірақ ол елдердің арасын майдан даласы бөліп тұрғандықтан өнерпаз әйел еліне Испания мен Ұлыбритания арқылы өтіп тұратын. Ал бұл жағдай (Мата Харидің ары-бері жиі барып-қайтуы) соғыстағы одақтас елдердің қарсы барлау қызметі назарынан тыс қалмады. Мата Хари бірінші дүниежүзілік соғыс басталмас бұрын немістердің тыңшысы болған көрінеді, бірақ оның себептері мен жалдамалы тыңшылық жұмыстары туралы әлі нақты дәлел жоқ. 1916 жылы француз қарсы барлау қызметі Мата Хари жұмысының Германияға қатысы барын байқататын белгілерге назар аударған. Бұны білген бойда Мата Хари француз арнаулы қызметіне хабарласып, өзінің қызметін ұсынған. Сөз арасында ол байқаусызда неміс агенттерінің арасындағы көңілдесінің (өзімен сөйлесіп отырған арнаулы қызмет өкілдеріне есімі таныс) атын айтып қалады. Осыдан соң  француздар Мата Хариді оншалық маңызы жоқ бір іске байланысты Мадридке жібереді. Осыдан оның тыңшылық әрекетіне анық көз жеткізеді. Яғни, француздар тарапынан Мадридтегі неміс агентінің орталықпен радиобайланысы ұсталып, онда неміс агенті «француздар жалдаған Н-21 агентінің Испанияға келгенін және оның неміс резидентурасы тарапынан Парижге оралуға бұйрық алғанын» айтқан. (Бұл – әшейінде құпия шифрмен жіберетін хабарды ашық түрде айтқызу арқылы неміс тарапы өзінің екіжақты агентінен құтылу үшін жасаған айласы болуы ықтимал. Әдетте барлау қызметі өздеріне қарсы жұмыс істеген агенттерін жауға беру үшін осылай жасайды). 1917 жылдың 13 ақпанында Парижге оралған Мата Хари сол бойда француз барлау қызметі тарапынан тұтқынға алынады. Оған соғыс жылдарында қарсылас тараптың пайдасы үшін тыңшылық жасады деген айып тағылады. Сот жабық есік жағдайында өтеді. Сотта оның дұшпандарға мәлімет беру арқылы бірнеше дивизия сарбазының қазасына себеп болғанына дәлелдер келтіріледі (сот ісінде айтылған жайлар әлі күнге құпия қалуда, дегенмен ол жайында баспасөз беттеріне аздаған мәліметтер жарияланған). Сөйтіп Нидерландтар азаматы кінәлі деп танылып, өлім жазасына кесіледі. Өлім жазасына кесілген кезде Мата Хари арнаулы күзеттің қатаң бақылауында болды, ал адвокаты оны құтқаруға тырысты және барлық айыптарды жоққа шығарғысы келді. Аппеляциялық шағым нәтижесіз аяқталды. Сосын адвокат кешірім жасау туралы президентке хат жазды, алайда француз елінің басшысы Раймон Пуанкаре ештеңе демеді. Үкім өзгеріссіз қалды. Мата Хари өмірінің соңғы сәттерін өткізген камерада адвокаты оған «аяғы ауыр екенін айтып, сол арқылы үкім орындалар күнді созуға» мүмкіндік алуға кеңес берді, бірақ ол өтірік айтудан бас тартты. Өлім жазасы орындалатын күні таңертең күзет келіп, Мата Хариға киінуін бұйырғанда, ол таңғы асқа қаратпай үкімнің орындалуына наразылық білдірді. Ол соңғы сапарына дайындалып болғанша, табыты ғимаратқа әкелініп қойылған еді. Ату жазасы Венсендегі әскери полигонда орындалды. Жаза орындалған соң бір офицер келіп, оның өлгеніне көз жеткізу үшін қылмыскердің желкесінен тапаншадан тағы бір оқ атты. Мата Харидің денесін беруді талап еткен туыстары болған жоқ, сондықтан мүрде анатомиялық театрға жіберілді. Оның басы балзамдалып, Париждегі анатомия мұражайында сақталған-ды. Бірақ 2000 жылы тыңшы әйелдің бас сүйегі аяқ астынан жоғалып кеткені белгілі болды. Мамандардың айтуынша, 1954 жылы мұражай жаңа ғимаратқа көшкенде жоғалған болуы керек. 1918 жылы жасалған құжатта Мата Харидің басынан басқа денесі мұражайға берілген, бірақ оның қай жерде сақталғаны туралы дерек жоқ. Британ және голланд қарсы барлау полковнигі Орест Пинтон ол туралы былай депті: «Мата Хари сөзсіз үлкен даңққа ие болды. Оның бейнесі көпшілік үшін тамаша әйел-тыңшы ретінде қалыптасты. Бірақ Мата Хари – ұлғайтылып жасалған ақымақ жаратылыс. Егер оны өлім жазасына кеспегенде, ол азап шегуші ретінде танылмас еді және ол туралы ешкім де естімейтін еді». Қалай айтсақ та, бүгінде көптеген шығармалардың басты кейіпкеріне Мата Хари – сұлу да ақылды тыңшы әйел ретінде бейнеленген.