1027
Қала құрылысы кодексі: талқы жалғасын таппақ
Қала құрылысы кодексі: талқы жалғасын таппақ
Қала құрылысы кодексі деген не? Жақында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында Қазақстан қалалары құрылысы кодексін қабылдаудың салдарын болжау бойынша жүргізілген зерттеулер бойынша екінші кезеңінің нәтижесі таныстырылды.
Қала құрылысы кодексі қабылдануының жағымды және жағымсыз салдарын болжау жиын қатысушыларының белсенді талқылауын тудырды. Салалық заңнаманы кодтау – құрылыс саласы дамуына оң әсер береді деген пікір көпшіліктің көңілінен шықты. Осы ретте Кодекс шешуі керек негізгі міндеттер бойынша нақты түсінік болмаса, сонымен қатар оларды жүзеге асыру әдістері қалыптаспаса, мемлекет пен бизнес жаңа мәселелерге тап болуы мүмкін.
«Бизнес өкілдері мен құрылыс үдерісінің қатысушылары ретінде біз Қала құрылысы кодексі қажеттілігін түсініп отырмыз. Алайда біз құжатты Үкімет алдында қорғап, нақты әрі тиянақты дәйектерді ұсынуымыз керек. Заңнамада орын алған түйткілдерді сынға ала отырып, оларды шешу бойынша тиімді жолдарды ұсынуымыз керек», – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Александр Белович.
Зерттеу әзірлеушілердің өкілі Гүлнар Қысықованың айтуынша, заңнаманы кодтауда негізгі мақсаттардың бірі – оның тұрақтылығын қамтамасыз ету болып отыр. ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов бұл пікірді қолдап, салалық заң қабылданғаннан бастап оған 50-ден астам түзету енгізілгеніне көпшіліктің назарын аударды.
«Қолданыстағы заң салаға толыққанды дамуға мүмкіндік бермей, бизнестің мемлекеттік органдармен тең құқықты диалог құруда әлеуетін шектеп отыр. Бұл бірінші кезекте заңның тұрақсыздығымен түсіндіріледі. Аталған меселені «Атамекен» 2015 жылдан бері көтеріп келеді. Бизнеске тұрақты, сенімді әрі түсінікті құжат керек міне, Қала құрылысы кодексі сондай құжат болады», – деді Елдос Рамазанов.
Кәсіпкерлік сала Қала құрылысы кодексінен жаңашылдық күтіп, үздік әлемдік тәжірибелер негізінде жаңа құқықтық құралдарды беріп, әкімшілік шаралардың тиімділігін арттырады деп сенуде. Құжат мемлекет тарапынан негізсіз және тиімсіз рұқсаттар мен келісімдерді оңтайландыруға және жоюға, сондай-ақ, құрылыста өзін-өзі реттеуді дамытуға серпін бермек.
«Қала құрылысы кодексін әзірлеуде мемлекеттік органдар функциялары түбегейлі қайта қаралып, заңнама тұрақтылығы жоғарылап, сала субъектілері тарапынан оған деген сенімі артуы керек», – деп атап өтті Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының директоры Михаил Борисов. Ал әзірлеушілердің айтуынша, бүгінде заңнама «кінәлілік» қағидасына негізделген, яғни мемлекеттік орган тексерумен келеді де, заңбұзушылық фактілерін мақсатты іздейді. Сондықтан жаңа Кодекстің негізгі принциптерінің бірі «адалдықтың анық-қанығына жету» қағидаты болып отыр. Құрылыс үдерісінің барлық қатысушылары өкілетті органдар кінәні растамайынша заңнаманың талаптарын адал орындап отырғандарға дұрыс қарау керек.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері алдағы уақытта зерттеудің ең маңызды үшінші кезеңі өтетінін айтты, оның аясында әзірлеушілер ұсынылып отырған Кодекс тұжырымдамасының нақты көрінісі мен мазмұнын беруі керек. Олар жоба Тұжырымдамасын дайындау мен талқылау үдерісінде қажетті көмек беруге дайын екендерін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша Елдос Рамазанов салалық қауымдастықтардың барлығын Кодекс тұжырымдамасын әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды. Ал «Атамекен» өз кезегінде мүдделі тараптарға тікелей диалог алаңын беруге дайын.