8 Қараша, 10:45 156 0 Технологиялар Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Тұсауы кесілген Astana Hub

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынғалы бері ауқымды шаралар жүзеге асуда. Еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатқан IT сыныптар мен инновациялық технологиялардың іске қосылуы соның айғағы.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технологиялық паркінің ресми ашылу салтанатына қатысты. Президент отандық стартап жобалармен танысып, R&D зертханаларын аралады, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысы жөніндегі баяндамаларды тыңдады.

Елбасы салтанатты ашылу рәсіміндегі құттықтау сөзінде Қазақстанның төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңғыруға қадам басқанын атап өтті. Ақпараттық технологиялар қолданысы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын факторға айналғанын, Қазақстанның ТМД елдерінің ішінде алғаш болып, мемлекеттік қызметтерді электронды нұсқаға көшіргенін айтқан Президент цифрландыру аясында қол жетуі керек нысаналы индикаторларға тоқталды.

– Халықтың 75 пайызында электронды денсаулық паспорты бар. Мектептердің 90 пайыздан көбі цифрлық құрылғылармен жабдықталған. Кедендік декларациялар түгел электронды негізде рәсімделеді. Тұрғындардың өмір сапасын арттыру үшін үлкен қалаларда Smart city жобасы енгізілуде. Астана қаласының түбіндегі 20 мың тұрғыны бар қалашықты толықтай «ақылды қала» үлгісінде жабдықтап, пилоттық жобаны сынақтан өткізіп жатырмыз. Кейінірек бұл тәжірибелер Астана мен Алматы қалаларына енгізілетін болады. 2021 жылдың соңына қарай кеңжолақты интернетке қолжетімділік 82 пайызды құрайды. Ақпараттық технологиялар паркі, Назарбаев университеті инновациялық кластерлерінің қатарына IT мамандарын дайындайтын жаңа оқу орны қосылады. Бұл мақсатта 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, Astana Hub аясында IT университет жұмысын бастайды, – деді Президент.

Еліміз бен қоғамымызды одан әрі дамыту ісінде цифрландыру үдерісінің мәні зор екенін атап өткен Елбасы: «Интернет, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейн адамзат өмірінің бүкіл саласына белсенді түрде еніп келеді. Бұл – қазіргі заманның негізгі үрдісі. Цифрландыру мемлекеттердің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының біріне айналды. Бүгінде әлемнің жетекші елдері, сондай-ақ, олардың G-20 және Еуропа одағы сияқты бірлестіктері өздерінің цифрландыру жөніндегі стратегиялық құжаттарын қабылдады», – деді.

Сондай-ақ, Президент ірі мемлекеттік компаниялар мен отандық кәсіпкерлерді стартап жобалардың коммерциялануына үлес қосуға шақырды. Отандық IT өнімдерге кәсіпкерлік қауымдастық тарапынан сұраныс тудыру, стартап жобаларын жан-жақты қолдау Премьер-министрдің жеке қадағалауына алынатыны ескертілді. Astana Hub IT стартаптардың халықаралық технопаркі Қазақстан мен тұтас өңірдің инновациялық бизнесін дамыту, жаһандық нарық үшін дайын шешімдер ұсыну мақсатына жұмыс істейді. Технопарк қатысушылары оңтайландырылған визалық және еңбек режимімен қамтамасыз етіліп, салықтық және өзге де жеңілдіктерге қол жеткізе алады. Қазақстандағы стартап экожүйесін дамытудың драйверіне айналады деп болжанған технопарк өнімдерін 146 табысты стартап командалары пайдаланып отыр. Бүгінгі таңда 22 стартап акселераттау бағдарламасынан сәтті өтіп, үш айда 6 мың қатысушының басын қосқан 100-ден аса мамандандырылған іс-шара ұйымдастырылған. Технопарк 2022 жылға қарай 67 млрд доллар венчурлық инвестиция тартып, 2025 жылға қарай құны 1 млрд долларға бағаланатын компания құруды жоспарлап отыр. Шараға қатысқан Эстонияның премьер-министрі Юри Ратас өз сөзінде Қазақстан Эстонияның өңірдегі ең жақын әрі маңызды әріптесі екеніне ерекше тоқталып, цифрландыру саласындағы өзара әріптестікке ықылас білдірді. Құрметті қонақ Астананың көз ілеспес қарқынмен дамуын және «Қазақстан-2050» стратегиясында цифрландыру мен инвестицияға басымдық берілетінін ерекше атап өтті.

Стартап академиясының менторы және кеңесші, стартап тақырыбы бойынша сатылымға ең көп шыққан кітаптың авторы Боб Дорф білікті маман ретінде кеңестерімен бөлісті.  – Соңғы он жылда стартап-жаттықтырушы ретінде әлемнің 25 мемлекетінде және Американың 25 штатында кездесу өткізген жан ретінде Астана тәрізді стартап жүйесін дамытуға ден қойып, қыруар күш жұмсаған жерді көрмегенімді ашық айта аламын. Енді жаңадан Google және Facebook ойлап табуға тырысудың қажеті жоқ. Оның орнына жастар энергиясы мен инвесторлар мүмкіндіктерінің өзара жақсы байланысын қамтамасыз етуге тырысу керек. Стартаптар еркіндікті жақсы көреді, осы орайда бұл салада салықтық еркіндік беру керек. Кейін олар Қазақстан экономикасына қомақты табыс алып келеді, – деді Б.Дорф.

IT қауымдастықтың тәжірибесін мұқият тыңдап, жылы қабылдаған Мемлекет басшысы ІТ-технологияларды дамытуға тартылған дарынды жастарды қолдау қажеттігіне назар аударды. – Бізге ІТ таланттардың жаңа буынын қалыптастыру керек. Басты мақсатымыз – ақылды әрі қабілетті балаларға көмек көрсету. Біз жеке бастамаларды, бағдарлама жасау мектептерін, роботтық техника мен кибер-спортқа қатысты спартакиадалар мен олимпиадаларды жан-жақты қолдаймыз. Жоғары оқу орын дарында оқу бағдарламалары жаңартылды, – деді Қазақстан Президенті.

Тек соңғы үш ай ішінде «Астана Хабтың» аясында  6 мыңдай адам қатысқан жүзден аса мамандандырылған іс-шара өткізілген. Хабтың өнімдерін 146 табысты стартап команда белсенді пайдалануда. Бүгінгі күн-нің өзінде 22 стартап акселераттау бағдарламасынан сәтті өткен. Ал келесі жылы 57 жоба шығарылып, 4,8 млрд теңге көлемінде жекеменшік инвес-тиция тартылмақ.

Соңғы жаңалықтар