472
Жаңа әуе компаниясы арзан бағамен жолаушы тасымалдайды
Жаңа әуе компаниясы арзан бағамен жолаушы тасымалдайды
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі азаматтық авиацияны дамыту мәселелерін қарастырған еді. Кездесу соңында әуе тасымалы қызметін арзандатуды тапсырып, «Эйр Астана» компаниясының базасында төмендетілген тариф бойынша көлік қызметін көрсететін бюджеттік әуе компаниясын құруды ұсынды. Осы орайда кеше FlyArystan атты бюджеттік әуекомпаниясы құрылатыны ресми жарияланды. «Эйр Астана» 2019 жылдың бірінші жартысында FlyArystan атты бюджеттік әуекомпанияны құратыны туралы хабарлады.
FlyArystan жаңа әуе компаниясы наурыздан бастап жолаушы тасымалдай бастады. Қазірден бастап компанияның ресми сайтында алдын ала билет сатып алуға болады. Әзірге тасымалдаушы паркінде 4 ұшақ бар, осы ұшақтармен ішкі рейстер орындалады. Ең бастысы, Airbus А320 ұшақтарындағы барлық 180 орын эконом-класта болады.
Бюджеттік әуекомпания Easyjet, Indigo, Cebu Pacific және Air Asia сияқты сәтті лоукостерлерді үлгісі бойынша жұмыс істейді. FlyArystan нарықтағы бағалардан шамамен екі есе төмен авиабилеттерді ішкі бағыттарда сататын болады. Орта мерзімде бағыттық желі аймақтық шетел бағыттарымен толығатын болады. 2022 жылға дейін әуе флоты 15 ұшаққа дейін кеңейтілмекші.
FlyArystan басшылығы «Эйр Астанада» 16 жыл бойы істеп келе жатқан жергілікті аға менеджерлерінен құралған. Ұжымға Cebu Pacific және Virgin Blue әуекомпанияларында 15 жылдан астам басқарушы қызметін атқарған Тим Джордан жетекшілік етеді. «Қарапайым ғана мысал келтірсек, жаңа әуе компаниясы бұрынғы ұшып жүрген адамдарды ғана емес, бұрын ұшақпен ұшып көрмеген адамдарға арналған», - деді Тим Джордан. Яғни, көпшілікке арналады. Нарық сегменттерін зерттеу бойынша, елімізде халықтың 10 пайызы ғана ұшақ көлігін қолданады, ал қалған 90 пайызы ұшып көрмеген. Компанияның қызметі осы 90 пайызға арналады.
FlyArystan ұшу өндірісі департаментінің жетекшісі Бердіхан Агмуров: FlyArystan «Эйр Астанадан» қызмет көрсету тәртібімен ерекшеленетін бюджеттік әуекомпания болғанымен, «Эйр Астана» бөлімшесі ретінде барлық қауіпсіздік пен сенімділік стандарттарына сәйкес екені туралы атап өту керек. «Эйр Астана» ұстанатын жоғары қауіпсіздік стандарттары мен реттеушілік үрдістері автоматты түрде FlyArystan компаниясында да қолданылады,-деді.
Питер Фостер, «Эйр Астана» президенті: «Эйр Астана» сияқты жаңа компания да толықтай өзін-өзі қаржыландыратын болады. FlyArystan акционерлер инвестициясын, мемлекеттік субсидия мен қандай да бір сыртқы қаржылай көмекті керек етпейді. FlyArystan толыққанды зерттеу мен ішкі бизнес жоспарлау нәтижесінде және тез ауыспалы жергілікті және аймақтық әуетасымалдау нарығының салдарынан туып отыр. Бюджеттік әуекомпанияның іске қосылуы «Эйр Астананың» қысқа және ұзақ мерзімді дамуына оң әсер ететініне, сонымен қатар төмен бағамен ішкі және аймақтық бағыттарда сапар етуге мүмкіндік алатын жергілікті туристер үшін көптен күткен жаңалық болатынына сенімдіміз, - деді.
Ал компания атауына келер болсақ, Қазақстан көгінде қалқитын арыстанды жұмыс тобы бірлесе құрған. Ал логотипті жергілікті дизнайнер салып берген.
Жалпы, елімізде тағы бір әуе компаниясының пайда болу бәсекені қыздыра түспек. Бұл орайда тұтынушылардың ұтатыны анық. Өйткені елімізде ұшақ билеттері тарифтерінің арзан еместігі жасырын емес. Инвестициялар және даму министрінің мәліметінше, биылғы жылы мемлекетімізде 13 бағыт бойынша әуе рейстері ашылған. Оған қоса Астана қаласында «ашық аспан» пилоттық жобасы жүзеге асырылыпты. Болашақта FlyArystan халықаралық рейстерді де орындай бастайды.