445
ҚАЗАҚ БОКСЫНА – 85 жыл
ҚАЗАҚ БОКСЫНА – 85 жыл
Жуырда Астанада бокс қозғалысының 85 жылдық мерейтойына орай мерекелік шара өтті. Бақтияр Артаев, Мерей Ақшалов, Нұржан Кәрібжанов, ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай, Қанат Әбутәліп, Ләззат Күнгейбаева, Мейірім Нұрсұлтанов сынды бокс шеберлері көпшілікпен кездесіп, салиқалы сұхбат жүргізді. «Бокс, оның ішінде бізге етене танымал болып кеткен ағылшын бокс стилінің олимпиадалық спорт ретінде тіркелуі, дамуы және бұл индустрияның тоғыз жолдың торабындағы қазақ жеріне де келуі заңдылық болатын. Сонау ел аштыққа ұшырап, жаппай коллективтендіру жүріп жатқан қиын-қыстау заманда бокс спорт ретінде ұлы далаға келген. 85 жылды кейінге шегерсеңіз 1933 жылға тап боласыз», ‒ делінген Қазақстандық бокс федерациясы таратқан хабарламада. Сол жылдары Алматыда Шоқыр Бөлтекұлы алғаш болып жас өрендерді бокс спортына тәрбиелей бастаған. Кейін Қарағанды, Қызылорда, Орынбор, Қызылжар, Жамбыл, Шымкент, Таскент қалаларында спорт секциялары ашылды. Астанада өткен мерекелік шара аясында осындай тарихи деректер айтылды. «Қазақ боксының 85 жылдығы құтты болсын. Бұл – біздің елімізде нөмірі бірінші спорт. Тәуелсіздік жылдарында 7 Олимпиада ойындарының чемпионы шыққан. «Астана Арланс» командасы «Бүкіләлемдік бокс сериясы» турнирінің 3 дүркін жеңімпазы. Қай өңірімізді алып қарасақ та талай мықты спортшыларымыз болған, бола береді де», ‒ деп атап өтті «Астана Арланс» кәсіпқой бокс клубының бас менеджері, 2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев.