317
SMART СЕРВИС ХАКАТОНЫ
SMART СЕРВИС ХАКАТОНЫ
Жаһандық дамудың негізгі көрсеткіші ‒ цифрлы технология. Қазақстан үкіметі де өткен жылдың соңында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Онда: «2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылатын бағдарлама еліміздің флагмандық салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін беруді қамтамасыз етеді және еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақ мерзімді өсуіне жағдай жасайды» делінген. Жуырда елордамыз Астана қаласында «Smart сервисі» атты Astana хакатоны аяқталды. Хакатон ағылшын тілінен аударғанда өнертапқыштар форумы дегенді білдіреді. Аталған жобаның басты мақсаты да Қазақстандағы өнертапқыштар басын жинап, цифрлы идеяларға қанат бітіру. 21 команданың 10-ы финалға жетіп, өзара мықтыны анықтады. Astana Innovations Challenge стартап-марафонының мәліметінше, жеңімпаз командалар жүлде қорындағы 1 миллион теңгені өзара бөлісті. Бірінші орынды «Азаматтар мәселелері мен бастамалы тізбесі» жобасын ұсынған Usynys командасы иеленді. Оларға 500 мың теңге жүлде берілді. Екінші орында сөздерді өңдейтін технологиялық бот әзірлеген AIKA командасы. Оларға 200 мың теңге сыйлық берілді. Үшінші орынның 200 мың теңгесін қаладағы нысандарды смартфон камерасы арқылы танып-білетін ұялы қолданба әзірлеген Astana Reality командасы иеленді. Сондай-ақ, iKogam командасына Open Techonologies Group компаниясы смартфон сыйлады, ал Gov Project командасына ҚР Тұңғыш Президенті қорының атынан кітап пен пауербанк тапсырылды.