«Тіл жаңғыру – жаңа әліпби»

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген негізгі  бағыттардың бірі – тіл реформасы. Ал тілдік реформа – рухани жаңғырудың өзегі. Сондықтан, еліміз латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу арқылы заманауи ғылым мен әлемдік өркениетке қол жеткізуге ниетті.

Латын қарпіне негізделген әліпбиге көшуге дайындық еліміздің барлық өңірлерінде, барлық салаларда жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл облысының Меркі ауданында өткен «Тіл жаңғыруы – жаңа әліпби» атты  шара өтті. Шараға қатысушылардың пікірінше, латын қарпі арқылы қазақ тілі барлық ұлт өкілдеріне қолжетімді болмақ. Бастысы, төл әріптеріміз мағынасын жоймай, лайықты орын алуы керек. Осы және өзгерген латын қарпінің эмлесі бойынша арнайы дайындалған бейнежазбалармен баяндама жасалып, көпшілікке түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиынға өңірдегі сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара соңында республикалық «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі психологиялық тренинг өткізді.

Ал Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында «Тіл жаңғыруы – жаңа әліпби» атты латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған семинар-тренинг өтті. талған мәселеге қатысты үгіт-насихатты және қалың бұқараға түсіндіру жұмыстарын сауатты жүргізу мақсатында ұйымдастырылған шараға әртүрлі сала мамандары, мемлекеттік қызметшілер, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.

Сондай-ақ, тренингте қатысушылар латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жетік меңгеріп, таңбалануын көрсетті. Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Назира Әміржанова семинар-тренингті қатысушылармен еркін форматта сұхбаттасты.

Бұған дейін Қазақстан халқы тілдері күніне орай Жамбыл облысының әкімдігі тілдерді дамыту басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» атты жаңа кабинет ашылған болатын. Бұл кабинет алдағы уақытта азаматтарға жаңа әліпби тізбегіндегі әріптерді үйретіп, әдістемелік көмектер көрсетеді.

Қазақстан Президенті латын қарпіне көшу туралы бастаманы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кезекті рет еске салған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деген болатын.

Еліміздің түкпір-түкпірінде терең талқыланған тақырыптың тамыры тереңде жатыр. Өйткені бұл бастама біздің тарихымызбен, болмысымызбен үндес. Тіл мамандары мен ғалымдар күш біріктіріп көршілес елдердің тәжірибесін ескере келе латын қарпіне көшу мәселесінде уақыт оздырмай нақты іске кірісті. Ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу уақыт талабы болып отыр.

Латын қарпі – болашақтың кілті десек, ал оған көшу еліміз үшін аса маңызды кезеңдердің бірі болатыны ақиқат. Ал Елбасы айтқандай латын графикасына кезең-кезеңімен өтуге басымдық беру  жаңа әліпбиді терең меңгеруге жол ашады. Бұл тұста әрбір Қазақстан азаматы жаңа бастамаға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмылып, қоғам болып  үлес қосу керек.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қозғалып келеді. Осы орайда бірнеше жыл бұрын Елбасы бұл мәселені созбақтамай, шешетін уақыт келгенін айтып, нақты мақсат етіп қойған еді. Жалпы, бұл қазақ халқының латын әліпбиіне көшуі емес, латын әліпбиіне оралуы деп айтсақ болады. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылған еді.  Сөйтіп 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді қамтамасыз етуді және жарлықты іске асырудың басқа да шараларын жасау мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді.

Back to top button