Алдағы 7 жылда Алматының экологиясы жақсарады

Алдағы 7 жылда Алматының экологиясы жақсарады

Алдағы 7 жылда Алматының экологиясы жақсарады
ашық дереккөзі
Алматы әкімдігі қаланың экологиялық ахуалының 2018-2025 жылдардағы мақсатты көрсеткіштерін айқындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жаңа құжатта қоршаған ортаға шығарылатын ластаушы заттарды төмендету, су сынамаларын жақсарту, жасыл желек аумағын арттыру жоспарланған. E-gov электрондық порталында «2018-2025 жылдарға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекіту туралы» Алматы қаласы мәслихатының шешімі орналастырылды. Құжат 6 қарашаға дейін қоғам талқылауында болады. Құжатқа сәйкес, 2025 жылға қарай ауаға шығарылатын ластаушы заттардың көлемі жылына қазіргі 74 969 тоннадан 72 012 тоннаға төмендетілуі тиіс. Ал автокөліктер бөлетін зиянды заттарды жылына 80 мың тоннадан 38 мың тоннаға азайту көзделген. Еске салайық, Алматы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, сарапшылар 2035 жылға дейін қала халқы 3 миллионға жететінін жоспарлауда. Бұл қазіргіден 30 пайызға көп.   Алдағы 15 жылда жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер саны - 3 есе, қоғамдық көлікті пайдаланушылар 4 есе артуы тиіс.  Ал жеке көлік мінетіндер сол қалпында - 600 мың шамасында қалмақ. «Бұл мақсатқа жету оңай емес. Бірақ, біз жетуге тырысамыз. 2050 жылға таман қайта өңделген қалдықтар мен табиғи энергия көздері 10 есе артуы керек», - деген болатын қала басшысы. Бүгінде Алматы ауасы 2,5 микрон (РМ 2,5) диаметрлі шаң-тозаңмен ластанған. Төлеби Амангелді көшелерінің қиылысындағы бұл көрсеткіш қазір 0,5 мг/м3 құрайды. 2025 жылға қарай оны 0,160 м/м3 жеткізу көзделген. Сондай-ақ Қазгидрометтің №27-постының ауданында (Медеу метеостансасы, Горная к-сі, 548) атмосферада күкірт диоксидінің максималды деңгейінің шекті рұқсат етілген концентрациясы 2,5 көрсетіп отыр. Алдағы жылдары оны 0,56-ға түсіру жоспарланған.