Ұлт саулығын сақтау – ұлық парыз

Ұлт саулығын сақтау – ұлық парыз

Ұлт саулығын сақтау – ұлық парыз
ашық дереккөзі
517
Кез келген мемлекет үшін ұлт саулығы бірінші орында. Қазақстанда да тұрғындардың денсаулығын сақтау ісі аса маңызды. Бұл ретте елімізде атқарылып жатқан шаралар мен қолға алынған жобалар жетерлік. Денсаулық сақтау саласын ілгерілетуде елімізде қолға алынған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының маңызы зор. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әлемнің озық дамыған 30 елінің деңгейіне сай келетін азаматтардың денсаулық көрсеткішіне жоспарлы түрде жету үшін және ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жалғасы ретінде әзірленген болатын. Бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай орташа өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін жеткізу, аналар өлім-жітімін – үш есе, нәрестелердің өлім-жітімін – екі есе, Қазақстан Республикасы халқының жалпы өлім-жітімін – 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда 30 пайызға, туберкулезден өлімге ұшырауды 100 мың адамға шаққанда 3,8 адамға дейін төмендету, 15-49 жас тобында АИТВ жұқпасының таралуын 0,2-0,6 пайыз көлемінде ұстап тұру қамтамасыз етілмек. Мемлекеттік бағдарлама 7 негізгі бағытқа бөлінген: қоғамдық денсаулықты сақтау, алғашқы медико-санитарлық көмектің қолжетімділігі, медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру, ынтымақтастықты енгізу және жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттыру негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту. Олардың әрқайсысы бойынша бүгінгі таңда атқарылып жатқан шаруалар шаш-етектен. Мәселен, саланың инфрақұрылымын одан әрі дамыту шеңберінде денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда. Биылғы жартыжылдықта өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда инвестициялардың жалпы көлемі 63 пайызға өссе, ал жеке инвестициялар 31 пайызға артқан. Инвестициялық белсенділік Алматы облысында, Алматы қаласында, Қарағанды ​​облысында байқалады. Бюджеттен тыс инвестициялардың ең көп мөлшері санаторлық-курорттық ұйымдарды дамытуға 41 пайыз немесе 4 740 миллион теңге, көп бейінді ауруханалар мен мамандандырылған стационарларға – 21 пайыз немесе 2 397 миллион теңге жұмсалды. Қоғамдық денсаулықты сақтау шеңберінде 2018-2021 жылдарға арналған қоғамдық денсаулық сақтауды басқарудың іс-шаралар Жоспары бекітіліп, салауатты өмір салтын насихаттау шеңберінде белсенді шаралар жүргізілуде. Мұндай шараларға биылғы 6 айда 6 миллионнан астам адам қатысты, ал халықты иммундау 95,2 пайызға жетті. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметін реформалау жұмыстары жүргізілуде. Ең алдымен, емханаларға шұғыл емес қоңырауларды беру жүргізілді, кезең-кезеңмен қызметкерлерді халықаралық стандарттар бойынша оқыту қолға алынған. Адам ресурстарын тиімді басқару тұрғысында медициналық жоғары оқу орындары түлектері санының артуына байланысты индустриядағы кадрлардың тапшылығы азайып келеді. Шетелдік жетекші университеттермен стратегиялық серіктестіктің екінші кезеңі шеңберінде медициналық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамын елімізде және шетелде оқыту жүргізілуде, студенттердің білімін аралық тәуелсіз бағалау енгізіледі, ал курстан курсқа ауысқан студенттердің ауысу балы 2,2-ден 3-ке дейін көбейеді. Еліміздің 9 өңірінде Бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылды. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жол жүрудің орташа уақыты 7 минутқа қысқарды, сәтті реанимация көрсеткіші 14 пайызға өсті. Одан бөлек алдағы 2019 жылы халықты дәрілік заттармен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың шілдесінен бастап өңірлерге дәрі-дәрмектерді сатып алу және жеткізу шаралары басталды. Медициналық қызметтерді көрсету нарығын қайта реттеу және жеке медициналық өнім берушілерді дамытуды қолдау бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазірдің өзінде кәсіпкерлерді тексеру 10 пайызға қысқартылды. Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар маңызды шараларды қабылдамақ. Мәселен, келесі жылдың аяғына дейін министрлік жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтып, жаңа аймақтар құрмақ. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы алғашқы медициналық көмектің шағын нысандарын дамыту көзделіп отыр. Отбасылық дәрігерлік практиканы одан әрі дамыту аясында диспансерлеуді өлімнің 60 пайыздан астам себептерін айқындайтын ауруларды басқару бағдарламаларына өзгерту жүргізіледі. «2020 жылға қарай ауруларды басқару бағдарламаларымен (артериялық гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі) үш ауруы бар, есепте тұрған пациенттерді қамту 11 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар барлық дәрігерлер мен мейіргерлерге аталған бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай оқыту өткізуі қажет», – деген болатын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Медициналық көмектің сапасын жақсартудың тағы бір аспектісі қауіпсіз босандыруға және ана өлімін төмендетуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламада дәрігерлердің біліктілігін одан әрі арттыру, медициналық ұйымдарды акушер-гинекологтармен және анестезиолог реаниматологтармен жасақтауды 95 пайызға дейін жеткізу көзделген. «Әкімдіктер барлық қажетті мамандарды жалдап, бекітуі, сондай-ақ, барлық жүкті әйелдерді уақытылы есепке алуды және динамикалық бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Желі нормативіне сәйкес монобейінді ауруханалардың көпбейінді ауруханалармен, оның ішінде перзентханалар мен босандыру үйлерінің интеграциясын қамтамасыз ету қажет. Медициналық ұйымдарды медициналық жабдықпен жарақтандырудың ең төмен стандарттарына сәйкес толық жабдықтау қажет. Жергілікті атқарушы органдар жедел көмек пен ауруханалардың барлық қызметкерлерін оқытуды қамтамасыз етіп, бекітілген стандартты енгізуі қажет», – дейді Елжан Біртанов. Медициналық көмектің сапасын арттыру жөніндегі шаралар шеңберінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бойынша бастамалар көзделген. Бірыңғай перспективалық даму жоспары медициналық ұйымдардың түгел желісін республикада бекітілген стандартқа сәйкес келтіруді білдіреді. Сондай-ақ, биыл 31 млрд теңге сомасында 35 объектінің құрылысы жоспарланған. 2019 жылы сомасы 55,6 млрд теңге болатын 33 объектіде құрылыс-монтаждау жұмысы жоспарланған, мұнда 60 пайыздан астамын қаржыландыру көзі жеке инвестициялар болады. Кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту және медицина қызметкерлері біліктілігінің деңгейін арттыру шеңберінде 2019 жылдан бастап Мемлекеттік бағдарлама аясында медициналық ЖОО-ларға және колледждерге іріктеу үшін қосымша емтихан енгізіледі; ЖОО-лар мен колледждердің түлектерін міндетті тәуелсіз бағалау заңды түрде бекітіледі. Министрдің айтуынша, әкімдіктердің жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша жауапкершілігі күшейтіледі (32 пайыздан 60 пайызға дейін жеткізу қажет). Мемлекеттік бағдарламада барлық тегін дәрі-дәрмек беруді дербестендірілген есепке алу көзделген. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі әзірленіп, оны іске қосу және дәрі-дәрмекті пилоттық қадағалау жүйесін енгізу жоспарлануда. 2020 жылға қарай дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі арқылы рецептілік препараттарды электрондық босатуға толық өту қамтамасыз етілетін болады. Ал медициналық жабдықты жаңарту шеңберінде Ұлттық медициналық техника базасын құру, онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында бюджет қаражаты шегінде және МЖӘ механизмдері бойынша медициналық техниканың 150 бірлігін сатып алу, сондай-ақ, медициналық техниканы тиімді пайдаланудың онлайн мониторингін енгізу көзделген. «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес Қор құрылды, онда 100 млрд 5 млн теңге жинақталды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор ТМККК қызметтерінің бірыңғай сатып алушысы болып табылады. Цифрландыру аясында денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында мынадай шаралар жоспарланған: бірыңғай интероперабельділік платформасын өндірістік пайдалануға беру, барлық ақпараттық жүйелердің интеграциясы; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап саладағы медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізу; жергілікті электрондық денсаулық паспорттарын ұлттық денсаулық паспорттарымен үйлестіру. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні 10 млн халықтың электрондық денсаулық паспорттары бар. 2020 жылға қарай халықтың 100 пайызында электрондық денсаулық паспорттары болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл мамырда Қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі шаралар жоспары бекітілді. Жоспардың негізгі бағыттары – жыл сайынғы бюджеті 2,3 млрд теңге болатын салауатты өмір салтын насихаттау және 10-12 млн халықты қамту. Насихаттау шеңберінде қантты, тұзды, темекіні, алкогольді пайдалануды қысқарту секілді ережелер қамтылады. Қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі басқа шаралар 11,5 млн дейін халықты қамтитын профилактикалық қарап-тексерулерді жүргізудің тиімділігін арттыруды қамтиды.

Серіктес жаңалықтары