Жаһан

Қара теңізде харап болған кеме

Металл артқан жүк кемесі Қара теңізге батып кетті. Борттағы экипаж мүшелері құтқарылды. «Кеме бір жағына қарай жантайып, суға батып кетті. Экипаждың сегіз мүшесі түгелдей құтқарылды. Олар қазір Новороссийск айлағын бетке алған танкердің бортында. Олардың жағдайы жақсы», – деп мәлім етті «Росморречфлот» өкілдері. Экипаж мүшелерінің арасында Түркияның екі және Әзірбайжанның алты азаматы бар.    

Мәскеу уақыты бойынша сағат 06:45-те Севастопольдің теңіз құтқару орталығының кезекшісінен Панама туын іліп алған белгісіз кеменің Қара теңізде, жағалаудан 50 миль қашықтықта апатқа ұшырағаны жөнінде хабар келіп түскен. Кеме бір жағына қарай жантайып кеткен. Шұғыл арада кемедегі адамдар құтқарушы салға көшіріліп, көмекке теңіз кемелері келіп жеткен. Оның ішінде «Минерва» танкері де бар. Ол апатқа ұшыраған кеменің экипажын отырғызып, оқиға орнынан алып кетті.  Ал кеменің өзі суға батып кетті.  Мұнда судың тереңдігі – 1900 метр. Судың ластану қаупі жоқ. Құтқару орталығының мәліметінше, кеме бұл металды Түркияға апара жатқан.

Back to top button