Ет бұзылса, тұз себесің, сот бұзылса?..

Ет бұзылса, тұз себесің, сот бұзылса?..

Ет бұзылса, тұз себесің,  сот бұзылса?..
ашық дереккөзі

Қоғам болған соң түрлі қылмыстар орын алады. Біреулердің қолы қанға малынып, қылмыс арқаласа, екіншісі жақынынан айырылып, айықпас қайғы-қасірет арқалайды. Біз әрине, адам өліміне душар қылатын қылмыс жайлы айтып отырмыз. Бұндайда әр екі жақтың жүгінетін жері әділ заң, сол әділ заңмен жұмыс істеуге ант еткен соттың алды. Алайда осы әділ деп үміт күтетін сот әрдайым ақиқатын ашып, әділ үкім айта ма? Әсіресе, үлкен қала, облыс орталықтарынан мойны алыс, ауыл, аудандық соттардың әділдігі, кәсібилігі қандай?

Биылғы маусым айында Күршім ауданына қарасты Ақжайлау ауылында ауыр қылмыстық оқиға болды. Анықтай айтсақ, сол ауылдың тұрғыны Қ.Қабыланұлы деген жас жігітті Б.Мұхамеденов деген ауылдасы жүрегіне пышақ салып, жазым қылды. Жиырма төртке енді келген қыршын жас осылайша, адамның қолынан өлді.

Әрине, қылмыскер қолға алынып, тергеу жүргізілген. Бірақ, сол сот алды тергеу-тексеру істерінің шалағай, тек біржақты жүргізілуі қайтыс болған марқұмның әке-шешесі мен туған-туыстарын қатты алаңдатып отыр.

Біз тергеуші емеспіз, сот та емеспіз, бірақ жәбірленуші жақ тергеу-тексеру жұмыстары Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодекске (ҚР, ҚПК) сай жүргізілмей отыр деген наразылығын айтады. Оның себептері де жоқ емес. “Біріншіден, тергеу барысында күдіктінің ісін айғақтайын дәлелдемелер толық тексерілмеген. Оған қатысты куәгерлердің жауаптары да жан-жақтылы зерттелмеген.

Екіншіден, жәбірленуші жақ қылмыстық іс бойынша сараптамалар тағайындау қаулысымен және сараптамалар қорытындысымен қылмыстық істі тергеу біткен соң бір-ақ таныстырған. Бұл іс жүзінде тергеу барысындағы жәбірленушінің құқын өрескел бұзу болып табылады. Ал, сараптамаға сәйкес, жәбірленуші жақтың айғақ-куәлары сырт қалып, тергеушінің сұрағы да күдіктінің ыңайғына қарай қойылған”, – дейді жәбірленуші тарап. Ең әуелі күдіктінің экспримент кезіндегі берген жауаптары оқиға орнында болған басқа екі адамның оқиғаның мән-жайы туралы берген жауабымен қайшы келгенін айтуға болады. Бірақ бұл тергеу қортытындысында түзетіліп, бәрінің жауабы бір ізге түсіріліпті дейді талапкер жақ. Тізе берсек, тергеу-тексереу қорытындысында күдіктінің қылмыстық ісін айғақтайтын талай айғақ-дәлелдер ескерілмей, куәлар тыңдалмай, оқиғаны бұлтартпайтын қылмыстық іздерді жабуға әрекеттену байқалатын сияқты. Осыған байланысты «тергеу ісі неге біржақты жүргізіледі? Тергеушілер неге күдіктінің мүддесін ғана қорғауға, қылмысты бүркемелеуге тырысады?» деген сұрақтар туады. Мұны әрине, жәбірленуші жақтың шағымы бойынша прокуратура органы анықтап, әділ әрекет жасайды және сот отырысы барысында айтылған олқылықтар түзетіледі деп сенеміз.

Осы орайда айта кететін бір жайт – Күршім аудандық «Рауан» газетінің шілденің 1 күнгі санында шыққан ақпарат та назар аудартады. Онда Күршім ауданының №2 аудандық сотының бас маманы Д.Сатпаева «Бұлтартпау шарасы санкцияланды» деген тақырыппен материал жариялап, аталған қылмыс жайында сөз қозғайды. Онда: «2015 жылы  17 маусым күні сағат 6:00 шамасында ол (күдіктіні айтып отыр-Автор) сөзге келіспеушіліктің салдарынан Қ. есімді азаматпен байланысып, төбелесіп қалған. Төбелескен кезде азамат Б. азамат Қ.-ның сол жақ кеудесінің тұсына бір рет пышақ сұғып, дене жарақатын келтірген. Осы алған дене жарақаттары салдарынан Қ. қайтыс болып, абайсызда адам өліміне жол берген», – делінген.

Сонда, тергеу қорытындысы, сараптама нәтижесі шықпай тұрып, бас маман бұл қылмыстық оқиғаның «абайсызда болған адам өлімі» екенін қайдан біліп отыр? Әлде тергеудің солай жүргізілетінінен хабары бар ма? Тергеу қорытындысы бекітілмей, тіпті, сот үкімі шықпай тұрып, сот өкілінің газет арқылы қылмыстық іске бұлайша баға беруі заңға сия ма? Төбелесіп, біреудің кеудесіне пышақ сұққан адам абайсызда емес, қасақана кісі өлтірген болмай ма? Айта берсек сөз көп. Біздің алаңдайтынымыз, сот пен тергеушілер заңды бұрмалап, қылмыстық істі бүркемелеп, әділетсіз үкім шығармаса екен дейміз. Қайтыс болған марқұмның артында жоқтаушысы, ұлардай шулаған елі, ауылдастары отыр. Айғақ-дәлелдері, куәлері де жетерлік. Егер осының бәрі бұрмаланып, ақиқат аяққа тапталса, заңды керексіз қылса, оның әсері жақсы болмайтыны анық.

Биыл жыл басында Президент Н.Назарбаев Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдаған болатын. Онда Елбасы республика соттары 2015 жылдан бастап азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдігін нығайтуға бағытталған жаңа қылмыстық заңнама аясында жұмыс істеп жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сот төрелігін атқаруды одан әрі жақсарту, оған халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету, Қазақстанның судьялар корпусының кәсібилігін арттыру қажеттігін де айтты.

Біздіңше, Президент айтқан кәсібилік ең алдымен өз ісін жетік білу және барлық істе адал болып, әділдікпен сот төрелігін айту. Сол арқылы қарапайым халықтың, азаматтардың құқын сақтап, заң алдында, ел алдында адамдық арына, кәсіби қызметіне дақ түсірмеу. Біз де солай болуын тілейміз.

Мұрат Алмасбек, Шығыс Қазақстан облысы