Мақсаты ортақ жандар әрқашан тіл табысар

Мақсаты ортақ жандар әрқашан тіл табысар

Мақсаты ортақ жандар әрқашан тіл табысар
ашық дереккөзі
Біз бүгіндері оқыс оқиға, ұрлық-қарлық, кісі өлімі туралы ақпаратқа селт ете қоймайтын қоғамда өмір сүреміз. Теледидардан атыс-шабыс пен зорлық-зомбылық көрсетіліп жатса да, оның барлығын сценарий желісімен түсірілген фильмдей қабылдаймыз. Бұл уақыт өте келе адам бойындағы қайырымдылық атты қасиеттің жоғалуына алып келмей ме? Егер адамзаттың бойынан мейірім жоғалса, әлемдегі қақтығыстар өрши түседі. Астанада VI Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жұмысын бастады. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өтетін съезге саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысады. Одан бұрын съезд хатшылығының XVII отырысы өтті. Оған төрағалық еткен Сенат спикері, съезд Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға жаһандық діни құрылтайды дайындауға белсенді қатысқандары, сондай-ақ, Қазақ­станның осы саладағы идеялары мен бастамаларын өз елдерінде ілгерілетіп, ұдайы қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді. Қ.Тоқаевтың байламынша, адамзат тарихының қай кезеңінде болсын, дін саясат пен халықаралық қатынастардың ажырамас бөлігі болып қала береді. «Бүгінде, XXI ғасырда ашылған кең ауқымды материалдық, ғылыми-техникалық, зияткерлік мүмкіндіктерге қарамастан, рухани даму мәселесі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларында маңызды орынға ие болып отыр. Соңғы уақытта әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Нәтижесінде, әлеуметтік теңсіздік, этносаралық және дінаралық төзбеушілік сияқты өткір мәселелер ушыға түсті. Түрлі діни сенімдерді бір-біріне қарсы қою салдарынан және «Құдай жолындағы ізденісті» қалқан етіп, теріс әрекеттер жасау нәтижесінде шиеленістер мен ашық қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болуда», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Оның айтуынша, жалған ұрандарды желеу еткен жасанды діни құндылықтар террорды насихаттаушылардың «жаппай қырып-жою қаруына» айналды. «Мәдени және діни ерекшеліктерді бұрмалап», «әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың шала сауаттылығын өз мүдделеріне сай пайдаланатын» жікшіл топтар өз жақтаушыларын көзсіз табынуға мәжбүрлеп отыр. «Аудиторияның назарын аударатын жаңалық іздеген бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы өзге дін өкілдеріне төзбеушілік пен жеккөрушілікті кеңінен таратуға айтарлықтай ықпал етті. Сондықтан қырып-жоюды емес, жасампаздықты алға тартатын рухани көшбасшылардың рөлі аса маңызды, олар діннің шынайы бет-бейнесін айқындап көрсете алады. Кез келген азаматтық қоғамның толеранттылығы мен беріктігін діни сенімнің түпкі мәнін аша түсетін рухани және адами ағарту ісі ғана нығайтады», – деді Қ.Тоқаев. Съезде сөз алған Қытай даошылары Ассоциациясының өкілі Ли Гуанфу Қазақстанда әртүрлі дін өкілдері болғанына қарамастан, дін саясатындағы реформалары әлем елдеріне үлгі екенін айтты. «Мақсаттары бір адамдарды биік таулар да бөле алмайды» деген жақсы мақал бар. Қазіргі кезде әртүрлі діндер мен мәдениеттер бір мақсатты мүдде тұтқан ортақ қоғамға бірігуі тиіс. Діндер мен мәдениеттер қазір Азия мен Еуропада да басын біріктірген негізгі одаққа айналып отыр. Қазақстан бірінші рет осы бір белдеу, бір жол деген негізгі бастаманы алғаш рет ұсынған болатын. Ол осы мүддесі, мақсаты бір халықтардың қауымдастығы болып табылады», – деді Ли Гуанфу. Оның айтуынша, дін көшбасшыларының бас қосуы бастамасы әртүрлі діни мәдениеттерді біріктіруде және де әртүрлі діни интеграциялардың басын біріктірудегі негізгі бағдарлама болып отыр. «Ол осы соңғы онжылдықтардың ішінде өркениеттерді біріктірудегі табысты жол деп айтуға болады. Бұл «Бір жол, бір белдеу» атты бағдарлама көрсетіп отырғандай Қытай бүкіл әлемге бейбіт даму мен бейбіт реформалаудың негізгі тұжырымдамасын ұсына алатынын көрсетіп отыр», – деді Қытай даошылары қауымдастығының өкілі. Этносаралық және қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін көрсетіп отырған ел ретінде Қазақстанның халықаралық шиеленістерді шешуге, толеранттылық пен өзара түсіністік қағидаттарын нығайтудың жолдарын бірлесіп іздеуге алаң ұсынуы – заңды құбылыс. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бірқатар ірі реформалар жүргізілді, олар еліміздің жоғары экономикалық өсімге, әлеуметтік тұрақтылыққа және демократиялық дамуға қол жеткізуіне ықпал етті. «Ұлт көшбасшысының көреген және сарабдал саясатының арқасында еліміз әлемнің озық дамыған 50 елінің қатарына кіру жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде Қазақстан эволюциялық дамудың жаңа толқыны – «идеологиялық өзгерістерді» бастан өткеруде. Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында негізі қаланған қоғамдық сананы жаңғырту идеясы озық елдердің қатарына кіру жөніндегі міндетті іске асырудың келесі сатысы болып саналады», – деді съезд Хатшылығының төрағасы. Қ.Тоқаевтың пайымдауынша, озық тәжірибелерді зерделеу және қолдану ұлттың бә-секеге қабілеттілігінің негізгі шарты болып отырған қазіргі жаһандану дәуірінде Елбасының жалпы қоғаммен қатар жеке адамға қарата айтқан таяудағы Жолдауы оның әлемдік трендтерді дәл бағалай білетін саяси көрегендігін және нағыз көшбасшыға тән қасиеттерін көрсетеді. «Бұл үндеу уақыт талаптарына сай келеді әрі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеяларымен және мақсаттарымен үйлесім табады» деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жиында әртүрлі діндердің өкілдері сөз алып, съезде талқыға салынуы қажет мәселелерді көтерді, ұсыныстарын ортаға салды. Хатшылық отырысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің күн тәртібі мақұлданды. Сондай-ақ, съездің секциялық отырыстарының модераторлары мен баяндамашыларының тізімі бекітілді. Бұдан бөлек, съезд қатысушыларының қорытынды құжатының (Астана декларациясының) жобасы қаралды. Съезд хатшылығының келесі отырысы 2019 жылғы қыркүйекте өтпек. Кезекті VII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі 2021 жылы Астанада ұйымдастырылады деп белгіленді.