2019
Ауыр машина өндірісінің өркендеуі
Ауыр машина өндірісінің өркендеуі
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеуді тапсырған болатын. Елімізде индустрияландыру бағдарламасының қарқынды жүзеге асырылуы арқасында шикізат қана емес, неғұрлым күрделі өнімдер шығаруға бейімделе бастағанымыз қуантады. Соның жарқын мысалы ретінде машина жасау саласының жаңа өнімдерін айтуға болады.
Қоғам өмірінің түрлі саласына қажетті құрал-жабдықтарды, машиналарды, станоктарды, құрылғыларды, сонымен қатар халыққа арналған тауарларды құрастыратын машина жасау өнеркәсібі елдегі агроөнеркәсіптік кешеннің, энергетикалық және металлургиялық сектордың, сондай-ақ, экономиканың басқа да негізгі салаларындағы қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл саланы кешенді жаңғырту мен оны халықаралық деңгейде алға жылжыту Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттыруға әрі еліміздің әлемнің озық 30 мемлекетінің қатарына қосылуға ықпал ететінін атап өткен болатын.
Асхана жабдықтарынан бастап, ұшақтарға дейінгі өндірілетін тауарлардың кең ауқымын қамтитын машина жасау өндірісі елімізде өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастау алады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін Кеңес Одағының еуропалық бөлігіндегі көптеген машина жасайтын зауыттар Қазақстанға көшірілді. Соғыс аяқталған соң бұл зауыттар кен өндіруге және ауылшаруашылық секторларына арналып қайта мамандандырылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз машина жасау өндірісінің кейбір салаларын, атап айтқанда, станок жасау мен қозғалтқыштарды өндіру ісін тоқтатты. Оның орнына локомотив өндірісі, автокөліктер шығару сынды жаңа салалар қолға алынды. Электротехникалық жабдықтар секторы жаңа тынысқа ие болды.
Қазіргі таңда республикамызда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында машина жасаудың 6 секторы кең қанат жайып келеді. Атап айтқанда, автокөліктер жасау, мұнай-газ машиналарын шығару, ауылшаруашылық көліктерін құрастыру, тау-кен өндірісіне қажетті көліктерді дайындау, электротехникалық машиналарды жасау сияқты ірі-ірі секторлардың жұмысы өнімді. Мемлекет тарапынан аталған салаларға қолдау көрсетіліп, 2002-2016 жылдар аралығында оның даму көрсеткіші 77 пайызды құрады. Бүгінде елімізде жоғарыда аталған секторлардан бөлек, тау-кен-металлургиялық, ауылшаруашылық, мұнай-газ, әскери және көлік құралдарының өндірісіне де айрықша көңіл бөлінуде.
Әлемге танымал шетелдік ірі компаниялармен әріптестік қатынастың жақсы жолға қойылуы еліміздің бірнеше өңірінде көлік құрастыру зауыттарының пайда болуына алып келді. Соңғы он жылдықта Қазақстандағы машина жасау өндірісіне тартылған шетелдік инвестиция көлемі бес есеге ұлғайған. Қазір елімізде Toyota, General Electric, Talgo, General Motors, LG, Alstom және тағы басқа машина жасау өндірісінің әлемдік көшбасшылары жұмыс істейді. Бұрын шетелдерде ғана шығарылып, бізге импортталатын жапон, неміс, корей, орыс көліктері енді өз ішімізде құрастырылып, халыққа саудалануда. Бұл құбылыс ел ішіндегі ескірген жеңіл көліктердің азайып, олардың орнын сылаң қаққан жаңа көліктердің басуын жеделдетті.
Республикамызда теміржол машиналарын жасау ісі де еңсе тіктеді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының осы істі стратегиялық басымдық ретінде қабылдап, белсенді әрекет етуінің нәтижесінде осыдан он шақты жыл бұрын тек шетелдерден ғана көретін испан вагондары біздің еліміздің климатына бейімделіп, өз ішімізде шығарылуда. Сөйтіп, Кеңес Одағынан мұраға қалған ескірген вагондар санаулы жылдардың ішінде күрт жаңартылды. Компанияның құрылымдық бөлімшелері мұнымен ғана шектелмей, олардың қосалқы бөлшектерін де өз ішімізде шығаратын болды.
Ел Үкіметінің АҚШ-тың атақты «Дженерал электрик» компаниясымен іскерлік қарым-қатынас орнатуы теміржол көлігі саласында тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде болмаған мүлдем жаңа күрделі технологияны құрастыру ісін игеруімізге мүмкіндік берді. Осы мәселеде қол жеткізілген уағдаластыққа байланысты 2006 жылы Астана іргесінен америкалық локомотивтерді құрастыратын жаңа кәсіпорын құрылысы басталған болатын. Ол тездетіп салынып, жұмысқа да кірісіп кетті. Осы уақытқа дейін ТЭ33А сериялы 300-ден астам жүк локомотиві, он шақты ТЭП33А сериялы жолаушы тасымалы локомотивтері шығарылған еді. Енді, міне, оларды өзіміз ғана тұтынып қоймай, таяу көршілерімізге де экспортқа шығара бастадық.
Мәселен, көктемде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Тәжікстан астанасы Душанбеге жұмыс сапары аясында Hyundai County маркасының қазақстандық 300 автобусын, 500 жүк вагонын, 4 маневрлік және магистральді локомотивті және 5200 тонна Р-65 маркалы рельстерін, сондай-ақ, ауқымы 30 мың тонналық Рогун ГЭС-інің құрылысы үшін «Арселор Миттал Теміртау» АҚ өндіретін арматураларды жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Демек, өзара сауда айналымын 2 млрд долларға жеткізуге уағдаласқан Қазақстан мен Тәжікстанның экономикалық байланыстары әрі қарай өрістей түспек.
Жуырда отандық машина жасау саласының жарқын болашағына сенімімізді арттыра түскен тағы бір жылт еткен жаңалық Бакуден жетті. Әзірбайжан жолдарында Қазақстанда шығарылған заманауи электровоздар жүре бастапты. Келісімшарт бойынша, отандық зауыт бұл елге 50 электровоз жөнелтуі тиіс. Осы арқылы елдегі теміржол тасымалының көлемі едәуір артпақ.
Әзірбайжан мамандары қазақстандық электровоздарға жоғары баға беруде. «Қазақстаннан әкелінген электровоздардың бұрынғылардан артықшылығы, электрді аз жұмсап, көбірек вагон тарта алады. Үнемді техника. Машинистің кабинасы заманауи құралдармен жабдықталған», – дейді Баку локомотив депосының бастығы Ядигар Ширмамедов.
Қазақстандық электровоздардың қыр-сырын меңгеру үшін әзірбайжандық машинистер арнайы даярлықтан өткен. «Бұрынғы локомотивтердің жылдамдығы сағатына 100 шақырым болған. Ал жаңалары 160 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Сондай-ақ, бұл локомотивтер екі жүйелі, тұрақты және ауыспалы тоқпен де істейді. Ескі локомотивтер 15 вагон тартса, бұған 25 вагон жалғауға мүмкіндік бар», – дейді Вагиф Мусаев есімді машинист.
Қазіргі таңда қазақстандық электровоздар сынақтан өткізілуде. Ал келесі жылдан бастап жаңа локомотивтер Әзірбайжан аумағы мен шет елдерге жолаушылар мен жүк тасымалдай бастайды.
Бұл жаңалықты естігенде төбеміз көкке жеткендей болғанын несіне жасырайық?! Өйткені автобус, вагон, локомотив экспорттау дегеніміз астық, болмаса, шикізат экспорттау деген сөз емес. Бұл тасымалдың жөні бөлек, маңызы ерек. Бұдан былай мемлекетіміз адамның күші ғана емес, ақыл-ойы мен білімі жұмсалатын, осының нәтижесінде тауардың қосымша құнын қалыптастырып қана қоймай, сол өнімдерді сыртқа сатып пайда табатын елге айналғанын осыдан аңғаруға болатындай. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында көзделген негізгі мақсаттардың бірі де осы емес пе еді?
Десе де, қол жеткізген бұл жетістіктер арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес. Отандық машина жасау өндірісінің алдында бұдан да үлкен міндеттер тұр. Ең әуелі, бұл сала жаһандық өзгерістер мен заманауи жаңалықтарға дайын болуы қажет. Белгілі сарапшы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының машина жасау және металл өңдеу комитеті төрағасының орынбасары Павел Беклемишевтің айтуынша, еліміздің импорт бойынша шығындарының 40 пайызы машина жасау өнімдерін әкелуге кетеді екен. «Бұл Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы, яғни сұраныс бар екендігін көрсетеді. Өткен жылы еліміздегі машина жасау өндірісі 960 миллиард теңгені құрады. Менің ойымша, импорттың біраз бөлігін өзіміз де өндіре алатын едік. Бізде ішкі нарық бар, алға қарай жылжуға себеп те жоқ емес. Алдымен өзімізде өндірсек, кейін экспортқа шығаруға да болатын еді», – дейді ол.
Ал еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батановтың сөзінше, 2018 жылдың басынан еліміздегі машина жасау өндірісі 2017 жылмен салыстырғанда, 12,2 пайызға өсіп, 384,6 млрд теңгені құраған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 5,6 пайызға өсіп, 913,6 млрд теңгені құраған болатын. Машина жасау өндірісінде автокөліктер жасау саласының жоғары үлеске ие екені белгілі. Комитет басшысының айтуынша, өткен жылы республикамызда 19,5 мың автокөлік шығарылған. «2017 жылы аталған саланың күрт дамуы нарықтағы сұранысқа, экспорт нарығының ашылуына, сонымен қатар мемлекет тарапынан жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына байланысты болып отыр. Былтыр әрбір сатылған автокөліктің үшіншісі отандық кәсіпорындарда жасалған», – дейді А.Батанов.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы аясында «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданған болатын. Машина жасау саласында да кәсіпорындардың әрі қарай дамуы мен бәсекеге қабілетті болуы өндірісті цифрландыру мен технологиялық жетілдіруге келіп тіреледі. Осы мақсатта Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіпті цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Шетелдік әріптестермен біріге отырып 605 компания мен тау-кен-металлургиялық кешені зерттелген болса, оның 291-і машина жасау кәсіпорны. Бағалау нәтижелері бойынша кәсіпорындардың тек 3 пайызы ғана өндірісті автоматтандыру мен цифрландыру негізіне ие. Демек, аталған салада цифрландыру элементтерін енгізу жұмыстарына басымдық беру қажет. Соның арқасында өндірістің тиімділігі артып, өндірілетін өнімнің өзіндік құны төмендей түспек.