Алматы облысында жылдың үздік ұстазына көлік кілті табыс етілді

Алматы облысында жылдың үздік ұстазына көлік кілті табыс етілді

Алматы облысында жылдың үздік ұстазына көлік кілті табыс етілді
ашық дереккөзі
Алматы облысында «Жылдың үздік ұстазы» атағын Алма Маханова жеңіп алды. Жамбыл ауданындағы А.Бейсеуов атындағы орта мектептің атынан сынға түскен жеңімпазға облыс әкімі су жаңа автокөліктің кілтін табыстады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын яғни 2016 жылы дәл осы номинация Жамбыл ауданына бұйырды. Ү.Кәрібаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлхан Нұрғазиева байқаудың бас жүлдесін қанжығалап, автокөлік жеңіп алған болатын. Бүгін Талдықорғанда Мұғалімдер күні қарсаңында өңірдің білім саласына еңбегін сіңірген ардагер, зейнеткер педагогтар мен осы күнде жастарды білім нәрімен сусындатып, бар білімі мен біліктілігін ұрпақ тәрбиелеу ісіне аямай жүрген бір топ ұстаздар марапатталды. Марапатталушылар қатарында «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атағы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісіне» ие болғандар да болды. Салтанатты шара барысында Қарасай ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектеп «Үздік ауылдық мектеп», ал Еңбекшіқазақ ауданындағы мектепке дейінгі «Бәйтерек» мекемесі «Үздік балабақша» деп танылды. Қазіргі таңда облысымыздың білім беру саласында 35 мыңнан астам адам еңбек етуде. Түрлі республикалық байқауларда облысымыздың ұстаздары жоғары нәтижелер көрсетуде. Атап айтқанда, «2018 жылдың үздік мұғалімі» байқауында Алматы облысының бір топ ұстаздары лайықты түрде «Үздік педагог» атағына ие болды.