ЖАҚСЫҒА ШАШУ БОП ШАШЫЛҒАН

ЖАҚСЫҒА ШАШУ БОП ШАШЫЛҒАН

ЖАҚСЫҒА ШАШУ БОП ШАШЫЛҒАН
ашық дереккөзі
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Гүлжайна», «Мейір», «Біздің жақтың аспаны», «Қасиеттілік шырағы» секілді жыр кітаптарының және бірнеше прозалық шығармалардың авторы – ақын Жадыра Дәрібаеваның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі мол. «Көркем шығармашылықтың міндеті – адам табиғатын байыту, ой-өрісін өсіру, биіктету, әркімді өз жүрегінің түкпіріндегі тұнық сезімдерге, сана түйткіліндегі алуан түрлі ағыстарға үңілдіріп, маңайындағы басқа да жұмыр бастының шырылдаған жан айқайына құлақ астырып, сыршыл әлем тынысын тыңдату» деп 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан «Ақ бура сезімдер» атты біртомдығына жазған алғысөзінде айтқанындай, ақын жырларының поэтикалық бояуы қанық, сыршыл сезімдерге бай. Тіршілік атты асау ағыста аңсаған арманға қол жеткізу оңай емес, түрлі кедергілерді жеңіп, асау да асу белдерден асуға тура келеді. Кейде өмірдің бұралаң соқпақтары көздеген межеге уақытында жеткізбей кешіктірсе, кейде діңкелетіп, орта жолдан кейін қайтуға мәжбүрлеуі де мүмкін. Алайда адам баласы басынан қандай жағдай өтсе де айнымауы тиіс бір нәрсе бар, ол – өзіңнің адамдық қалпың. Сондықтан: Күйттемей күйбеңін басымның, Шаншу боп жақсыға шашылдым. Шаншу боп қадалып жаманға, Бірі ысып, бір суып басылдым, – деп бар болмысын бір шумақ өлеңге сыйғыза білген қаламгердің нені қадірлеп, нені жаратпайтынын сезе білгендер ақынның адамдыққа деген көзқарасын айқын тани алса керек. Көңілдің тыныштығы тірліктің мәнін ұғынуда десек, Ұлы Абайдың «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! Саяламай, сай таппай, не күн туды басыңа, күні-түні жай таппай?» деген жырының мағынасына бойлау керек. Өз жүрегінің дүрсіліне құлақ түріп, тірліктің мәні тойымсыздықта емес, қанағатта екенін ұға білгендер дүниенің басы мен аяғына ой жүгіртіп, жалғанның көз алдар қызыл-жасылынан іргесін аулақ салады. Ол, әрине, әсіреқанағатшылдық емес, жан-дүниенің кеңдігі. Бұзылма, көңіл, бұзылма, Қызығып кетіп қызылға. Тайғанап құлау бір-ақ сәт, Қисынсыз жерде қызынба.   Айныма, көңіл, айныма, Тұра алсаң төтеп қайғыға. Артынан келер қуаныш, Жамандық кетер қаймыға. Төзе біл, көңіл, төзе біл, Жүрегін достың сезе біл. Өрекпіп қанша тұрғанмен, Бәріміз барар меже бір... «Алма ағашынан алысқа түспейді» демекші, қандай ақын болса да, оның қалыптасуына өскен ортасының сөзі әсер етпей тұрмайды. Сөз өнерінде орны бар өз өлкесінің ірілерін танып-білу – қаламгердің әдебиетке кездейсоқ келмегенін білдірсе керек. Бұл сөзімізді ақынның мына бір жыр жолдары да дәлелдейді: «Бағалау бар, жағымпаздық бір бөлек, көлеңкелі болар ма еді бәйтерек? Мезгілімен нәр алмаса жерінен, өспесе егер күн нұрына еркелеп?». Жалпы, Сыр бойы ақындары қазақ жырына дидактикалық сарынды кеңірек енгізген. Олар жалған дүние мен мәңгіліктің айырмасын философиялық тереңдікпен жырлаған. Сол сарын Жадыра Дәрібаеваның жырларында да бар: «Тартысы көп, айтысы көп өмірде, шырылдаумен қанша жүрек сөнуде; сыбағамды алмадым деп еселеп, кейбіреулер құдайды да сөгуде. Бар жақсылық келе бермес бір басқа, әр пейілге арналады жыр басқа; кезегімен келіп тұрар қайғы, бақ, күндеріңе көгереңдеп күл шашпа». Адамға ар-ынсап неге керек дегенге, жанның тыныштығын сақтау үшін керек дейді ақын. Өйткені: Малынған алтынға, жақұтқа Тігісін жатқызып жалғанның, Жүргендер жеттік деп бақытқа, Білмейді-ау көз жастың салмағын... Ақындықтың бірі қыры – сыншылдық, бірақ ол кез келгеннің мінін айтып, бетін тырнау емес, ретті жерінде оспадарсыздықтың ойсыздығын айтып, қай нәрседен болса да жамандық табуға дайын тұратындардың түңілгіштігіне тоқтау салу. Бүгінде қазақтың көп нәрсеге көңілі толмайды. Бірақ оның бәрі әділетті емес, ішінде асыра сілтеуі толып жатыр. Басқасы басқа, өз ішімізде қазақтың елдігіне күмәнмен қараушылар жоқ емес. Осындай келеңсіздікке ашынған ақын: «Бірегей қалықпыз біз қарға тамыр, сақтардан басталады ата дәуір; қаны мен жанын берген туған жерге, бар қазақ бір-біріне туыс-бауыр. Үйрену керек барды бағалауды, сөз саптап, ақыл-ойды саралауды; кесапат жоламайды кесірсізге, қою керек жұртыңды табалауды» деп тойтарыс береді. Елдік – іріліктің белгісі. Ірілікке майда-шүйде, өсек-аяң жараспайды. Халық сөзіне құлақ түрсек: «Өспейтін бала – өнбейтін дауды даулайды». Бірақ демократияны анархия деп түсінетіндерге бетті тырнай сөз айту, қайбір нәрсенің жақсылығына зер салмай, тек кемшілік теру әділдік секілді көрінеді. Бірақ осы заманға жеткенше «мың өліп, мың тірілген» халықтың ұрпағына аса ұстамды болмау үлкен мін. Әйтпесе, «Ұсақталып қасиеті ерлердің, тең түсіп тұр есік пенен төріміз» деген налуға жеткізеді... Сол үшін: Тәуірлерді айту керек тәуір деп, Көбейгені күншілдердің ауыр тек. Абыройы ортақ елдің ұл-қызға, Бақыт жасап бермес өзге қауым кеп, – деген сөзге құлақ асқанымыз абзал. Туған жер тақырыбы бір қарағанда кез келген ақын үшін оңай тақырып көрінуі мүмкін, бірақ туған жеріңнің өзге жерден ерекшелігі неде, соны қалай өзгеше жырлауға болады деген мәселе алдынан шыққанда кім-кімнің де самайынан тер сорғалатары анық. Ал өскен ортасының рухани құдіретін терең сезініп, жүрегіне сыр түйгендер үшін ол көсіліп айтар жыр, шабыттана шертер сыр: Біздің елдің жыр айтпайтын жері жоқ, Қамысына дейін әнші киелі. Көп өсімдік өспесе де даламда, Әрбір бұта ән-күйге бас иеді.   Бұйра құмдар буырқанып сан түрлі, Құлақ салсаң шығарады наз үнді. Ерке-тотай желі келіп әндетіп, Ала қашып жөнеледі бөркіңді. Бұл Жадыра Дәрібаеваның қаламынан туған суретті өлең. Екі шумақ өлең бүкіл Сыр бойының табиғатын тануға жетіп жатыр. Сыр бойы кезінде айдынды Аралымен де әлемге мәшһүр болған өлке. Бірақ күні келгенде адам қолымен жасалған кесапаттан Арал да тартылып, аумақты шөл даланың жарқыраған жанарындай болған табиғаттың осы бір ғажабы жер бетінен мүлде құрып кетуге шақ қалды. Бұған, әрине, ақынның, ақын болғанда да Аралдың ақжал толқындарының шуылын естіп өскен ақынның жаны шырылдауы хақ: Кісенделіп өз даламда, Саңылау қалмай санамда, Тартылғанынша тақыр боп, Алаңдамадым Аралға.   Сатқынмын, тарттым сазайды, Жақтырмай құмдар қарайды. Бір кезгі таудай толқындар, Тас болып жанды қажайды... Кезінде «Арал тағдыры – адам тағдыры» дедік. Өйткені табиғат пен тіршілік әманда егіз. Себебі жаратылыста басы артық жасалған ештеңе жоқ. «Адамның есебі болса – Алланың де есебі бар» деп бұрынғының кісілері айтқандай, жақсылықтың жайнауы да, жамандықтың етек жаюы да адамның өзінен. Сондықтан «Жылататын адамды Құдай емес, өз пейілі – құлқынға көгенделген». Ақын үшін Отаннан киелі, қастерлі ештеңе жоқ. Ал әйел заты ана болғандықтан әрдайым ұрпақтың амандығын, бейбіт күннің берекесін бірінші орынға қояды. Сондықтан Жадыра Дәрібаеваның: Пәк сәбиді аялаған алақан Өмір-бақи ұшырсын деп балапан, Мен – анамын, Тілей жүріп тыныштық, Тағдырыңа алаңдаймын, жан Отан! – деп жырлауы заңды. Отанның тағдырына алаңдаған жанның уайымы да көп болады. Халықтық болмыстың бұзылуы, ата-баба дәстүрін мансұқтау, ұрпақ тәрбиесінің олқылығы, құлқынқұмарлықтың асқыну, т.с.с. түрлі рухани індеттер иектеп алған мына заманда саналы адамның алаңдамауы қиын. Демек: Құмарына қанамын деп қызықтың, Құрбаны боп айлакер мен бұзықтың, Нұрлы сана, адамдық пен ұлттыққа, Салынғанын сезбей жүрміз құрықтың, Лайланғанын «иман» атты тұнықтың...   Құныққанның тоқтамы жоқ құламай, Бұл өмірден өткендер аз жыламай. Мен үшін ғой сенен асқан халық жоқ, Кей қылығың жүргенімен ұнамай, Киелім-ау, болсаң етті қырағы-ай, – деп тебірене жырлаған ақын шер толғауына құлақ аспау түйсіксіздік болар еді. Себебі елін шын жүрегімен сүйген жанның лебізі дәйім шынайы да өнегелі. Ақынның поэзиясы сан-салалы. Біз оның шығармашылығының бір қырын ғана сөз ете отырып, адамгершілікті ту еткен ақынның: Жақсылықты аз көрдім деп өкінбе, Ғұмырың да бейне өзіңнің тұлғаңдай. Туған жерге, тірі жанға, өмірге, Қарау керек соңғы көріп тұрғандай, – деген жан лебізін болашақ ұрпақ өзіне өнеге етеріне сенеміз.