Астанада өткен «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған сайысқа еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық бала қатысты. Олардың ішінде 153-і ерекше қажеттілігі бар балалар. Қатысушылар бочча, эстафеталық ойындар және жеңіл атлетика бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, 189 жүлде жиынтығын сарапқа салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Фестиваль «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Әйелдер қанаты бастамасымен Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды спорт арқылы қоғам өміріне бейімдеу, олардың әлеуетін ашу және инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал ету.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева ерекше балалардың жігері мен табандылығын жоғары бағалап, олардың жетістігі барша қоғамға үлгі екенін атап өтті.
«Бүгін біз ерекше балалардың талпынысы мен табандылығын танытып, өз мүмкіндігін дәлелдеген сәтіне куә болдық. Бұл фестиваль – әр балаға сенім мен шабыт сыйлаған мереке. Осындай бастамалар қоғамдағы мейірім мен қамқорлықты арттырып, инклюзия мәдениетін нығайтады. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра бермек», – деді депутат.
Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және арнайы сыйлықтар табысталды. Қатысушылар мен олардың ата-аналары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, бұл фестивальдің ерекше балалардың болашағына деген сенімін арттырғанын айтты.
Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 16,9 мың баланы қамтитын 1,8 мың инклюзия кабинеті және 5,5 мың баланы қамтитын 688 бейімделген спорт секциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары бастамасымен тұрғын үй заңнамасына I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға баспананы бірінші кезекте алу құқығын бекітетін нормалар енгізілді. Халық қалаулыларының қолдауымен жоғары оқу орындарына мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдау квотасы 1 пайыздан 2 пайызға дейін ұлғайтылды.
