Достардың басын қосқан фестиваль

Достардың басын қосқан фестиваль

Достардың басын қосқан фестиваль
ашық дереккөзі
506
Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қала күні мерекесіне орай «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесіп, дәстүрлі өнер шеберлерінің қатысуымен «Алатау алабында» атты халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі өтті. Түркі елдерінен жиналған өнерпаздар әуелі Абай атындағы опера және балет театрынан бастап, Панфилов, Жібек жолы көшелерін әнге бөлеп, қала тұрғындарының көңілін көтерді. Шара түркі халықтары өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концертпен қорытындыланды. Мерекелік концертте Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Татарстан, Таулы Алтай, Хакасия және Тыва сынды 11 елден барлығы 16 жыршы өнер көрсетті. Фестивальдің ерекшелігі – өнерпаздар туындыларды көмеймен жеткізді. Сондай-ақ, әр елдің жыраулық-жыршылық дәстүрінің мақамдары паш етілді. Қазақстанның әр өңіріне тән дәстүрлі өнер мектептерінің (Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Сыр бойы, Оңтүстік Қазақстан, Қаратау-Сарысу, Жетісу, Арқа, Шығыс Қазақстан, Іле-Алтай-Тарбағатай) ән-күй, жырлары орындалды. Жаһандану дәуірінде дәстүрлі өнеріміз жат мәдениеттің тасасында қалып, жұтылып кетпеуі үшін ежелден қалыптасқан бұл мектептердің туындыларын халықаралық деңгейде насихаттау аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ұйымдастырушылар фестивальдің түркі елдерін жақындастырып қана қоймай, қазақ даласындағы дәстүрлі өнерді өзге түркі елдеріне кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретінін айтады. «Қазақстаннан Маӊғыстау өӊірініӊ, Батыс Атырау өӊірініӊ, Сыр бойыныӊ, Оӊтүстік Қазақстан мен Жетісудыӊ, Арқа дәстүрі және Шығыс Қазақстанныӊ Алтай қазақтары өӊірлерініӊ ән-күй жырлары шырқалып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды», – дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театрыныӊ директоры, фольклортанушы Берік Жүсіпов. Шараның өтуіне демеушілік көрсеткен ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов: «Кеңес Одағы тарап, тәуелсіз алты түрік республикасы түркі халықтарының ортасындағы үзіліп қалған мәдени қатынастарды жандандыру мақсатында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымын құру туралы шартқа Алматыда қол қойған. Бүгінде құрылғанына 25 жыл толатын ұйымға түркітілдес халықтар тұратын 14 республика мүшелікке өтті. Түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы деп танылған біздің ұйымның негізгі мақсаты мен міндеті де осы түркітілдес халықтардың әлем мәдениетіне қосқан үлесін, мәдени мұраларымыздың ең озық үлгілерін алдымен түркітілдес халықтарға, сосын адамзатқа таныту және осы құндылықтарды келешек ұрпақ санасына сіңіру», – деп мәлімдеді. Бір пікірінде Елбасы Н.Назарбаев: «Түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары» деген болатын. Осы тұрғыдан алғанда фестиваль өз мақсатына толық қол жеткізді.

Серіктес жаңалықтары