Өрлеу демографиялық өсімнен басталады

Өрлеу демографиялық өсімнен басталады

Өрлеу демографиялық өсімнен басталады
ашық дереккөзі
Қазақ халқында «Көп қорқытады, терең батырады» деген мағынасы терең мақал бар. Мұнда не нәрсе болса да көптің құдіреті ашық айтылып, анық түсіндірілген. Көптің аты – көп. Адам көп жерде талантты да, өнерлі де көп табылады. Бұл мәселенің бір жағы десек, екінші жағынан көпшілік – күштілікті білдіреді. Мемлекет үшін қай кезде де демография мән-мағынасы жөнінен бірінші орында тұрған. Тарихқа қарасақ, үлкен империялардың басты қаруы – адам ресурсы болған. Яғни, халқы көп, соған орай әскері көп мемлекеттер өзге мемлекеттерді бағындырып, үстемдігін жүргізген. Адами қабілеттілік сапасы туралы айтқанда «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейміз, алайда халық неғұрлым көбірек болған сайын білімділердің де көбірек болғаны талас туғызбаса керек. Қазақ мемлекеті тәуелсіздік алғанда оның шешуі тиіс күрделі мәселесі – демография болды. Өйткені әлемде «тоғызыншы территория» атымен танымал еліміздің ұлан-байтақ жеріндегі байлықты иелену мен мемлекетті қорғау тікелей демографиялық өсімге, халықтың көптігіне байланысты болды. Дегенмен мемлекет басшылығы бұны дер кезінде күн тәртібіне қойып, екі бағытта жұмыс жүргізді. Біріншісі – ішкі өсімге мән беру болса, екіншісі – өзге мемлекеттегі этникалық қазақтарды елге көшіріп алу еді. Күні бүгінге дейін өз жемісін беріп келе жатқан бұл шешім – еліміздің демографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зор табысқа жеткенін айтуға болады. Демографиялық қауіпсіздік – халықтың өсуі арқылы мемлекеттің геосаяси мүдделерін табысқа жеткізу үшін демографиялық үдерісті күшейту. Ол – мемлекеттің ұлттық мүдделерін сақтау арқылы елдің біртұтастығына, тəуелсіздігіне тірек болатын басты күш. Сондықтан демографиялық үдерістер қай мемлекеттің болса да қауіпсіздігіне əсері күшті болады. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында тәуелсіздігін алған Қазақстанның мемлекеттік тұтастығын сақтап қалу үшін демографиялық фактор  шешуші  рөл атқарды. Оның маңызы – мемлекеттік жəне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аумақтық біртұтастықты сақтау жəне ел тəуелсіздігін қорғау болып саналады. Бүгінде Қазақстанның халқы қарқынды өсу үстінде, ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалай еді? Өткен ширек ғасырға көз жіберсек, елімізде демографиялық өсімнің әркелкі болғанын көрер едік. Мәселен, Қазақстан халқы 1989-1999 жылдар аралығында 1,5 млн-нан астам адамға (8,2 пайызға) азайды. Тіпті, ол 2002 жылға дейін созылды. Ал  2003 жылдан бастап өсуге бет алды. 1991-1999 жылдарда елімізден сыртқа көшудің нәтижесінде Қазақ­­стан халқы 1 000 854-нан аса адамға азайды. 1993-1998 жылдарда тарихи отанына оралғандар ішінде 1млн-нан астам орыс, украин, беларустар, 400 000-ға жуық немістер болды. Сыртқы миграцияның бұл үдерісі еліміздің ұлттық құрамына ерекше әсер етті. Мысалы, 1939 жылдан бері қарай қазақтар көбейіп, өз отанында негізгі басымдыққа ие болды. 1999 жылы 53,4 пайыздан асты. 2005 жылдың басында Қазақстан халқының саны 15 млн-нан асып, қазақтардың саны 8 725 206 адамға жетіп, 57,9 пайызды құрады. Әрине, мемлекетімізде қазақ ұлтының үлес салмағының басым болуына кейбір ұлттық-демографиялық факторлардың әсері болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың жалпы санында кему болғанымен, қазақтар  бүкіл облыстарда көбейе бастады. Сондай-ақ, елімізге сырттан көшіп келген миллионнан аса қазақтардың да ұлттық өсімге қосқан үлесі мол. Мемлекетіміз 2020 жылға қарай Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізуді межелеген болатын. Қазір оған бір жарым жылдан аз уақыт қалды. Қазақстан тұрғындарының саны 2015 жылы 17,5 миллионға жетсе, ресми деректер бойынша биылғы жылдың  басында халық саны 18 157 337 болған, ал маусым айында 18 272 430 адамға жеткен. Қазақстан Президенті 1997 жылы 10 қазанда алғашқы Жолдауында «Қазақстан-2030» стратегиясын қабылдаған болатын. Содан бері барлық жолдауларында халықтың өсімі мен денсаулығын, әл-ауқатын көтеру жайлы үнемі айтып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды. 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін еске салғым келеді. Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 процентке, ынтымақты зейнетақы 32 процентке, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 процентке, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 процентке өсті», – деген болатын. Елбасының бұл сөзінен бала тууды көбейту мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға деген мемлекеттің қамқорлығын айқын аңғаруға болады. Демек, Қазақстанның демографиялық үдерісі күшейіп, еліміздің экономикалық әлеуеті артып жатыр. Бұл – біртұтас күшті мемлекет құру жолындағы Қазақстан стратегиясының табысы.