2014 жылы Алматыда 118 жаяу жүргінші жол апатынан қайтыс болған

2014 жылы Алматыда 118 жаяу жүргінші жол апатынан қайтыс болған

2014 жылы Алматыда 118 жаяу жүргінші жол апатынан қайтыс болған
ашық дереккөзі

Жаза-жаза жауыр болған тақырыптың бірі – жол апаты. Бірақ бұл тақырыпты жиі қозғамасқа амал жоқ. Ал бұл жолы қолымызға қалам алуға таяуда ғана Алматы қаласында қаза тапқан 18 жасар қыздың оқиғасы себеп болды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан қызды көлік қағып, 1997 жылы туған бойжеткен оқиға орнында қайтыс болды. 18 жастағы жас қыздың өліміне соқтырған апатқа кінәлі жанның кім екені бізге беймәлім. Бізге белгілісі, соңғы уақыттарда жаяу жүргіншілерге қатысты апаттық оқиғалар жиі тіркелуде. Мұның себебі неде? Жазықты кім: жүргінші ме, жүргізуші ме?

Жүргізуші неге жауапсыз?

Қазір көп уақытын жолда өткізетін қала тұрғындары үшін темір тұлпар қажет-ақ. Бірақ сол көлікті абайлап жүргізбесе, жүргізуші өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Жүргізушілердің көпшілігі жол жүру ережесін МАИ қызметкерлеріне ұсталып қалмау үшін ғана ескеретіні жасырын емес. Жол қауіпсіздігі үшін ережеге бағынатындар қатары санаулы. Тіпті, жол ережесіне пысқырып қарамайтын жүргізушілер де жетерлік. Оларға тіпті, МАИ қызметкерлерінің де ала таяғы қорқынышты емес. Егер көлік жүргізетін жүргізушілердің барлығы ережеге бағынса, бүгінгідей қайғылы жағдайлар орын алмас па еді, кім білсін?!

Үстіміздегі жылдың 25 мамырында Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінің маңында жолдан өтіп бара жатқан оқушыны көлік қағып, ер бала оқиға орнында жан тапсырды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан Toyota Land Cruiser көлігін әйел адам тізгіндеген. Мұны аталмыш оқиғаның куәгерлері растады. Жол ережесін сақтамайтын жүргізушілердің жауапсыздығынан бір отбасы қара жамылып қалды.

Мұндай жағдай тамыз айында Алматы қаласында да тіркелді. 18 тамыз күні таңғы сағат 8 шамасында Сейфуллин даңғылының бойымен солтүстік бағытта келе жатқан ВАЗ 21070 маркалы көлік жүргізушісі Ақпаев көшесімен қиылыста 54 жастағы әйел адамды қағып кеткен. Азаматша оқиға орнында көз жұмды. Ал жүргізуші қозғалысын тоқтатпады. Дулатов көшесімен қиылыста тағы бір көлікпен соқтығысқан жүргізуші әрі қарай жаяу қашып кетеді. Біраз уақыт өткеннен кейін құқық қорғау қызметкерлері 23 жасар қылмыскерді туыстарының үйінде қолға түсіреді. Оқиға орын алған күні жүргізуші мас болған. Міне, тағы бір жауапсыздың әрекеті біреуді жарынан, біреуді анасынан, біреуді бауырынан айырды.

Рөлге мас күйінде отырған жауапсыз жүргізушілердің бірі Қостанай қаласында 13 жасар ер баланы қағып өлтірді. Оқиға 25 шілде күні орын алған. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдан өтіп бара жатқан Әлішер Саматовты «Ауди С-4» маркалы көлік соғып кетеді. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жүргізуші көлікті сағатына 150-160 шақырым жылдамдықпен жүргізіп келе жатқан екен. Ал мас күйінде көлік жүргізген жүргізушінің бұл ісіне қатысты тергеу жұмыстары сол уақытта басталғанымен, Қостанай облыстық ІІД қызметкерлері кінәліні жазалау зардап шеккен тараптың әрекетіне байланысты екендігін айтқан болатын. Сонда өздері қара жамылып отырған отбасы кешірім берсе, қылмыскер жазасын өтемейді деген сөз бе? Әркез мұндай кешірім жасай беретін болса, жауапсыздықтың қайталануы тіптен жиілеп кетпей ме?

Жыл басында Атырау қаласында қоғамдық көлік жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан екі жүргіншіні қағып кетті. Екеуі де оқиға орнында қаза тапты. Қайтыс болғандар Энергетика және құрылыс колледжінің қызметкерлері еді. 26 жастағы қоғамдық көлік жүргізушісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалған.

2015 жылдың 2 мамыры. Алматы қаласы, Қалқаман ықшамауданында 4 айлық нәрестенің жүрегі соғуын тоқтатты. Өкінішке қарай, бұл өлімнің себепкері де көлікті мас күйінде тізгіндеген жүргізушінің жауапсыздығы. Мас күйінде көлік жүргізген 31 жастағы әйел 15 жасар қыз бен кішкентай нәрестені қағып кетеді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оқиға алдында жүргізуші әйел құрбысымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Содан кейін ол құрбысынан көлік жүргізуді үйретуін өтінген көрінеді. Көлікті тізгіндеген мас жүргізуші Лапин көшесінен солтүстік бағытқа қарай бет алып, 15 жастағы қыз бен 4 айлық сәбиді қағып өтеді. 4 айлық сәби оқиға орнында жан тапсырды. Ал мас жүргізуші әрі қарай қозғалысты жалғастырып, тағы да бірнеше жол апатына себепкер болды. Одан кейін «Фольксваген» көлігімен соқтығысқан жүргізуші тұрақта тұрған «Тойота Карина» көлігін де жанап өтеді. Құқық қорғау қызметкерлері жүргізушінің жүргізушілік куәлігі және жүргізу қабілеті жоқтығын анықтаған. Полиция бұл іске қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл қылмысқа қатысты сот істері жүргізілуде. Кезекті сот отырысының бірінде қайтыс болған 4 айлық сәбидің туыстары істің әділетті өтуін талап етті. Олардың айтуынша, тергеушілер жұмыстарына салғырт қарап, куәгерлер шындықты жасырып отыр екен.

Ал атышулы Үсеновтің қатысуымен болған жол апаты көптің есінен әліге дейін шыға қойған жоқ. Жұрттың үрейін ұшырған Мақсат Үсенов 2013 жылдың соңында өзінің BMW X6 маркалы көлігімен 6 жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен еді. Зардап шеккен жүргіншілердің бірі оқиға орнында көз жұмды. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, соңында «тараптар келісті» деген желеумен іс тоқтатылды. Бірақ істі қайта қараған сот үкімімен 2014 жылы 4 ақпанда Мақсат Үсенов 45 тәулікке қамалды. Сондай-ақ, Үсенов 2 жыл көлік басқару құқығынан айрылды. Алайда Үсенов жүргізушілік құқығынан айрылғанына қарамастан, көлік тізгіндеп, тағы да жол апатын жасады. Сөйтіп, еліміздегі жол апатына себепкер болғандардың жазадан оңай құтылып кететінін көрсетіп берді.

Бұл біздің қолымызға іліккен жүргізушілердің кесірінен орын алған жол-көлік оқиғалары. Дегенмен, мұндай апаттарға үнемі жүргізушілердің кінәлі болмайтынын есте сақтаған абзал. Өйткені қазір жол ережесін ескермей, жол ортасынан жүгіріп өтетін жаяу жүргіншілерді көзіміз көріп жүр.

Жүргінші де сақ болса...

Ресми деректер елімізде жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін қаланың Алматы шаһары екендігін айтады.  Оңтүстік астанадағы апатты жағдайдың туындауына көбіне жаяу жүргіншілердің жол жүру ережесін бұзуы себеп болады екен. Мұны статистикалық деректер растап отыр. Мәселен, 2014 жылы Алматы қаласында  тек жаяу жүргіншілердің қатысуымен 3003 жол апаты орын алыпты. Оның ішінде 118 жаяу жүргінші қаза тапты. Ал полиция қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, Алматыда орын алатын әрбір екінші жол-көлік оқиғасына жаяу жүргіншілер жазықты екен. Себебі жаяу жүргіншілер көбіне арнайы жерлерден өтпей, жол ережесін жиі бұзады. Демек, жоғарыда біз айтқандай барлық жағдайға тек жүргізушілер ғана айыпты емес.

Ресми деректер бойынша, әлемде бір жыл ішінде 1,5 миллионға жуық жаяу жүргінші көліктің астына түсіп қаза тапса,  50 миллион адам түрлі дене жарақатын алады немесе мүгедек болып қалады екен. Ал көршілес Ресейде – 4 мың адам. Бүгінгі күні елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алған апаттарға қарасақ, Қазақстан да бұл қатардан артта қалмайтын тәрізді. Құқық қорғау саласының мамандары қала тұрғындарының жол жүру мәдениетінің төмендігі, жалқаулығы мен жауапсыздығының кесірінен осындай қайғылы апаттар жиі орын алатындығын үнемі айтып келеді. Қаланың барлық жерлерінде жаяу жүргіншілерге арналған аспалы жол, жерасты жолдары, жол үстіндегі жолақтар бар. Жаяу жүргіншілер сонда да жол ортасын кесіп өтуді жалғастыруда.

Мәселен, тамыз айының 13 күні Ақтөбе қаласында 1936 жылы дүниеге келген Геннадий Терсков атты азамат жан тапсырды. 79 жастағы қарияның қазасына жол апаты себеп болған. Ал қайғылы оқиғаның орын алуына жаяу жүргіншінің өзі айыпты. Өйткені азамат жолды тыйым салынған жерден кесіп өтпек болғанда, Honda Accord маркалы көлігі қағып кеткен.

Үстіміздегі жылдың ақпан айында МАИ қызметкерлері Алматы көшелерінде арнайы рейд жүргізген болатын. Сөйтіп рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өткендерді жазалағаны есте. Мұндай тексерулер қала көшелерінде жиі болып тұрады. Бір күннің өзінде 200-300-ге жуық жаяу жүргінші ереже бұзады. Сондықтан, оларға арнайы айыппұл белгіленді. Жерасты немесе жерүсті өткелдері бола тұра, басын қатерге тіккендерге 10 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу міндеттелді. Ал ережені екінші рет бұзғандар 40 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Тіпті сот шешімімен 3 тәулікке дейін қамауға алынуы да ықтимал. Егер жаяу жүргінші кінәсін мойындап, айыппұлды 7 күн ішінде төлейтін болса, оларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Жаяу жүргiншiлердiң және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерiн бұзуы Әкімшілік кодекстің 473-бабында қарастырылған. Осы бапқа сәйкес, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал қайта-қайта бұзған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткіш  мөлшерінде айыппұл салынады немесе үш тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Өткен жылдың соңында Астана қаласында жолдан өту ережелерін бұзғаны үшін 20 мыңнан астам жаяу жүргіншіге 188,5 миллион теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынды. Ал 4,5 мыңнан астам жүргізуші жаяу жүргіншілер жолынан өту ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төледі. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында белгіленбеген жерден өтіп кеткені үшін 11 мыңға жуық жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы көлемі 108 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ, Әкімшілік полиция таратқан мәліметтерге сәйкес, 2015 жылдың алғашқы 5 айында Астанада 120-ға жуық жаяу жүргіншіні қағып кету фактісі тіркелсе, соның 58 жағдайында жаяу жүргіншілердің жолдарды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуі себеп болған. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында республика аумағында жаяу жүргіншілердің кінәсінен 206 жол-көлік оқиғасы орын алып, 175 адам түрлі дене жарақатын алса, 34 адам қаза тапқан.

Жол полициясы қызметкерлері: «Жол жүру ережесін сақтауда жаяу жүргіншілер де көлік жүргізушілерімен тең дәрежеде жауапты. Сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келе жатқан көліктің құрғақ тас жолдардағы тоқтау жолы 40 метрді құрайды. Сол себепті аяқасты жол ортасына жаяу жүргінші жүгіріп шыққан сәтте көлік жүргізушісінің көлікті тоқтатуға титтей де мүмкіншілігі болмайды. Оған қоса, техниканың аты – техника. Күтпеген жерден көліктің тежегіші істен шығуы немесе басқа да ақауы шығып қалуы ықтимал. Сонымен бірге жүргізуші дер кезінде жаяу жүргіншіні байқамай қалуы да мүмкін. Сондықтан жолдың келесі бетіне өтпек болған әрбір жаяу жүргінші сақ болып, көліктің жоқ екеніне, болған жағдайда оның тоқтағанына немесе тоқтай алар мүмкіндігіне көз жеткізіп барып жол қозғалысын бастағаны жөн», – дегенді үнемі айтады.

Бір таңданарлығы, осы уақытқа дейін жаяу жүргіншінің жазықты болғаны үшін жазаланғанын естімедік. Қандай жағдайда да, жүргізушілер айыпты болады. Біздің міндет жүргізушілерді ақтап, жаяу жүргіншілерді айыптау емес. Тек жүргізуші де, жүргінші де жол ережесін сақтаса екен деген тілек қана.

 Әсел ӘНУАРБЕК