ДАНАЛЫҚТЫҢ САТЫСЫ АДАЛДЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

ДАНАЛЫҚТЫҢ САТЫСЫ АДАЛДЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

ДАНАЛЫҚТЫҢ САТЫСЫ АДАЛДЫҚТАН БАСТАЛАДЫ
ашық дереккөзі
1073
Евней Арыстанұлы Букетовтің бойында қалыптасқан әдеттің бірі – күнделікті таңертеңгі жұмысқа кемінде жарты сағат бұрын келуі еді. ол кісінің жұмысқа кешігіп келгенін мүлде көрген емеспін. Институт қызметкерлері тәртіп сақтап, жұмысқа кешікпей келуі үшін директордың өзі тәртіп сақтаса, соның өзі жетіп жатыр дейтін. Одан басқа, егер директор тәртіп бұзса, дұрыстап жұмыс атқармаса, ол институтта ешқашан да сапалы ғылыми жұмыстардың болуы мүмкін емес деп отыратын. Институтқа кіріп келе жатқанда вахтермен тоқтап тұрып сәлемдесетін және олардың жағдайын сұрайтын. Сонымен қатар денсаулығы, бала-шағасы туралы мәліметтерді білуге тырысатын. Қолынан келгенше, оларға көмек беріп тұратын. Сырттан институтқа кірген адамның бірінші көретін қызметкері – вахтер. Сол вахтердің көңіл-күйі, оның сәлемі және түр-сипаты институт туралы алғашқы көзқарасты қалыптастырады деп те айтатын.Тағы да әдетке айналған тірліктерінің бірі – әрбір лабораторияға күнделікті дерлік кіріп, ғылыми қызметкерлермен сөйлесіп, жүріп жатқан эксперименттерді өз көзімен көріп, сол зерттеу жұмыстардың теориялық және практикалық маңызы туралы өз ойымен бөлісіп отыратын еді. ...Жексенбі күні еді. Ғылыми жетекшім, академик, Қарағанды университетінің ректоры Евней аға таңертең жатақханаға телефон соғып: «Әбдуәлі, егер тығыз шаруаң болмаса, үйге кел. Бірге отырып шәй ішейік, сонан соң бір жерге бірге барып қайтайық», – деді. Евней ағаның үйіне ауылдан бір туыс апасы келіпті. Зүбайра апайымыз үлкен залда дастарқан дайындаған екен. Солтүстік Қазақстаннан келген апасы мектеп бітірген баласын да ерте келіпті. Шәй ішіп отырған кезде Евней ағаның туыс апасы: «Қарағым Евней, мына баламды әдейілеп ертіп келдім, мектепті биыл бітірді, оқуы жаман емес сияқты. Заң факультетіне түскісі келеді, осы баламды қолдасаң, дұрыс болар еді», – деп Евней ағаға қарады. Евней аға дастарқан басында отырған балаға бұрылып: «Әй, батыр, биыл оқыған әдеби кітаптарың туралы айтшы», – деді. Бала үндемеді. – Онда кейінгі жылдарда оқыған кітаптарың туралы әңгіме қозғашы. – Балада үн жоқ. – Жалпы, қандай кітаптарды оқыдың, қандай жазушыларды білесің? Бұл сұрақтарға баланың жауап бере алмайтынына көзі жетіп: – Мұндай кітап оқымаған, білімсіз баланың заң факультетіне түсуін қолдау нағыз қылмыс, – деді де, шәй араластырып отырған қасығын қолынан тастап жіберді. Содан кейін орнынан тұрып, кабинетіне кіріп кетті. Біраз уақыт өткен соң кәстөм-шалбарын киіп, кабинетінен шығып: «Әбдуәлі, шай ішіп болсаң, жүр кеттік», – деді. Қызмет машинасында келе жатып: – Әбдуәлі, есіңде болсын, білімсіз, талантсыз, білімге ұмтылмайтын балаларды еш уақытта қолдауға болмайды. Егер қолынан келетін әрбір адам дарынсыз балалардың оқуға түсуіне көмек көрсете берсе, не болады? Елімізді білімсіздер басып кетпейді ме? Мен университеттің ректорымын. Бірақ мен өз принциптерімді бұзған адам емеспін, – деді. Барлық уақытта білімге үлкен мән берген, кезінде «Алаш» ұйымының мүшесі болған, қазақтың алғашқы математик профессоры Әлімхан Ермеков кезінде Евней ағаға өз басынан кешкен мынадай бір оқиғаны айтқан екен (Ә.Ермеков Букетовпен көрші үйде тұратын). Әлімхан Ермеков ағамыздың әңгімесі: «Институтқа қабылдау емтиханы жүріп жатқан. Өзім өскен ауылдан айтулы, азулы бір ақсақал үйге келді. «Әлімхан, сен өзіміздің ауылдың жігітісің ғой, биыл менің немере ұлым институтқа түсейін деп жатыр, ертең математикадан саған емтихан тапсырады екен, өзің қолдау білдіреді деп ойлаймын», – деді. «Ал балаңыз түк білмесе не істеуім керек?», – деп сұрағанда, «білмесе, ең болмаса, бір балл қос», – деп бұйырды ақсақал. Емтихан алып отырмын. Ақсақал айтқан бала алдыма келді, бірде-бір сұраққа жауап бере алмады. Көп ойланбай «екі» деген бағаны қойдым да жібердім. Ертеңіне үйде отырсам, кешегі ақсақал үйге кіріп келе жатыр, қолында тростигі бар. Өте бетпақ шал екенін білемін, қолындағы тростигімен ұрып та жіберуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Амал қанша, білімсіздікпен күресу керек, керек болса, таяқ жеуге де дайын болып отырмын. Ол кісі үйге кіре сала: «Әй, бала, балам жауап бере алмағанын айтты, бірақ бір балл қоса салсаң, нең кетер еді?» – деп, маған өшіге қарады. Қалай болғанын білмеймін, Құдай менің ауызыма мынадай сөз салды: «Көке, балаңыздың білімі нөл екен, ал мен оған екі балл қосып, «екі» қойдым», – деп едім, ауылдың мәрт шалы «Сенікі де дұрыс екен» деп, бұрылды да, үйден шығып кете барды. Евней аға осы әңгімені айтып болып: «Міне, көрдің бе? Ұлы ғалым, білімді адам, парасатты ұстаз білімді осылайша қорғапты», – деді. Евней аға енді Ә.Ермеков туралы тағы да біраз сыр шерткісі келіп, терең әңгіме бастады: «Әлімхан Ермеков ағамыз екеуміз көршілес үйде тұрып жатырмыз, көп әңгімелесеміз, сырласамыз. Қазақ халқы үшін бүкіл күш-жігерін жұмсаған, қазақ арасынан шыққан өте қасиетті, қадірлі адамдардың бірі ғой. Ол қазақ қайраткерлерімен бірге В.И. Лениннің қабылдауында бірнеше рет болып, біздің еліміздің автономиялық республика болуына үлкен үлес қосқан адам. Әлімхан ағаның айтқанынан түсінгенім, Ленин қазақ елін әр уақытта қолдап отырған, ал ол өлгеннен кейін, оның қасындағылар қазақ намысын қорғап жүрген жүректі азаматтарды Совет Одағының жауы ретінде «ұлтшылдар» деп, аямай жазалап отырған көрінеді». Профессор Ермеков бірде ең кейінгі жолы қалай абақтыға қамалғандығы туралы айтқаны бар. Өзі асықпай сөйлейтін кісі еді. Маңдайын тыржитып, қиналғандай сезіммен мына әңгімені айтқан еді: «Қарағым Евней, мен не көрмеді дейсің: азапты да, қиянатты да, зорлықты да, жазықсыз тағылған неше өтірік-жалаларды да, не керек, бәрін-бәрін көрдім ғой... Институтта сабақ беріп жүрген кезім. Бір ғылыми конференцияға қатысу үшін Қызылордаға поезбен кетіп бара жатқанмын. Шымкент қаласына жетуге 2-3 сағат қалғанда, қара былғары куртка киген, екі жігіт (бірі – орыс, ал екіншісі – қазақ) қасыма келді де: «Сіз тұтқындалдыңыз. Шымкент қаласында түсіріп алып қаламыз», – деді. Біреуі маған тік қарап тұрып: «Біз сіздің кім екеніңізді өте жақсы білеміз, сіз ғалымсыз, саясаткерсіз. Өкінішке қарай, бізге берген тапсырманы орындауымыз керек. Басқа вагонға өтіп немесе поездан шығып кетіп жүрмеңіз. Сізді сыйлағандықтан қолыңызға кісен салмаймыз, ал біз көрші вагонда боламыз», – деді де, екеуі басқа вагонға өтіп кетті. Бұл тірліктері, олардың маған сенім білдіргендері болуы керек. «Енді не істесем екен, бала- шағама, жұбайыма қалай хабар берем?» деп ойлап, уайымдап отырдым. Вагонда 5-6 жігіттің арлы-берлі жүргенін көріп, олардың сөзінен өндірістік практикаға бара жатқан студенттер екенін түсінгенмін. Осылай ойға шомып отырғанымда: – Аға, сіз профессор Ермеков емессіз бе? – деді әлгі жігіттердің ішіндегі ең биік бойлысы маған жақындап келіп. – Иә, мен профессор Ермековпін, ал өзің кімсің, мені қалайша танып отырсың? – деп едім, қасыма жақын отырды да: – Сізді бір-екі рет сырттай көргенмін, қазір елімізде сіздей ғалымдар көп емес қой. Сізді көріп, өз көзіме өзім сенбей отырғаным. Менің фамилиям – Қонаев, атым Дінмұхамед, металлургия-геология саласы бойынша институтта оқып жүрмін. Биыл ақырғы курстамын, бәріміз өндірістік практикаға кетіп бара жатырмыз, – деді бірге келе жатқан жолдастарын көрсетіп. – Дінмұхамед қарағым, әдейілеп келіп сәлем бергеніңе үлкен рахмет. Зерек жігітке ұқсайсың, енді мені мұқият тыңда. Тек ғылыммен ғана емес, саясатпен де шұғылданатынымды білетін шығарсың. Өзің байқаған да боларсың, жаңағы қара куртка киіп келген екеуін. Олар мені ұстап алып кеткелі жатыр, қазір Шымкент станциясында түсіріп алады. Уақыт аз болып тұр, сол себепті қазір жұбайыма хат жазамын, соны жеткізіп берсең, дұрыс болар еді, – дедім. – Аға, еш уайымдамаңыз, хатыңызды жеткізіп беруге уәдемді беремін, тек оған уақыт керек, – деді әлгі жас жігіт. Он-он бес минуттың ішінде хатымды жаздым да, Дінмұхамедтің қолына табыс еттім. Ал Шымкентте қасыма әлгі екі «жігітім» келіп, басқаларға сыр бермей түсіріп алды. Кейін түрмеде жүргенде, менің жазған хатым жұбайымның қолына жеткенін білдім. – Түрмеде он жылдан көп уақыт жаттым. Қонаев Дінмұхамедтің атын жадымда сақтап жүрдім. Газет оқып тұрамын, ол жігіттің қызметі өсіп жатқанын да біліп жүрдім... Мен түрмеден шыққаннан кейін, ол Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезде қабылдауында болдым. Қонаев бірден таныды, кезінде болған кездесуіміз де есінде екен. Қонаев өз үстелінен түрегеліп, қасыма келіп отырып: – Сіздерге өте үлкен қиянат жасалды, бәрін де түсінемін. Мүмкін болса, бүкіл коммунистік партия атынан кешірім сұраймын. Қандай да бір өтінішіңіз, қандай да тапсырмаңыз болса, орындауға әрқашан да дайынмын – деп, Дінмұхамед мені құшақтады. – Жасарымды жасадым, асарымды асадым, өз басыма ешнәрсе керегі жоқ. Ал Құдайдан тілейтінім, балаларыма, немерелеріме амандық берсін. Тек менің зияным, енді балаларыма, немерелеріме, туыстарыма, тимесе екен және үкімет пен партия оларға тиісіп жүрмесе болғаны да, – дегенімде еркімнен тыс көзімнен жас парлап кетті. – Осы көрген азабыңыз да жететін шығар, енді сізге көрсеткен озбырлық қайталанбайды. Республика коммунистік партиясының атынан уәде беремін, – деп Қонаев кабинетінен шығарып салды». ...Евней аға бірде маған: «Әбдуәлі, бұл өмірде бір жағынан қасиетсіз, жексұрын, өтірікші, жемқор және басқа жиіркеніш тудыратын адамдар болса, екінші жағынан, өте адал, қасиетті, халқының жағдайын өзінен жоғары қоятын адамдардың болатынын біліп жүруің керек. Мен осындай адал адамдардың қатарына республикамызды ондаған жыл басқарған Нұртас Оңдасыновты қоямын», – деді де, осы бір әңгімені айтып берді. «Ол ағамыздың адал еңбектерін қазақ халқының көзі ашық азаматтарының көбі біледі. Мемлекет және мекеме басшыларының алдына қойылатын негізгі талап – олар  жемқор, өтірікші болмауы қажет деп ойлаймын. Үкімет немесе мекеме басындағы басшылардың ішінде, өз мүмкіншіліктерін пайдаланып, дүние жинап қалғысы келетіндері аз емес. Ал байлық жинаймын деген дүниеқоңыз адамдар ешқашан да адал жұмыс істей алмайды. Адал жұмыс істеу мен ақшаға қызығушылық бір-біріне қарама-қайшы нәрселер. Елді немесе мекемені басқарып отырған жемқор адамдарды өз қарамағындағы қызметкерлер әр уақытта сезеді және біледі. Әдетте, жемқорлар өзінің жеп жатқанын ешкім біліп жатқан жоқ деп есептейді. Ондайлар қатты қателеседі. Мұндайда менің есіме «страус» деген денесі үлкен құстың әрекеті түседі. Ол құс, басын құмға тығып қойып, енді ешкім көрмейді, тығылып тұрмын деп ойлайды екен... Сол сияқты жемқорлардың – үкіметті, қызметкерлерді алдап-арбап, «ұрлап» алып жатқан ақшалары немесе басқа да байлықтары әрқашанда страустың үлкен денесі сияқты алыстан-ақ көрініп тұрады емес пе? Айтайын дегенім, Нұртас ағамыз 13 жыл (1938-1951 ж.ж. Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы) үкіметті басқарып, Н.С. Хрущевтің есерлігінің арқасында қызметінен босатылды. Ол кісінің тұрған үйі, саяжайы, үй ішілік жиһаздары, көрпе-төсек, тіпті пиала, қасыққа дейін – бәрі-бәрі мемлекеттікі екен. Қызмет орнынан босаған Нұртас ағамызға екі бөлмелі басқа үй беріпті, сөйтіп, жұбайы екеуі үкімет үйінен киімдері салынған екі чемоданды ғана алып шықты. Үйлерін босатып шыққан кезде, бір досым екеуміз ол кісілердің қасында болдық, чемодандарын көтерістік. Берілген екі бөлмелі пәтерге барып кіріп едік, іші қаңырап тұр екен. Олар қартайған шағында жас жұбайлар сияқты, жататын көрпе-төсек, отыратын орындық, тамақ ішетін тостақ, қасық та жоқ бөлмеге жайғаса бастады. Досым екеуміз магазинге барып, кереует, матрас сатып алып, пәтерге кіргіздік, тамақ пісіретін кәстрөл, оны ішуге керек тостақ, қасықты да тауып әкеліп бердік. Нұртас аға бізге қарап, қиналып тұрғанын білдірмей: «Жігіттер, үлкен рахмет, жататын, тамақ ішетін мүмкіншіліктердің бәрін жасап бергендеріңе», – деді. Ол кісінің қиналғанын көріп тұрып, адалдығына сүйсіндім. «Шіркін, адамдардың, әсіресе басшы қызметте істейтіндердің барлығы да осындай адал болса ғой» деп іштей ойладым. «Көрдің бе, Әбдуәлі, ол кісі өмір сүріп жатқан үйіндегі мүліктердің барлығы мемлекеттікі екенін біліп жүрсе де, оған ешқандай мән бермеген, халықтың жағдайын ойлап жұмыс істей берген. Тіпті, жеке өзінің өмірі туралы ойлауға уақыты да болмаған. Сол кезде мені таңғалдырған нәрсе, ол кісінің қалтасында қажетті нәрселерді сатып алуға жететін ақша да болмай шықты. Сберкассаға барып, ақша алуға мәжбүр болды. Байқағаным, банк кітапшасында да мардымды ақшасы жоқ екен. Нұртас ағаның ерекше адалдығына дән риза болдым. Ол кісі жемқор, пысықай болғанда, бір емес бірнеше пәтер алып, оның ішін жасақтап қоятын еді ғой. Бұл жағдайды өз көзіммен көргеннен кейін, көп адамдармен сөйлестім, ол кісінің жемқор емес екендігін, сүттен ақ екендігін бәрі де біледі екен». Нұртас аға туралы әңгімені аяқтап, Евней Арыстанұлы: «Әбдуәлі, әрқашан да адал бол, ақшаға қызықпа. Сонда ғана абыройлы боласың, сонда ғана халық сені сыйлайтын болады» деген болатын. Бұл – 1979 жылдар еді. ... Ұстазым Евней Арыстанұлының қайтыс болғанына бір-екі жылдай болған. Ұстазымның жұбайы Зүбайра Дүйсеновна біреу арқылы мені үйіне шақырды. Ол үйге айына бір-екі рет барып, апайдың жағдайын біліп тұратынмын. «Аяқ астынан не болып қалды екен?» деп, көңілім күпті болып, үйіне барғанмын. Зүбайра Дүйсеновна жылы амандасып: – Әбдуәлі, институт директорына Москваға жақын арада кім барады деп телефон соғып едім, ол кісі сенің екі-үш күннен кейін іс-сапармен сол жаққа самолетпен ұшып барайын деп жатқаныңды айтты. Жақында Москвадағы Нұртас ағам келіп кеткен еді. Ол кісіні сен де білесің, Нұртас аға бір-екі киімдерін және бір-екі папка қағаздарын ұмытып, қалдырып кетіпті. Сол заттарды ағаның қолына жеткізіп берсең, дұрыс болар еді. Ал Москваға барған соң мына телефонмен звондасаң, біреуді жіберіп өзі алдырар, болмай бара жатса, өзің үйіне апарып беруіңе тура келеді, – деді. Нұртас Оңдасынов ағаны тәп-тәуір білетінмін. Ол кісі жылына кемінде бір рет Қарағандыға келіп, ұстазымның үйінде жатып, қонақ болып кететін. Үлкен денелі, қараторы, жуандау даусымен асықпай сөйлейтін, қарапайым мінезді адам болатын. Кейбір кездерде қонаққа шақырғанда, Евней аға Нұртас ағамен бірге мені де ертіп апаратын. Сол себепті Нұртас ағам да мені жақсы білетін. Зүбайра апайымның тапсырмасы маған ұнады, Мәскеуге барғанда Нұртас ағаны көріп, сәлем беріп кетудің сәті түсіп тұр емес пе? Зүбайра апайым берген шағындау сөмкені алып, Мәскеуге ұшып кеттім. Біраз жұмыстарымды бітірген соң, қонақүйден Нұртас ағаның үйіне телефон соғып едім, трубканы өзі көтерді. Сәлемдесіп, үйіне қалай жетуге болатынын сұрадым: «Әбдуәлі, мен тұратын жер Москваның шеттеу жағы», – деді де, метродан қай аялдамадан түсіп, содан кейін қандай автобусқа міну керек екендігін түсіндіріп: «Автобустан түскеннен кейін біздің үйді табу өте қиын, сол себепті, міндетті түрде өзім күтіп аламын» деген. Нұртас аға күтіп қалмасын деп, ертерек қамданып жолға шықтым. Автобустан түссем, ол кісі мені күтіп тұр екен. Жаяу келе жатып, кезінде Совет үкіметінде белді басшы қызметтерде істеген Молотов, Маленков және басқа лауазымды адамдардың тұратын үйлерін көрсетті. Мені төрт бөлмелі үйіне ертіп алып келді. Есікті Валентина Васильевна ашып, бірден танып: «Қазақстандық қонаққа ас дайын, қол жуып, столға отырыңдар», – деді. Әдемілеп капустаға оралып пісірілген ет қойыпты. Әңгімелесіп отырып тамақ жеп, одан соң шәй ішіп алдық. Нұртас аға ауылды сағынып қалыпты. «Ауылдан адамдар келген сайын бір марқайып қаламын», – деп күліп қойды. Жарты күн ішінде ол кісі маған көптеген әңгімелер айтты. Әттең, сол кезде айтқан әңгімелерін бірден жазып қою керек еді, себебі олар өте маңызды, мағыналы еді, ал есімде кейбіреулері ғана сақталыпты. «Әбдуәлі, міне, сексен жасқа жақындап қалдым, күнде дерлік өткен өмірің көз алдыңнан елестеп өтіп жатады екен. Сол кезде істеген тірліктерімді, бұрынғы ойларымды қайта-қайта сараптаудан өткізіп жүремін. «Әттеген-ай, неге сол кезде басқаша жасамадым?» деген де ойлар көп». Нұртас аға ойлана отырып, біраз әңгіме айтты. «Өмірімнің ұзақ бөлігін Республиканы және кейін облысты басқаруға жұмсадым. Адал жұмыс істеуге тырысып, халықтың қамын ойладым, талай рет Иосиф Виссарионович Сталиннің қабылдауында болдым. Ол кісімен талай сөйлесіп, ақылдасып, қазақ елінің талай проблемаларын шешуге ат салысқанмын. Қызмет істеп жүрген кездерде күніне 12 сағаттан кем жұмыс істеген емеспін. Пенсияға шыққаннан соң жағдайым күрт қиындап кетті, күн өтпейді. Диванда ары-бері аунап жатасың, газет оқисың, телевизор көресің, бәрібір әрбір күнің бітпес тәулікке айналады екен. Бір-екі айдан кейін өзімді тәртіпке келтіре бастадым. Таңертең жуынып-шайынып, тамақтанып болған соң, сағат 9-да осы кабинетіме кіріп, костюмімді киіп, галстугымды тағып, жұмыс столыма жайғасамын. Сағат 12-ге дейін тапжылмай отырып, жазушылық жұмыстармен шұғылданамын. Жас кезімде ауылда жүріп алуға болатын діни білімді толық дерлік игерген болатынмын, ол білімдерім де пайдаға асып жатыр. Өзімнің өткен өмірім, қызметім туралы да жазып жүрмін. Түскі сағат 12-де костюмімді шешіп, жуынып-шайынып, асханаға барып тамақтанамын. Екі сағат демалып, содан соң кабинетіме кіріп, костюмімді киіп, сағат 14- тен 17-ге дейін тағы да жазу жұмыстарымды жалғастырамын. Бұл тірлігім әдетке айналды, өмір сүруім оңайланды және ойда жүрген нәрселердің көбісі жазылып жатқан сияқты. Сөйтіп, өзіме алты сағаттық жұмыс күнін міндет етіп қойдым. Жұбайым Валентина Васильевна, кешеден бері келетініңді естіп, қуанып, ең жақсы дайындайтын тамағын пісіріп, Евнейдің 50 жылдық мерейтойында баян аспабында ойнағаныңды есіне алып үлгерді. Қазақстаннан келген адамдардың барлығын дерлік, менімен бірдей қуанып қарсы алады, оның да бүкіл жастық өмірі Қазақ Республикасында өтті емес пе? Валентина Васильевна екеуміз бүкіл есейген өмірімізді бірге өткізіп келеміз. Ұлты – орыс, бірақ қазақтың бүкіл әдет-салтын біледі. Ұзақ өмірімізде бір-бірімізді ренжітіп көрмедік, түсінушілікпен өмір сүрдік. Бірақ адам болған соң, әсіресе, қартайған шақта әр нәрселерді ойлап, әртүрлі шешімдерге келеді екенсің. Кейінгі кезде көп ойландырып жүрген нәрселердің бірі, ол – ұрпақтарымның орыстанып барса жатқаны. Мен күні-түні жұмыста болдым, балаларым шешесінің қасында өсті, тілдері орысша шықты. Ал енді өсті, үйленді. Әйелімнің орыстармен қарым-қатынасы көп болды, бүкіл өмір сүру ортасы да орыстардікі. Қанша ойласам да, мақсат тұтсам да, балаларым тек орыстармен қарым-қатынаста болып, орыс қыздарына үйленді. Енді немерелерім таза орыс болып өсіп келеді. Балаларым, немерелерім қазақтармен жиі араласса екен деген ойым іске асар емес. Олар қазақ халқынан ажырап бара жатқан сияқты. Адам болған соң, кейде ойлаймын, сол Валентина Васильевнаға түрі, мінезі, іс-әрекеті ұқсайтын қазақ қызына үйленгенде, бала-немерелерім таза қазақ болып өсер ме еді? Бүкіл ойымның түйіні – қазақтардың қазақпен үй құрғаны дұрыс деген шешімге келіп жүргенімді айтқым келді. Өткенді ешкім де қайта қайтарып алған емес... Кеңес үкіметі дінге қарсы болды, құдайды аузына алған адамдарды жазғырды. Кейбір қызметте жүрген адамдар кездейсоқ дін туралы айтып қалса, солардың өзін жазалауға тырысып тұратын. Бір үлкен жиналыста, осындай мәселелерді қарап жатқанда, орнымнан тұрып: «Ағайындар-ау, неге назар аудармайсыңдар, тек ол адам емес, біз де Құдайды күнде дерлік аузымызға алып жүр емеспіз бе?» дедім. Бәрі таң қалып, маған қарап қалды. «Сіздер күнде «Спасибо» деген сөзді жиі айтып жүрсіздер, ал сол сөздің негізі «Спаси бог» деген мағынаны білдіреді емес пе?» дегенмін. Отырғандардың ешқайсысы қарсы сөз айта алмады, шамасы, қарсы айтар уәжі болмады-ау. Ертеңіне үкіметте үлкен лауазымды бір қызметкер маған келіп: «Нұреке! Атеист болып, Құдай жоқ деп жүріп, күнде Құдайға жалбарынып, «Құдай, құтқара көр (Спаси бог)» деп жүргенімізді өзіміз де білмей жүр екенбіз ғой», – деп күлгені бар. Өзім Құранның көптеген сүрелерін жатқа білемін, Құдай деп, Құдайға сеніп жүрген адамдардың бірімін. Бәріміз Құдайдың құлымыз. Бүкіл өмірімді қазақ халқына адал еңбек етуге жұмсауға тырыстым, соның ішінде партияның тапсырмасын бұлжытпай орындап болғаннан кейін, өкінетіндей де жағдайларым болды. Соның бірі сол кездегі жаңа алфавитке көшу мәселесі туралы еді. Қазақтар бұрын араб алфавитін қолданған, ал 1929 жылдары латын алфавитіне көшіпті. Кейін 1940 жылдары Мәскеудегі орталықтың ұсынысы бойынша, бүкіл Кеңес үкіметінің құрамындағы республикалардың барлығы дерлік «кириллица» алфавитіне өткені дұрыс деген шешім қабылданған болатын. Орталық үкіметтің бұл шешімін орындауға бүкіл күш-жігерімді жұмсап, күні-түні шауып жүріп, Орта Азия республикаларының ішінде бірінші болып осы алфавитке өттік. Бізді көріп, амал жоқтықтан, өзбектер, қырғыздар, тәжіктер және түркімендер өтті. Ал Прибалтикадағы үш республика (Латвия, Литва, Эстония) және грузиндер жаңа әріпті қолдауға құлық танытқан жоқ. Қазір ойлап қарасам, сол кездегі белсенділігім болмағанда, латын алфавитінде қалып қоюға болатын еді. Нәтижесінде, сол кезге дейін латын әріптерімен жазылған көптеген кітаптарды, құжаттарды оқу қиын болып қалды. Әрине, латын әрпінің өрісі кең екендігі көпшілікке белгілі, ол бүгінгі күнге дейін өз міндетін өте жоғары дәрежеде атқарып келеді емес пе?» деген-ді. Сол бірге болған жарты күнде Нұртас аға өз өмірін еске алып, көп әңгімелер айтып отырды. «Мемлекетті басқарушылардың бірі болғаннан кейін, күні-түні халықтың қамын ойлайсың, мемлекеттің болашағы – ертеңі және бес, он жылдан кейінгі күн көрісі қалай болады?» деген де ойлар әр уақытта мазалайды. Өзіміздің Орталық Қазақстандағы Қарағанды қаласына Алматыдан поезбен бару үшін, бүкіл Қазақстанды айналып жүру керек болатын, көп күш-жігерімді осыған жұмсап, бұл проблеманы шештім. Бұл жұмыстарды атқарудың өз қиыншылықтары болды, ол бөлек әңгіме. Ал одан басқа Орталық Қазақстан өңірінің үлкен проблемаларының бірі – су проблемасы еді. Ғалымдарға, мамандарға тапсырма беріп, олармен жан-жақты ақылдасып отырып, бұл жағдайды «Ертіс – Қарағанды» каналын салу арқылы ғана шешуге болатындығына көзімді жеткіздім. Ғалымдар мен осы саланың мамандары жан-жақты есептеулер мен жобалау жұмыстарын бітірген соң, осы құжаттарды алып, Мәскеуге барып, қаржыландыру мәселесін шешу керек болды. Оларға дәлелдеу, түсіндіру оңай болған жоқ. Осы саланың мамандарын Мәскеуге ертіп апарып, түсінбеген, сенбегендердің өздеріне де түсіндіріп бақтық. Бірақ, бұл жобамызға біраз қазақстандықтар қарсы болып, осы ойларым кезінде іске аспай қалған. Негізі айтайын дегенім мынау еді, сол каналды салуға қарсы болғандар «Бұл каналды салу тиімсіз, өте көп қаржы шығынын қажет етеді» деген сияқты әңгімелерді айтатын. Мен оларға: «Ағайындар-ау, халыққа су керек. Онда басқа ұтымды ұсыныстарыңды айтыңдар», – дегенмін. Тіпті, қасымда, үкімет басшылығында жүргендердің де біразы мені қолдамады. Бұл ойым, мен басшылықтан кеткеннен кейін біраз жылдардан соң ғана іске асты. «Ертіс – Қарағанды» каналы салынып біткен күннен бастап халыққа өз пайдасын тигізе бастады, оны үкімет те, басқалар да көріп, бұл каналдың өте қажет екендігіне көздері жетті. Осы кезде канал құрылысшыларына, ұйымдастырушыларына орден, медальдар берілді. Сол медальдардың біразын осы каналды кезінде іске қосуға кедергі келтіріп, қарсы болып жүргендер де алды. Сонда ғана ұятсыз, қасиетсіз адамдардың үкімет басшылығы арасында да аз емес екендігін байқадым, оларға деген жиіркенішті көзқарас пайда болды. Бірақ олар алған медальдарына қуанып, мәз болып жүрді». Нұртас аға тағы да біраз әңгімелер айтып еді, кейбіреулерін есіме түсіре алмай жүрмін. Елімізді 10 жылдан астам уақыт басқарған, қазақтың белді азаматы Нұртас ағаның қасында қалып, бір күн бірге түнеп, әңгімелерін көбірек естімегеніме бүгінгі күнге дейін өкінемін. Жас кезімізде жұмыс, жұмыс деп жұлқынып жүре беріппіз. Ал жұмыстардың бәрін бітіру мүмкін емес екендігін, жетпіс жастан асқанда мен енді ғана түсінген сияқтымын. Ұлы адамдардың тұлғасы уақыт өткен сайын сомдала түсетінін көріп жүрмін. Мен Е.Букетов, А.Ермеков, Н.Оңдасынов және осы кісілер сияқты ұлы адамдар туралы айтылған, жазылған және естіген естеліктерді ой елегінен өткізіп, мынадай тұжырымға келдім: Адамдардың еңбегін бағамдау мен бағалауға келгенде, кең пейілділік, көңілшектігімізге басып, бүгінгі күні республикалық, облыстық, тіпті, аудандық немесе сол деңгейлердегі мекемені басқарған кісілерді мемлекет және қоғам қайраткері деп дәріптеп жүрміз. Мәселе – сол адамның жоғарғы не төменгі лауазымда болғаны емес, оның қай қызметте болсын, бойында адалдық, адамгершілік, зеректіктің болуы, не болмауында. Қайраткер адам – қоғамның даму жолын терең зерттеп, зерделеп түйсінген және сол қоғам үшін жатпай-тұрмай жанкештілікпен адал еңбек ететін, жолында кездескен қиындықтардың жеке басына, карьерасына тигізілуі мүмкін залалдарынан тайсақтамайтын, сол мақсатқа айналасындағыларды жұмылдыра білетін, қызмет бабын жеке мүддесіне пайдалану деген ұғым бойында болмайтын, нәтижесінде ғылымға, саясатқа, экономикаға, әлеуметтік салаға орасан өзгерістер енгізіп, қоғамдық ортаның ой-жүйесіне түбегейлі серпіліс әкелетін күрескер – тұлға. Жүсіп Баласағұнның айтқаны бар екен: «Адам – бұл дүниеге қонақ, оның өмірі – өткінші, сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін қалдыру керек» деген. Демек, мемлекетіміз экономикадан да, саясаттан да бұрын адам тәрбиесіне үлкен назар аударуы керек. «Түркістан» газетінің 2018 жылы 23 тамызда шыққан нөмірінде мынадай мәліметтер келтірілген: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Өкінішке қарай, жең ұшынан жалғасын табатын, бармақ басты, көз қысты әрекеттер әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне кедергі келтіретіні даусыз». Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес қарқын алса да, ұрылардың саны азайып жатпаған көрінеді. Тіпті, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да: «Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталған», – делінген. Осы уақыт ішінде олар мемлекетке 17 миллиард теңге көлемінде залал келтірген. Масқара емес пе?! Жоғарыда әңгіме болған ағаларымыздан неге тәрбие алмаймыз?.. Неге?..  

Әбдуәлі БАЕШОВ,

ҚР ҰҒА-ның академигі,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

Д.В.Сокольский атындағы Жанармай,

катализ және электрохимия

институтының зертхана меңгерушісі

Серіктес жаңалықтары