999
Ұлт мәдениетінің қамалы – кітапхана
Ұлт мәдениетінің қамалы – кітапхана
1998 және 2018 жыл. Бұл – Қазақстан кітапханашыларының айтулы съезі болған жылдар. Биыл 200 кітапханашының басын қосқан бүкілқазақстандық кітапханашылар съезі 13-14 қыркүйек күндері Алматыда өтті. Съездің басты мақсаты – кітапханаларды цифрлық жүйеге көшіру алдында тұрған түйткілдерді талқылау.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізілген «Кітапхана – қоғамның көпфункционалды, көп деңгейлі әлеуметтік мәдени институты» атты съезге 200 кітапханашы қатысты, оның ішінде 184-і – қазақстандық делегаттар, ал қалған 16-сы – шетел кітапханаларының жетекшілері және АҚШ, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды басқа елдер кітапханаларының мамандары. Жалпы, осы съезге қатысуға 300-ден астам адам ниет білдірген.
Кітапханаларды цифрландырудың алдында тұрған үлкен түйткілдерді біржолата шешу мақсатында съезге тек кітапханашылар ғана емес, сонымен қатар, билік өкілдері де шақырылды. Олардың қатарында сенат депутаты Бірғаным Әйтімова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова, ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Иқсанова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев болды.
Сондай-ақ, бұл жиынға рухани мәдениет пен кітап дүниесіне ерекше ықыласпен қарайтын жазушы қонақтар да қатысты: Қазақстанның Еңбек ері Олжас Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет және дінтанушы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі.
«Осының алдында мен Халықаралық жазушылар форумына қатысып едім. Қазіргі уақытта мәдениеттің кітап пен әдебиетке байланысы бар бағыттарының жанданып жатқаны мені қуантады. Ал бүгін мен Қазақстанның әр өңірінен жиналған Кітапханашылар съезіне қатысып отырмын. Съезге, сондай-ақ, Ресей, Америка, Өзбекстанның кітапханашылары да қатысуда. Бұл – өте үлкен іс-шара. Себебі кітапхана ел мәдениетінің – қамалы. Егер кітапхана жұмыс істеп және дамып жатса, демек біздегі мәдениет те өмір сүріп жатыр деген сөз. Жиынға келуімнің себебі де осы. Бала кезден танысып, өмір бойы достық қарым-қатынаста араласып жүрген әріптестерімді құттықтаймын. Кітап пен адам ешуақытта бір-бірінен ажырап қалмауы керек. Өкінішке қарай, қазіргі заманда әдебиеттің дамуы біраз кідіріңкіреп барады. Сондықтан кітапханашылар мен кітапқа қолдау көрсету өте маңызды іс», – деді Олжас Сүлейменов құттықтау сөзінде.
Мәдени шараның негізгі мақсаты – кітапханалардың қоғамдағы рөлін көтеру, дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне ену.
Съезд шеңберінде кітапхана директорларының отырысы, тақырыптық секциялық кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, кітапхана саласының жетекші шетелдік мамандарының қатысуымен фокус-тренингтер, шеберлік-сыныптары, тәжірибелік сабақтар, Астана және Ақмола облыстарының кітапхана қауымдастығымен мерекелік онлайн-кездесу өткізілді.
«20 жылдың ішінде кітапхана саласында жиналып қалған түйткілдерді шешу мақсатында осындай съез ұйымдастырып отырмыз. Елбасының 2020 жылға дейін цифрландыру бағдарламасы бойынша жұмысты жалғастыру үшін кітапхана алдында тұрған мәселелерді шешу керек. Қазіргі уақытта оқырмандардың барлығы алдымен керек дүниесін ғаламтордан іздейді. Осы жолда кітапхананың алар орны қандай, жаңашылдыққа бейімделіп, оқырмандарды жоғалтып алмау үшін қалай жұмыс істеу керек? Міне, съезде осы мәселелер талқыланбақ. Қазақстан азаматтары қай жерде тұратындығына қарамастан, оның кез келген аймағында жүріп-ақ, кітапқа қолжетімдігі бірдей болуы керек. Осы мақсатта еліміз бойынша барлық кітапханалар цифрланады. Болашақта ауылдың өзінде отырып, қолында интернеті бар кез келген адам қаладағы кітапханаға келмей-ақ, керегін кітапхана сайттарынан алып отыра береді.
Қазір біз жыл сайын кітаптардың электронды форматын салып жатырмыз. Сол себептен сайтқа кіретін оқырмандар саны 2 миллионға өскен. Бұрын 1,5 млн оқырман кіріп тұрса, қазір олардың саны 3,5 млн болып отыр», – деді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов.
«Кітапхана – архивтік басылымдар мен әдебиеттер қорын жинақтаушы, сақтаушы орын ғана болып қала бермеуі керек. Жаһандану дәуірінде кітапхана да заманға сай трансформациялануы қажет. Ол қоғамның әмбебап, көпфункционалды, жоғары дәрежелі мәдени институты ретінде қайта қалыптасуы керек. Техника-технология жағынан келгенде, еліміздегі аудандық кітапханалардың жайы қиын екенін барлығымыз білеміз. Сондықтан Президент «Цифрлы Қазақстан – 2020» бағдарламасын енгізіп, жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге кітапханаларды 2020 жылға дейін толық цифрландыруды және ол үшін кітапханаларға барлық жағдай жасап беруді талап етіп отыр. Мемлекет бойынша барлық кітаптар цифрланғанда кітап қоры жинақталып, кітапханалар біріге жұмыс жасай бастайды. Бүгін съезге тек облыстық, аудандық жалпы кітапхана мамандары ғана емес, сондай-ақ, мектеп және жоғары оқу орындарының, зағип жандарға арналған кітапхана мамандары мен ғылыми кітапханалардың да мамандары келді. Бізге әр саладағы кітапханалармен бір механизмде жұмыс жасауды жолға қою керек», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Ажар Юсупова.
Оның айтуынша, кітапхана құжаттарды цифрландыру операциясына сақадай сай. Бірақ толық цифрлануға заңнама кедергі тигізіп отыр екен. «Кітапханамызда цифрландыру орталығы жұмыс істейді. Алайда авторлық құқық туралы заң біздің жұмысымызға кедергі болуы мүмкін. Себебі заңнама бойынша автордың келісімінсіз оның еңбегін электрондық нұсқаға көшіруге болмайды. Егер осы заңды қайта қарастырмаса, кітапхана қорын толық цифрландыруға мүмкіндік жоқ», – деді ол. Осы мәселе де дөңгелек үстел үстінде Астанадан ат басын бұрып келген депутаттармен талқыланды. Сондай-ақ, Ресейде «қазіргі шығарылып жатқан кітаптардың электронды тиражы» деген термин қалыптасып, ол заң жүзінде бекітіліп те қойған екен. Енді біздің елде де осы мәселе қаралатын болады. Яғни, автор тек қолжазба кітабының тиражын ғана емес, сонымен қатар электронды кітабының тиражын да шығаратын болады.
Қала мен облыс орталықтарында орналасқан кітапханалардың жайы белгілі. Бірақ аудандық және ауылдық кітапханалардың жағдайы сын көтере ме? Осы мақсатта съезге келген делегаттардан өңірлік кітапханалар туралы сұрап біліп едік.
Айнұр Масаева, Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі:
Ауылдық кітапханалардың жағдайы мүшкіл
– Облыстық Ғ.Сланов атындағы кітапханаға қарасты 155 кітапхана бар облыста. Бізде цифрландыруға барлық жағдай жасалған. Бірте-бірте кітапты элеектронды түрге ауыстырып, кітапхананың сайтына салып жатырмыз. Астанада орналасқан Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасына (Kazneb) өлке туралы 262 кітапты электронды түрде өткіздік. Кез келген оқырман Kazneb-тің сайтына кіріп, осы кітаптарды тегін оқи алады. Аудандық кітапханалардың жағдайы жайлап көтерілуде. Ал ауылдық кітапханаларды интернетпен, жаңа технологиямен қамтамасыз ету кемшін қалып жатыр, өкінішке қарай. Ал цифрландыру үшін ең бастысы техника қажет. Перизат Өтеуғалиева, Атырау облыстық балалар кітапханасының басшысы:Қазақ тілді балалар авторы жоқтың қасы
– Балалар әдебиеті өте аз шығады. Шықпайды деуге де болады. Жергілікті балаларға арнап жазатын жазушы-авторларымен жұмыс жасап отырамыз. Орыс тілді кітаптар көп. Қазақ кітаптары да келеді, бірақ ол бұрынғы авторларды қайта басып шығарған жаңа кітаптар күйінде және орысша ертегілерді қазақшаға аударған суретті кітаптар ретінде әкелінеді. Ресей авторларының кітаптары балаларға өте тартымды сияқты. Дизайны, суреті, формасы баланы қызықтырады бірден. Біздің балаларға арналған кітапханада Кеңес Одағы тұсынан келе жатқан 127 мың кітап қоры бар, соның 70 пайызы орыс тілді, қалған 30 пайызы қазақ тілді кітаптар.Гүлжан Ержанова, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті кітапханалық ақпарат орталығының директоры:
Салада кадрлар тапшы
– Бүгінгі съезге Жамбыл облысынан 10 делегат келдік. Жалпы, облыста облыстық кітапхана, балалар және жасөспірімдер кітапханасы, арнайы кітапхана және жоғары оқу орындарының үш кітапханасы бар. Съездің өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Себебі талай жыл ішінде кітапхана саласында жинақталып қалған көп түйткілдер бар. Ол ең бірінші, кадр мәселесі. Кітапхана мамандарын дайындайтын білім мазмұнының ескіруі, мемлекеттік гранттың аз бөлінуі және ЖОО-ны бітіріп шыққан маманның дайын кітапханашы болып шықпауы. Біздің университетте осы мамандыққа түскен түлектерді тәжірибе жүзінде даярлаймыз. ҚР ЖОО қауымдастығының ұсынысымен Назарбаев университетінің кітапханасында ҚР ЖОО қауымдастығының ұсынысымен кітапханалар технологиясының мектебі ашылды. Бүгінгі күні мыңнан аса маман даярланып шықты. Сондықтан кәсіби кітапханашы шығару үшін университет кітапханалары мамандарды тәжірибелік мектептен өткізуі тиіс. Қазір «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елдерде білім алуға болады. Басты талап – ағылшын тілін білу. – 2011-2015 жылдары студенттерге өзі оқып жатқан саласы бойынша кітаптар жетіспеді, болмады десек те болады. Ресей авторлары жазып кеткен 70-80 жылдардағы кітаптарды қазақшаға аударып пайдаландық. Соның өзінде кітап мазмұнындағы дәйектер мен деректер ескіріп кеткен болатын. Қазір де студенттер осы мәселемен бетпе-бет келіп жатыр ма? – Қазір ол мәселе жоқ. Себебі мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 100 кітап белгіленген. Ол кітаптардың бүгінгі күнде 18 аталымы шығып, барлық ЖОО кітапханаларына таратылды. Негізі қайтадан жазғанша, осыған дейін жазылған кітаптар қазақшаға аударылуы керек, бәрібір одан асып жаңашыл ештеңе жазылмайды. Сондықтан жақсы, мықты авторлардың еңбектерін мемлекеттік тілге аударған тиімді. Кітапхана – білімнің қайнар көзі. Елдегі ғылым дамуының бірден-бір көрсеткіші. Қазақстан бойынша 11 мыңнан астам кітапхана тіркелген. Оның ішінде екеуі – ұлттық. Ал еліміздегі ең үлкен кітапхана Алматыда орналасқан. Оның қорында 7 млн-ға жуық кітап бар.