Туған ұлтына жаны ашитын тұлғалар

Туған ұлтына жаны ашитын тұлғалар

Туған ұлтына жаны ашитын тұлғалар
ашық дереккөзі
338
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 405 теңге болды (2017 жылы – 2269 теңге). Жалақының ең төменгі мөлшері 28 284 теңгені, ал ең төменгі зейнетақы көлемі 33 745 теңгені құрады. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты мемлекеттен балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері де өзгеріп тұрады. Қазақстанда бірінші балаға 1 жасқа толғанға дейін ай сайын 13 мың теңге көлемінде жәрдемақы мөлшері тағайындалған. Ал Ресейде  2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бірінші балаға төленетін ай сайынғы жәрдемақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес 10 500 рубль – 56 мың теңге боп бекітілді. Жәрдемақы бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді. Салыстырсақ, 43 мың теңгеге көп және 6 айға артық. Себебі неде? Ана мен баланы қорғау, балалы отбасыларды қолдау, еліміздегі демографиялық жағдайды жақсарту үшін бала тууына байланысты келесі жәрдемақылар көзделген: Бала тууына байланысты тағайындалатын бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы (жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге): –  бірінші, екінші, үшінші балаға – 91 390 теңге; – төртінші және одан кейінгі балаларға –151 515 теңге. Бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (жұмыс істемейтін әйелдерге): – бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 13 852,8 теңге; – екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 16 378,05 теңге; – үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 18 879,25 теңге; – төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 21 404,5 теңге. Егер бала мүгедек болып туылса, он алты жасқа толғанға дейін 39 598 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Сонымен қатар, асырап  не қамқоршылыққа алғандардың, мүгедек баланы тәрбиелеушілердің де жәрдемақы алуға құқығы бар. Өтініш берген күннен бастап 29 699 теңге ала алады. Жұмыс істейтін әйелдерге бала күтіміне байланысты бiр жасқа толғанға дейiн төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері былай есептеледі: Төлем мөлшерін есептеу үшін соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты  (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік аударымдармен расталады) 24 айға бөліп, оны 0,4-ке көбейтіп, шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алып тастау қажет. Мысалы, сіз босанғанға дейін 2 жыл жұмыс істедіңіз, жалақыңыз 90 мың теңге. Енді жалпы жиынтық табысты есептеу үшін 90 мың теңгені 12 айға көбейтеміз. 12*90 000= 1 080 000 Осы 1 080 000 теңгені 24 айға бөлеміз: 1 080 000/24= 45 000 теңге 45 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері. Осы орташа айлық мөлшерді 0,4 коэффициентіне көбейтіп, 10 пайыз зейнетақы жарнасын шегереміз. 45 000*0,4 = 18 000 теңге, 10 пайыз шегергенде босанған әйел ай сайын 16 200 теңге алады. Енді жүктілікке және босануға байланысты біржолғы төлемнің мөлшерін есептеп көрейік. Мысалға, бір жыл ішінде әлеуметтік аударымдарды шегергенде сіз 1 200 000 теңге мөлшерінде табыс таптыңыз. Оны он екі айға бөлсеңіз, 100 мың теңге шығады. Оны 4,2-ге көбейтсеңіз, 420 000 теңге болады. Енді одан 10 пайызын алып тастаңыз. Сонда балаңызды тууға байланысты алатын біржолғы төлем – 378 мың теңге болады. Ал көрші Ресейде үшінші балаға біржолғы төлем 450 мың рубль, теңгеге шаққанымызда 2 млн 250 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар, 10 сотық жер телімін немесе оның ақшалай эквивалентін береді. Екінші бала үшін 270 мың рубль – 1 млн 442 мың теңге беріледі. Арасын бір ғана сызық бөліп тұрған екі ел арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей болуы қалай?! Ана мен бала әңгімесі қозғалғанда, назар аударатын тағы бір мәселе бар елімізде. Ол – бала тууының азаюы. Денсаулық сақтау министрлігінің мұрағатынан алынған соңғы 3 жылдағы мәлімет кестеде келтірілді.
Туған жылы Дүниеге келген балалар Ұл Қыз Тірі туғандар Ұл Қыз Өлі туғандар Ұл Қыз
2015 401 663 207 000 194 663 398 458 205 291 193 167 3205 1709 1496
2016 404 049 209 020 195 029 400 694 207 223 193 471 3355 1797 1558
2017 393 620 203 602 190 018 390 262 201 756 188 506 3358 1846 1512
Ол бойынша дүниеге келген балалардың саны – 2017 жылы 2016 жылға қарағанда 10 429-ға, 2015 жылға қарағанда 8043-ке азайыпты. 2017 жылы өлі туғандардың саны алдыңғы жылдарға қарағанда біршама артқан. Ал 2018 жылдың қаңтар-мамыр айына дейін 159 мың 921 бала дүниеге келіпті. Мемлекеттен ана мен балаға берілетін жәрдемақы көлемі көңіл көншітпегенімен, елдегі электронды үкіметтің дамуы қуантады. Жас босанған анаға да, оның тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген сәбиіне де күтім керек. Алайда перзентханадан шығысымен туу туралы куәлік алу үшін жас ана халыққа қызмет көрсету орталығына баруға мәжбүр болатын. Ұзын-сонар кезекте тұрып, қажетті құжаттарын тапсыратын еді. Немесе нәрестенің әкесі жұмысынан сұранып, ары-бері сабылатын. Енді биылдан бастап үйден шықпай, тіпті перзентханада жатып құжатты онлайн рәсімдеуге болады. Тағы бір жағымды жаңалық, интернет арқылы балабақша кезегіне тіркеуге мүмкіндік бар.

Құпия сөзсіз іс бітпейді

Босанған әйелді ауруханадан шығарған кезде оған баланың туылғаны туралы медициналық куәлігі беріледі. Онда анасы туралы барлық қажетті деректер (тегі, аты, бар болса, әкесінің аты), сондай-ақ, баланың туған күні мен жынысы, құжатты беру күні көрсетіледі. Жаңа туған баланы тіркеу туралы өтінішті үш жұмыс күнінен кешіктірмей тапсыру керек. Оны қалай тез тіркеуге болады? Босанбай тұрып: Біріншіден, электронды үкімет порталы арқылы ЭЦҚ кілтін алу үшін өтініш білдіріңіз. Содан кейін жеке кабинетіңізге кіріп, телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіңіз. Екіншіден, ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңба) кілтіңізді флешкаға көшіріп алыңыз. Ал құпия сөзді есте сақтаңыз. Ұмытып қалсаңыз, қайтадан ЭЦҚ кілтті алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек болады. Босанғаннан кейін: Біріншіден, бала туылған соң, оның ата-анасына бірден SMS-хабарлама келеді. Баланың дүниеге келуімен құттықтап, мемлекеттік қызметті ұсынады. Хабарлама келмеген жағдайда, 1414 нөміріне хабарласып, кеңес алуға болады. Қызмет алушы SMS-хабарламаға жауап ретінде өзі тіркелген мекен-жайын жазып жіберсе, меншік құқығы туралы мәліметтер тексеріліп, меншік иесі рұқсат берген жағдайда нәрестені көрсетілген тұрғылықты жерге тіркейді. Екіншіден, egov.kz сайтына ЭЦҚ арқылы кіресіз. Құпия сөзді енгізесіз. Үшіншіден, «Отбасы» бөлімінің ішіндегі «бала» деген батырманың ішінде «толық көрсету» дегенді басасыз. «Баланың тууын тіркеуге электрондық өтініш беру» дегенді басасыз. «Онлайн сұрау» батырмасы бойынша өтесіз. Төртіншіден, ата-анасы туралы мәліметтер алдыңыздан шығады. АХАТ бөлімін таңдауыңыз керек. Перзентханада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің электрондық базасына баланың туылғаны туралы факт енгізіледі. Бесіншіден, зайыбыңыздың ЖСН нөмірін сұрайды. Содан кейін АХАТ арқылы тіркелгені туралы жерге балаңызға қойған есімін жазасыз. Алтыншыдан, қызмет көрсету үшін қолтаңбаңызды қоясыз. Балаңыз тұрғылықты жері бойынша тіркеледі. Одан соң барлық ақпарат АХАТ бөліміне жіберіледі. Олар 2 сағат ішінде туу туралы актіні тіркеп, баланың аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі рәсімделген туу туралы куәлікті дайындайды. Туу туралы куәлік дайын болғанда, қай жерден алуға болатыны жөнінде SMS-хабарлама келеді. Куәлікті курьер арқылы үйге жеткізуге тапсырыс беруге де болады. Электронды үкімет ұсынған биылғы жаңалық пен жеңілдік осы.

Көпбалалы аналар жағдайы

Елімізде 236 мыңнан астам көпбалалы ана бар екен. Көп балалы аналар санатына төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар аналар кіреді. «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 2018 жылы айына 15 392 теңге төленеді.  Ал бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға 10 005 теңге беріледі. Ресейде үш және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар ана көпбалалы ана атана береді. Бұл туралы РФ Заңы 2012 жылы қабылданған. Көпбалалы аналар мемлекет тарапынан ақшалай төлемдер алады. Екінші не одан көп бала дүниеге келгенде,  ай сайын алатын жәрдемақы көлемі 5153 рубль – 27 мың теңге. Сонымен қатар, өмір сүру құнының өсуіне байланысты да өтемақы көлемдері белгіленген: отбасыда 3-4 бала болса, әр бала үшін қосымша 600 рубль, ал 5 немесе одан көп бала болса, әрқайсысына 750 рубльден төленеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл көмек бала 16 жасқа толғанға дейін беріліп отырады. Тіпті, балаңыз 18 жасқа келіп, оқу орнында оқитын болса, жәрдемақы үзілмей төлене береді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясында көпбалалы аналар үшін коммуналдық төлемдерге жеңілдік жасалған. Егер отбасында 3-4 бала болса, коммуналдық төлемге ай сайын 522 рубль, ал 5 немесе одан көп бала болса, 1044 рубльге дейін жеңілдіктер қарастырылған. Ал бізде тек 7 не одан көп баласы бар «Алтын алқа» иеленген ана ғана пәтерақы төлемдерінен түгел босатылады. Мереке күндері Ресейде  10 немесе одан да көп балалары бар отбасылар ақшалай сыйлық алып тұрады. Халықаралық отбасылар күнінде 10 мың рубль–53 мың теңге, ал Білім күніне көпбалалы отбасыларға 15 мың рубльден – 80 мың теңгеден төленеді. 7 баланы асырап алған аналар «Ана даңқы» медалімен марапатталып,  100 мың рубль – 534 мың теңге сыйақыға ие болады. Көпбалалы отбасы балаларын балабақшаға кезексіз қабылдайды. Жер телімін алуға да мүмкіндіктер заң жүзінде қарастырылған. Кейін мемлекеттен алған жер телімін сатуына да болады. Бес бала өсіріп, оларды 8 жасқа жеткізген аналар зейнетке ерте шыға алады. Біздегі заңнамамен ұқсас келетін тұсы осы. Себебі Қазақстанда да өмірге 5 және одан да көп бала әкелген немесе асырап алған аналар 53 жасында зейнеткер атана алады. Ресей аналарға заң жүзінде неліктен көп қамқорлық қарастырған? Әлде оларда ол жақта азық-түлік бағасы Қазақстанмен салыстырғанда анағұрлым қымбат па деген сауал туды. Бірінші кезекте нан бағасын саралап көрсек, Мәскеуде қара нанның да, кәдімгі ақ нанның да бағасы 15 рубль – 80 теңге екен.  1 литр сұйық май 104 рубль – 555 теңге. Тұз 13 рубль – 70 теңге. 1 киллограмм қант 37 рубль – 197 теңге. 1 литр сүт 72 рубль – 385 теңге. Бұл – супермаркеттердегі баға. Базарларда бұдан төмен болуы әбден мүмкін. Алып бара жатқан қымбатшлығы көрінбейді. Бағалары біздікіндей-ақ. Балаларға арналған бір брендті (атауы да, қаптамасы да бірдей) жөргек, тіпті, ол жақта арзан болып шықты. Бізде 6500 теңге, Ресейде 1121 рубль – 5900 теңге. Қазақтың көбеюіне бірден-бір кедергі осы емес пе? Баланы туу бар да, оны өсіріп, жеткізу тағы бар. Көп қазақ баласының болашағын ойлап, ешкімнен кем қылып өсірмеуі үшін, бір-екі баладан ары аса алмай қалады. Баспана мәселесінен бөлек, жас аналарға берілетін көмектің де көлемі көңіл толарлық емес. Бұл түйткіл де көп ұзамай шешімін табар деген сенімдеміз. Әйтпесе, көрем десе көз, естимін десе құлақ, өз ұлтына жаны ашитын жүрек те  бар емес пе барлығында?!

Серіктес жаңалықтары