«Отынсыз тамақ пісірер» уақыт таяу

«Отынсыз тамақ пісірер» уақыт таяу

«Отынсыз тамақ пісірер» уақыт таяу
ашық дереккөзі
Қазақстандағы тың мамандықтардың бірі – IT мамандығы. Заман қажет ететін бұл саланың елімізде кешеуілдеп дамып келе жатқаны мәлім. Бүгінгі таңда Қазақстанда ІТ-дың тек бір саласы ғана жеткілікті дамыған. Ол – электронды үкіметтің құрылуы. Тіпті, оның жүзеге асуы  соншалықты сәтті болып, әлемдік рейтингтің ондығынан бір-ақ шықтық. Қазақстандағы ІТ мамандардың 30 пайызы бұл мамандықты өздері үйреніп алған, ал 10-15 пайызы шетелден шақырылып отыр. ІТ-лықтарды шетелден шақыртуға себеп бар ма? Ұшақпен ұшып бара жатып, төбеден таяқ лақтырсаңыз я заңгердің, я экономистің басына түседі дейді скептиктер. Себебі елде екінің бірі осы мамандық иелері. Өнер-білім бар жұрттар Тастан сарай салғызды, Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды. Аты жоқ құр арбаны Мың шақырым жерлерге, Күн жарымда барғызды. Адамды құстай ұшырды; ...Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді. Теңізде жүзді балықтай, – деп Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ хрестоматиясында» жазған еді. Одан кейін бір жарым ғасыр уақыт өтсе де, өзгерген көп нәрсе жоқ бұл күнде. Қазақстанда кім көп – ғалым мен академик көп, бірақ кейінгі жылдары бүкіл әлем мойындаған, таңдай қағып, салтанатты сарайларда қол соққан қазақ ғалымы бар ма? Қатты айтылғанымен, өкінішке қарай, шындық осы. Соңғы 3-4 жылда ғана гранттар техникалық, химиялық, информатикалық, биотехнологиялық мамандықтарға көптеп бөлінуде. Ал 2017-2018 оқу жылынан бастап, соңғы бес жыл ішінде алғаш рет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі едәуір өскені мәлім. 2017 жылы бакалавриатқа – 38 мыңға жуық грант бөлінді, бұл 2016 жылғы мемлекеттік тапсырыс көлемімен салыстырғанда 6 мыңға көп. Магистратураға –  10 мың орын, 2016 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 2,5 мыңнан астам орынға көбейген. Ал PhD докторантураға – 1285 орын бөлініп, бұл 2016 жылғы орын санынан екі есеге көп болды. Биыл техникалық мамандықтарға бөлінген гранттар саны тағы да артты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев наурыз айында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде техникалық салаға баса көңіл бөлуді нақты тапсырған болатын. – Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр, – деген еді мемлекет басшысы. Нәтижесінде, 2018-2019 оқу жылына жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 53 594 грант, магистр мамандарды дайындауға – 12 504, ал PhD докторларын даярлауға 2 240 грант бөлінген. Соңғы екі оқу жылында елімізде сұранысқа ие мамандықтар бойынша бөлінген гранттардың салыстырмалы көрсеткіші төмендегідей: Байқағанымыздай, осы жылы технологиялық ғылымдарға бөлінген грант саны алдыңғы жылмен салыстырғанда бірден 11 мыңға артқан.  Бұл мемлекеттің халықаралық экономика нарығы мен сұранысына сай жұмыс істеп жатқандығының көрінісі. Демек, бүгін грант көп бөлінген салаларға ертең сұраныс болады. Десе де, болашақпен санаса бермейтін жастарымыздың көбінде «Я тілмәш, я адвокат, болсам деген бәрінде ой» (Абай). Грант аз бөлінгеніне және оқу ақысының миллион теңгеге жуықтағанына, тіпті одан асып түскеніне қарамастан, биыл да түлектердің көп бөлігі құқық және экономика мамандықтарына тапсырған. Айналып келгенде, жұмыс таппай қиналатыны осыдан болар. Мемлекет грантты аз бөлгенімен, ақылы оқуға келгендерді бетінен қаға алмайды. Керісінше, жоғары оқу орындары оларды қуана қабылдары сөзсіз. Бірақ кейін жұмысқа орналастыру мәселесіне келгенде, білім алған ошағың өгей шешедей кейіп танытады. Дипломыңды берген күні қош айтысады. Арадағы 4-5 жылғы байланыс құр елес сияқты бір сәтте ғайып болады. Себебі Қазақстанда жоғары оқу орны мен жұмыс беретін мекемелер арасында байланыс көңіл көншітпейді. Дабыра қуып, атынан адам үркетін мамандықтарға түсетін түлектер ертең жұмыс таба алмай, дипломы мен тізесін құшақтап қалмауы үшін алдымен осыны ойлағаны абзал. Төрт жыл университет қабырғасында қамалып, сабақпен ғана шектелмей, мамандығы бойынша мекемелерде тағылымдамадан өтіп, кәсіби білімді тәжірибе жүзінде іске асырғаны да үлкен септігін тигізбек. Еңбек өтіліне қарайтын заман талабы сондай бүгінде. Айтып та, жылап та мәселені өзгерте алмады ешкім. Сондықтан «заманың түлкі болса, тазы боп шал». 2018 жылдың ақпан айындағы мәлімет бойынша елімізде жұмыссыздар  саны 440,7 мың адамды құраған. Ал 2017 жылдың қорытынды кестесі бойынша жұмыссыздар саны көп облыстар үштігін (бұрынғы) Оңтүстік Қазақстан облысы (61 мың), Алматы қаласы (49 мың) және Алматы облысы (48 мың) бастап тұр. Электрондық еңбек биржасы деректері бойынша, Қазақстанда заңгерлер әлі де тым көп. Бұл оның барлық аймақтарына тән көрсеткіш. Құқық қорғаушыларды есептемегенде, Астанада бухгалтерлер мен экономистер, Алматыда әлеуметтік жұмысшылар мен шаштараздар, ал Түркістан облысы мен Шымкентте фермерлер мен бастауыш мектеп мұғалімдерінің саны өте көп екен. Осы тұста еліміздегі танымал блогер, IT маманы Айна Досмахамбетқызымен пікір алмасып едік. – Қазір заңгер, қаржы мамандары өте көп. Осылай жалғаса бере ме? Әрине, заңгер де керек, қаржы мамандары да керек. Бірақ бұл салалардың да көп функциялары болашақта автоматтандырылатынына күмәнім жоқ. Бұл – бір. Ал екіншіден, қаншалықты жақсы заңгер не қаржы маманы болсаңыз да, халықаралық деңгейде бәсекелесе алуыңыз екіталай. Ол үшін сізде әлем мойындаған халықаралық сертификаттар болуы керек. ІТ мамандары сияқты бірден басқа елге барып, жұмыс тауып кете алмайсыз. Себебі ол елдің заңдары басқа, қаржылық процедуралары басқа, инфрақұрылымы басқа. – Балалары үшін шешім қабылдап, баланы өздері қалаған оқу орнына түсіретін ата-аналарға қалай қарайсыз? Кез келген ата-ана баласының болашағы үшін уайымдайды. Өздерінің өмірлік тәжірибесінің негізінде олар балаларымыз үшін тамаша шешім қабылдадық деп ойлайды. Мен оны дұрыс, не бұрыс деп кесіп айта алмаймын. Өзім де анамын. Ертең балам суретші боламын десе, оны оңайлықпен Өнер академиясына жібере салуым екіталай. Алайда болашақ мамандығын өзінің икеміне қарай таңдауға көмектесуге тырысамын. Мысалы, суретшілерден жақсы веб-дизайнерлер шығады. Сол сияқты, баланың икемін де мүлдем ескермеуге болмайды. Балаға дұрыс бағыт-бағдар беру ата-ананың міндеті. – ІТ-ды үйренген баланың болашақтағы табысы туралы айта аламыз ба? Біріншіден, бұл жайт баланың қаншалықты өз мамандығын жақсы меңгергеніне байланысты. Жақсы жұмысшы әрқашан жақсы жалақыға ие болады. Екіншіден, ол таңдаған бағытына байланысты. ІТ – бұл ақпараттық технологиялар. Оның ішінде мобильді қосымша жасайтындар, бағдарлама жазатындар, CRM жүйелерін жасайтындар, дизайнмен айналысатындар, тағы сол сияқты көп тармақтар бар. Бұл бағыттардың кейбірі Қазақстанда жақсы дамыған, кейбірі мүлдем жоқ. Соны ескеру керек. ІТ – әмбебап бағыт болғандықтан, бұны білген адам Қазақстанда да, басқа елде де жұмыс таба алады. СRМ мамандығын оқып, айына кем дегенде 70-100 мың теңге табуға болады. Сондай-ақ, өзіңіз стартап жасап, табысыңызды бірнеше миллион долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.  IT саласында жаңа пайда болып келе жатқан немесе құрылуы жоспарланған компанияларды стартап деп атайды. Соңғы естігенім, мобильді қосымша жасайтын қарапайым маман Қазақстанда 300 мың теңге алады екен. – ІТ саласы бойынша шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтар аз емес. Олардан бірдеңе үйренуге бола ма? – Әрбір шетелдік және Қазақстандық компанияларда ІТ бөлімі бар. Оларда қанша ІТ маман жұмыс жасап жатқанын айту мүмкін емес. Себебі қазір кәсіби ІТ мамандарына деген сұраныс өте көп. Ал стартаптарды айтсақ ше? Әлемде мыңдаған стартап бар. Сондықтан шетелде жұмыс істеп жүрген қазақ ІТ мамандарының саны белгісіз. Біз тек олардың он шақтысын білетін шығармыз. Себебі олар Гугл, Оракл, Амазон, Фэйсбук сияқты ірі ІТ компанияларда жұмыс істеп жатыр. Ондай компанияларда жұмыс істеу әрбір маманның асқақ арманы. – Біздің ел техникасы мен технологиясы дамыған Жапония сынды мемлекеттерден біршама уақыт артта қалғаны белгілі. Ал осының барлығының астарында техника тілін түсіну, бағдарлама құру сынды ІТ-дың тармақтары жатыр. Қазақ даласында қазақ баласына осы бір тың мамандықты үйрету жолдары тиімді қойылған ба? Елімізде бағдарламалау мектептері көп емес. Ал олардың ішінде қазақ тілінде үйрететіндер мүлдем жоқ десек те болады. Көп адамдар «қап, жасым отызға келді, енді маған мамандық ауыстыру кеш шығар» деп жатады. Ешқашан кеш емес дер едім. Қазір бәсекелестік қарқын алған уақыт. Әлемде минутына емес, секундына бірнеше жаңа ойын түрлері, жаңа бағдарламалар, тіпті, жаңа құрылғылар ойлап табылады. Ойлап көрейікші, кейін қазақ баласы әлем қолданатын, әлем мойындайтын жаңа нәрсені дүниеге әкеліп жатса, ұлтымыз үшін ғажайып қуаныш емес пе?! Қазір әлемді технология билеп тұр. Сондықтан ата-аналар да, балалар да жаңа бетбұрысқа тез икемделуі тиіс. Ең бастысы, жаңашыл курстар көбіне орыс тілінде жүргізілетіні, сол себепті қарапайым қазақ балалары үшін қолжетімсіз болып тұрғаны  да жаныма батады. Бұл жерде мемлекеттік тілдің тағдыры, оның келешегі мәселесі туындайды. Шахматты алыңыз, бассейнді алыңыз. Бәрі орыс тілді. Бұл да тез арада шешілуі тиіс мәселе! Сондықтан түлектер мен жастар техника мен технология ғылымдарына барғаны дұрыс. Себебі болашақ – ақпарат технологиялары саласында.  width=  P.S. «Қазіргінің кішкентайлары ақылды» деген пікірді жиі естуге болады. Қолдарынан телефон мен планшет түспейді. Түсіндірмесеңіз де, қайдан-қалай екені белгісіз, барлығын өздері үйреніп алған. Жұртшылық әуелде таңғалғанымен, қазір ол да үйреншікті жағдайға айналып кетті. Себебі заман технологияланды. Адам денсаулығына, еңбек ету қабілетіне зиян тигізеді дегенімен, техниканың дамуы тоқтайтын емес.  Болашақта «адамды құстай ұшырып, отынсыз тамақ пісіруді» ойлап табатындар қазақ азаматтары болса екен деген үміт жібі ешқашан үзілмейтін сұры бар.