Үш ауысым ұмытылар кез таяу

Бүгінде Алматы облысында үш ауысымды 27 мектеп бар болса, биылғы оқу жылында олардың қатары 3 мектепке азаймақ.

Қазір өңірде 22 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі 3 ауысымды мектептерді жою мақсатында салынуда. Ал 30 білім нысаны күрделі жөндеуден өту үстінде.

– Бір мектепте толығымен күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ол – Панфилов ауданы Лесновка ауылындағы Рақышев атындағы мектеп. Қалған нысандарымыз 1 қыркүйекке дейін беріліп, балалар жаңа, таза, күрделі жөндеуден өткен ғимаратқа кіреді, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсара Исағұлова.

Сондай˗ақ, тұрғындары көбейіп, демографиялық жағдайы жылма-жыл артып келе жатқан Талдықорған қаласында да мектептердің аздығы байқалады. Биыл әрқайсысы 1200 орындық 2 мектептің құрылысы аяқталмақ. Бірі жаңа ықшам ауданнан бой көтерсе, екіншісі шаһардың шеткері аумағындағы елді мекен балалары үшін өте қолайлы жерден орын тепкен. Жер көлемі 3 гектардан асатын мектеп қаланың солтүстік-батыс аймағында тұр. Мұнда 175 адам еңбек етуде. Құрылыс материалдарының барлығы Қазақстанда жасалған. Жаңа мектептер 20 тамыз күні тапсырылмақ.

Осылайша, облыс орталығындағы білім шаңырақтарының саны 26-ға жетеді. Онда 30 мыңнан астам шәкірт оқиды. Облыста биылдан бастап алдағы бес жылды қамтитын жоспар бар. Ол бойынша 53 мектеп қажеттілікке қарай күрделі жөндеуден өтеді немесе қосымша ғимараттарға ие болады. Ал қазір бес мектептің жобалық сметалық құжаттамалары жасалуда.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button