Каспий жағалауы жайқалуда

Ақтауда теңіз жағалаулары абаттандыру шаралары кестеге сай жүріп жатыр. Әсіресе, төртінші ықшамаудандағы «Жартасты жағалау» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда.

Келер жылы «Сарбаз» жағажайына дейінгі үш шақырым жер көркейтілмек. Бұл жағалау шаһар халқы үшін қолжетімді. Мұндағы кейбір жер телімдері кезінде жекеге сатылып кеткен. Енді олар мемлекет меншігіне қайтарылады.

Осы аумақта тұрған жекелеген кешендердің құрылысқа кедергі келтірмеуі де қарастырылады. Олардың қатарында өңірдегі жалғыз яхта-клуб пен шипажай да бар. Қазір қаланың солтүстік бөлігін абаттандыруға басымдық берілген. Мұнда көпшілікке арналған мәдени демалыс кешендері, ойын алаңдары мен дала сахнасы бой көтермек. Бұл жұмыстар тамыз айының басында аяқталады.

«Аймақтағы бірегей яхта-клуб әйгілі «Мыс» мүйісінде орналасқан. Өңірге келетін саяхаттаушылар қаланың басты көрнекті орындарының бірі ретінде бізге келеді. Осы тұрғыдан клубты басқа жерге көшіру туралы жоспарымыз жоқ. Мысалы, Ресейдегі Севастополь қаласын алайық. Ол жерде біз секілді яхта-клубтары шаһар шетінде емес, дәл ортасында тұр. Яғни туристермен қатар қала тұрғындарының да сүйікті орнына айналған» дейді Ақтау яхта-клубының командоры Сергей Кулькин.

Back to top button