Қасиетті Түркістанды ұлықтау - қазақты ұлықтау

Қасиетті Түркістанды ұлықтау - қазақты ұлықтау

Қасиетті Түркістанды ұлықтау - қазақты ұлықтау
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев күллі түркі халықтарының тарихын байланыстырған, қазақ хандығының қара шаңырағы атанған қасиетті Түркістан жерін ерекше кие тұтады. Бұл өлкеде ұлттың ұлылығымен қатар, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған асыл қасиеттер сақталған. Осы уақытқа дейін Елбасының ізгі арманы Түркістан жерін түлету болды және ол ақырын әрі анық басқан қадамдармен іске асып жатты. Түркістан барша қандас-бауырлас ұлттардың ерекше құрмет тұтатын, бас қосатын рухани орталығына айналса деген арманға Елбасының Түркістан турасында әр кезде айтқан ойлары қанат бітіргені белгілі. Бүгінде сол ақ арман шындыққа айналған. Шілдеден бастап Түркістан ˗ Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы. Ал қаланы дамытуға жасалған жоспар, кез келген жаңа салынатын нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігінен аспауы тиіс деген талап Елбасының ата-баба рухын айрықша құрметтейтінін көрсетті.  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік алған жылдардан бері Түркістан туралы айтқан пікірлерінің кейбірін «Түркістан» газетінің көзіқарақты оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз. «Мұндай тарихи оқиғаның не Алматыда, не Ташкентте емес, киелі Түркістан шаһарында, екі халыққа бірдей қастерлі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесінде өтуінде үлкен мән бар. Сонау алыс замандардың өзінде де біздің бабаларымыз тарихтың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы арада пәтуаласқан. Күллі шығыс әлеуметі имандай ұйитын ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік болған. Сол дәстүрден айнымау-біздің де парызымыз. Өйткені біздің мойнымызға тағы да заманауи заңғар жүктер артып отыр. Алда тұрған сын белестен білекке білек, жүрекке жүрек, тілекке тілек қоса білсек қана абыройлы өте аламыз».

 Түркістанға Өзбекстан президенті Ислам Каримов арнайы

сапармен келгенде, 1992 жыл

«Бұдан былай түркі халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз».

 Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен кездесіп, «Түркістан меморандумына» қол қойғанда, 1992 жыл

«Түркі халықтарына келешекте ортақ оқу орнына айналады. Түркістанды осы университет өркениет биігіне көтеруге тиісті».

 Қ.А.Ясауи атындағы

Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылғанда, 1992 жыл

«Түркістан – әлемдегі ғажап түркологиялық орталыққа айналуға тиіс. Түркістанды – түрік дүниесі рухани орталығына – Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті айналдырады. Мұнда түркі тілдес елдерден талапкерлер арнайы келіп оқиды, оларға әлемнің әр шалғайынан келіп шынайы оқымыстылар сабақ беретін болады!»

 Түркия Республикасы президенті Сүлеймен Демирель келгенде,

1995 жыл

«Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Той Түркістанды орталыққа айналдырудың басы».

 Шаһардың 1500 жылдық тойында

 «Түркістанда түркі халықтарының тағдыр-тарихын ортақ талдайтын Түркі академиясы ашылады. Оның музейі, кітапханасы қалыптасуы керек».

Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ Саммитінде, 2009 жыл

«Бәріміз байырғы баба – батыр түркінің кіндігінен өсіп-өнген ұрпақпыз. Тіліміз жақын, тілегіміз бір. Тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ. Жер арасы шалғай болғанымен, ғасырлар қойнауынан үзілмей жеткен асыл құндылықтарымыз алтын арқаудай бізді етене жақындастырады. Қалтқысыз қарым-қатынастарымыздың айшықты бір көрінісі – осы оқу орны. Ұлы ақын, ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атын иеленген бұл университет – түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық университет. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап мен Түркістанды қайта түлету идеясын көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қойдым. Сондықтан Түркістандағы университет 1992 жылы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды».

Түркияның президенті Абдулла Гүл келгенде, 2010 жыл

«Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырмен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады».

«Қожа Ахмет Ясауи жылы», 2016 жыл

«Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде 800-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің көпшілігі осында. Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелері – біздің мақтанышымыз. Осындағы әрбір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің аттары – тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасы – халқымыздың сақталуына әсер еткен қазақтың бірлігі мен тұтастығының қасиетті символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет».

Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесуінде, 2017 жыл

«Оңтүстік Қазақстан – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл – абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған, Қожа Ахмет Ясауи мен әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16%-ы тұрады».

Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесуінде, 2017 жыл

«Мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл орайда біз Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын негізге алуымыз керек. Оңтүстік Қазақ­­стан облысы қайталанбас әрі бүлінбеген табиғи және ірі мәдени-тарихи құндылықтары бар орасан зор туристік әлеуетке ие. Сондықтан тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылым түзу керек... Бағдарлама сіздердің де облыстарыңызда қолданылады. Мен сіздердің еңбекқор халық екендеріңізді жақсы білемін. Солтүстік, шығыс өңірлерге қоныс аударып, еліміздің дамуы мен болашағына зор үлес қосып келесіздер. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Өңірдің ерекшелігін ескеріп, үшінші жаңғыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу ісін, өңдеу өнеркәсібінің экспорттық өндірістерін дамыту қажет. Жаңа өсім нүктелерін – тірек жобаларды алдымен облыс орталығында дамыту керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының мүмкіндіктерін толық пайдалана білу керек. Ең басты бағыттар – ауыл шаруашылығы өнімінің шығымдылығын арттыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, заманауи агротехниканы қолдану».

 Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесуінде, 2017 жыл

«Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі. Жиырмасыншы ғасырда қазақтың біртуар азаматтарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күресі де Түркістан атауымен тығыз байланысты болғанын білеміз. Шежірелі өлке мұсылмандар үшін де қасиетті болып саналады. Ел ішінде «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген қанатты сөз айтылады. Сондай-ақ, «Түркістан – бірлік бесігі», «Түркістанға барсаң ісің оңға басады» деген жақсы жоралы сөз бар. Бұл қала – Ұлы жібек жолында орналасқан үлкен өркениет орталығы, оның тарихи маңызы бар. Тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны. Оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен орны бар екенін білеміз. Тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше. Қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы сыртқы туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы. Сондықтан Түркістанды қай жағынан алсақ та, облыс орталығы болуға әбден лайық».

Түркістанды облыс орталығына ауыстыру туралы жарлыққа қол қойғанда, Астана, 2018 жыл

«Түркістанды тез арада дамытамыз. Онда жақсы туристік орталық жасау керек. Қазірдің өзінде туристер барып жатыр, 100 мың турист болып қалды... Олардың санын әлі көбейтуге болады».

Ақмола облысындағы туристік нысандарға бару кезінде, 2018 жыл

***

 «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан».

***

«Түркістан – қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін дүниеге әкелген алтын бесік, әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп».

***

 «Түркістан ендікпен өлшегенде де, бойлықпен өлшегенде де жер шарының кіндік тұсына орналасқан. Түркістанның қазақ баласы үшін қадір-қасиеті ерекше. Өйткені ол ˗ біздің бұрынғымыз бен бүгінімізді жалғап тұрған алтын көпір».

***

 «Түркістан ендігі жерде түркі халықтарының рухани астанасы ретінде гүлденуге тиісті».

***

«Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы туған... Нақ осы Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында соларды жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, солардың бастау бұлағында осы ілім тұрды. Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ мемлекеттігінің нысанына айналып, кейінгі уақытта жалпыұлттық зиярат-қорым (пантеон) қызметін атқарды. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде сақтаулы. Сондықтан осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс».  

«Тарих толқынында» кітабынан

 Дайындаған Аяулым Салықжанова