«Абай сахнаға көптік етпейді...»
«Абай сахнаға көптік етпейді...»
Абай десем алдымен адамға ұлылық , тазалық, адалдық, халықшылдық, отаншылдық деген ұғым келеді. Абайдың философ және күрескер ретінде болашақ үшін айтқан сөздерін, жасаған еңбектерін, жазған шығармаларын кішкентай мақалаға сыйдыруға келмейді әрине. Мен өзім жас театртанушы маман ретінде, Абайдың шығармаларын оқып, театрдың спектакльдерін көріп жүрмін. Әрбір көрген сайын, залдан шығып кетуге таяу қаламын. Өйткені бүгін Абай армандары, Абай ойлары сананды қозғап орнында тыныш отырғызбайды. Міне бүгінде қолыма қалам алып, Абай туралы емес, жалпы Абай деген ұғым туралы екі-үш ауыз сөз айтқым келеді...
Кеше ғана дүркіретіп өткізген Абайдың мерекелік жиындарындағы видеофильмдерді көрдім. Тереңге үңілген материалдарды көргеннен кейін, ұлы шайырға, ұлы ақынға Жамбылдың тілімен айтқанда «Абай ақын емес, Абай пайғамбардың» мерекелік жиынында жиналған халықты көріп, дүние жүзі көрген сонау 125, 150, кешегі 170 жылдығындағы материалдарды көргенде мен бір ойға қаламын. Абай тек сол дата үшін керек пе бізге? ... Меніңше Абай күнде керек. Адам тұрғанда бисми-алласын айтып тұрса, содан кейін Абай деп тұру керек. Өйткені Абайдың айтпағаны, көрмегені жоқ. Абайдың меңзеп кеткен дүние әлеміне жете алдықпа?...
Абайдың сахнаға шығуы, киноларының қойылуы оның бәрі халық үшін, ұрпақ үшін қажет. Кезінде жазылған театр тарихы кітаптарын қарап отырғанымда, сонау 1940 жылдары қазақтың тұңғыш профессиональды режиссері Асқар Тоқпанов қойған Қалибек Қуанышбаев сомдаған Абайдан бастап, бүгінгі таңда ұлттық режиссураның көшбастары деп лайықты атанып жүрген Есмұхан Обаевтың сахналаған Ерлан Біләлдің бейнелеген Абайларын салыстырдым. Кезінде өткен қойылымды көрмесемде, кітаптан оқып , көңіліме тоқыдым. Сол кезде Қалибек Қуанышбаев не деп толғады, бүгінде Ерлан Біләлов не деп тебіренді. Кешегі Ыдырыс Ноғайбаевтар сомдаған бейне(1964ж қойылған «Абай», режиссері Ә.Мәмбетов) ол қандай мағыналы Абай болды. Тақырыбы не болды. Ондағы актерлік жан әлеммен ізденіс, актерлік болмыс, актерлік жауапкершілік, актерлік позиция қалай болды. Сол есіме түседі. Бүгінгі М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрында жүріп жатқан Есмұхан Обаевтың Абайы шығармашылық Абайға таяу. Егер Ә.Мәмбетовтың сахналаған Абайы күрескер, батыр, батыл, бірбеткей , қайсар Абай болып көрінсе, ал бүгінгі таңдағы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләловтің Абайы ол өте нәзік, ойлы және Абайдың ең басты бір компазиторлық қырын режиссер мен актер басқа қырынан ашып көрсеткен. Тартыс сахналары, би сахналары сахнаның ашылуы болсын Абай әндері арқылы Абайдың ішкі әлемін зерттеуге, Абайдың ішкі әлеміне бой алдыруға, бүгінгі ұрпаққа жеткізуге тырысқан еңбектері көрініп тұр. «Абай» қойылымының тартысы Ғазиза Жұбанованың музыкаларына берілген де, ал бүгінгі сахнада өтіп жатқан әрекеттерге араласу актерлердің өздерінің айтуы, өздерінің музыкалық мүмкіндігін көрсетуі Абайдың тағы да бір қырын көрсетеді деп ойлаймын. Мысалы үшін 2001 жылы Ә.Мәмбетов екінші рет Абайды сахналады (Абай ролінде Б.Әбілманов , бірінші Абайды 1964ж қойған). Әр кезеңде сахналанған «Абай» қойылымының түбі, ойы , негізі бір болғанымен актерлық орындауда, режиссерлік шешімде Абайға әрқайсысы әр қырынан келген. Ол бірін бірі қайталайтын қыр емес. Мысал үшін Қаллеки сомдаған Абайды касетадан көріп отырсам бұл кинодағы Қаллекидің Абайы тау қозғалса қозғалмайтын философ. Ой әлеміне бой алдырған, қарабайыр халықтың ішінде мыңмен жалғыз алысып жүрген Абай көрінді. Өзінің баяғы творчествасынан гөрі философиялық ел қамында жүрген, болашағым не болады деп , мыңмен жалғыз алысып жүрген Абайды көресіз.
Ал енді бүгінде мынау көп театрлар Абайды қояды. Соған қоюға қақысы бар ма?- деген сұрақ ойыма келеді. Кім көрінген Абайды қоя алмайды ау шамасы. Өйткені оған оның өресі де білім де, театрының мүмкіндігі де жетпейді және актері де жоқ. Бүгінде Абайды ойнайтын болса Қазақстанда бір екі-ақ артист бар. Өзі елудің үстінде алпысқа таяп қайтыс болған адамды бүгінде сахнада шал қылтып ойнаудың қажеті жоқ. М.Әуезов атындағы қара шаңырақта Е.Обаевтың қойылымындағы Абай ол әлі жас, әлі қаны бар, әлі қызуы тарамаған, творчествасына бой алдырған әлі де ән шығаратын, жыр жазатын, түні бойы философиялық трактаттар жазатын халықтың кең ортасына өзі барып кіріп кететін, халықтың бел ортасында жүрген, «Халық және Абай»- деген ұғымды беретін қойылым деп білемін. Сондағы 40-50 ге таман халық сахнада тұрып: «Абай аға қайда барасың, кіммен қаласың? Абай аға біз не боламыз»- деп соңынан ерген иессіз қалған жұртты көрсетеді бұл спектакльде. Спектакльдің аяғы көрерменді және орындаушыларды үлкен бір оптимистік рухқа алып келеді.
«Жаңа заман туар, жаңа ұрпақ келер. Заман өзгереді. Ол заманды мен көре алмаспың, бірақ көре алмасамда сол заманға сәлем деңдер, сәлем деңдер достарым»-деп Абайдың тастап кеткен аманаты. Бүгін сол орындалды ма, бүгін соған жетті ме қазақ халқы десем, мына кейінгі қойылған спектакльде соған жеткен халықты көремін мен. Өйткені Абайдың халықтың білімі, санасы көтерілсе екен деген арманы орындалып, Республикамыз егеменді ел болды, азаттықты, тәуелсіздікті жырлап кеткен Абайдың арманы орындалды. Халқын дүние әлемі таныды. Абай шығармаларын неше түрлі тілде оқуға елдің мүмкіндігі туды. Абай армандап жете алмай кеткен мақсатқа, мұратқа, татулыққа, ізгілікке жеттік, Оразбайлар жеңілді,Абай жеңді. Абай ақылымен, санасымен, халқын жаңа дүниеге, жаңа бір азаттық жолына жетектеп алып келді. Бұл спектакльдерде осылардың дәл бүгінгі күннің тақырыбының сарқырап тұрғанын көруге болады. Сондықтан Абай ағаны тек той күнінде ғана еске алмай, той кезінде ғана Абайға көңіл аудармай, болмаса бір жиыннан екінші жиынға таппағын жаттатып алып мектептерде Абайды еске алу кештерін өткізу аздық етеді. Қазақ халқы бисми-алладан кейін Абай деуі керек. Өйткені Абай соған тұрады. Өйткені Абайдай ұлы суреткер, ұлы қайраткер, Ұлы философ, ұлы дана қазақта жоқ. Қазақ тұрмақ басқа ұлттарда жоқ. Сондықтан Абай армандап кеткен арманға жеткен бүгінгі тәуелсіз елдің болашағы не болмақ, келешегі не болмақ десек ол да Абаймен байланысты.
Сондықтан бүгінде конституция туралы кітаптар шығарып, батырлар туралы жазып жатырмыз, осы Абайды түгелдей зерттеп болдықпа, Абайдың әрбір сөзі халыққа жетті ме? Ол сұрақ... Ең соңғы кішкентай шыққан Абай зерттеуші, профессор Мекемтас Мырзахметовтың кітабында Абайдың әрбір сөзінің астары не айтайын деп отыр, нені меңзеп отыр, нені армандап отыр, бұның әр жағындағы философиялық негізі не деген сұрақтарға жауап іздейді. Абайды барша институттар, мектептер, пласттар оқу керек. Сонда барып біз Абайдың ұлылығын, даналығын , Абайдың ұлы қазақ болып туғандығын ғана көре аламыз.
Бүгінде театр болсын, концерттік ұжым болсын, жалпы өнер ұжымдары Абайдың айтып кеткен қағидасына қызмет ету керек. Абайша таза, ғұлама болу керек. Абайша халқың сүю керек.
Абайды зерттеу проблемасы, Абай оқулықтары , жырлары, қара сөздері,философиясы, әндері, мұңы, Абай зары, Абайдың үміті ақталды ма деген сөз ылғи менің ойымда жүреді. Ұлы Абайды оқып өсіп, есейе келе, Жүргенов өнер академиясына түсіп Театртану мамандығын бітірген едім. Бүгінде білім нәріне сусындап аталмыш өнер ордасының магистратурасында оқып, әлі де болса өнер әлемін өзімше зерттеуге тырысып жүрмін.
Не бітірерімді кім білсін, бірақ бар ойым, арманым Абай деген тудың астында жүрсем, соған қызмет етсем мен өзімнің парызымды орындаған болар едім.
Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА
театртанушы