Көп күткен чемпионаттың тосын тұстары

Көп күткен чемпионаттың тосын тұстары

Көп күткен чемпионаттың тосын тұстары
ашық дереккөзі

ШЫРАҒЫ ЖАНҒАНДАР МЕН ЖЕҢІСТЕН ҚАҒЫЛҒАНДАР

Ширек финалға жеткен командалар жанкешті ойын көрсетіп, жасыл алаңның көркін кіргізді. Уругвай, Франция, Бразилия, Бельгия, Ресей, Хорватия,  Швеция, Англия құрамалары алысқа – алтын кубокқа көз тікті. Алғашқы ойын чемпиондық атақтың дәмін бұрындары сезген Уругвай мен Франция құрамалары арасында өтті. Алаңдағы төреші ойын аяқталды деп белгі берген кезде 0:2 есебі тіркеліп тұрған. Осылайша, Франция жартылай финалға шықты. Бельгияның Бразилия құрамасын ауыздықтаған сәті әлі талай жылдар бойы сөз болар. Өйткені Бразилия жарыстан тыс қалған соң, одан әрі еуропалық 6 команда ғана жүлдеге таласуға тиіс еді. Бұқаралық ақпарат құралдары «Еуро-2018» деген тіркесті жиі қолдана бастады.  Әу баста саяси кикілжіңге орай құрамасының әлем біріншілігіне қатысу, қатыспауы белгісіз болған Ұлы­­­­британия өрнекті ойын көрсетті. Қарсылас шақ келтірмей келе жатқан Швецияны ағылшын құрамасы 0:2 есебімен ойсырата жеңді. Ширек финалдағы жауапты ойында Ресей «өліспей беріспеуге» нықтап бел байлап шыққандай әсер қалдырды. Хорватиямен болған кездесудің 31-минутында Денис Черышев тепкен доп қақпадан табылды. Жанкүйерлер Ресейдің аспанын жаңғыртып қуанды. Қуаныш көпке созылмай, 39-минутта Андрей Крамарич жауап голын соқты. Экстра таймның аяқталуына 10 минут қалғанда Ресей қақпасына хорваттық Домагой Вида екінші голды салды. Міне, осы кезде Ресейдің кейбір жанкүйерлері жылап та жіберді. Бразилия өкілі, тіпті, туған елінің құрамасында ойнап, кейін Ресейге ауысқан, ЦСКА командасының қорғаушысы Марио Фернандес ойын аяқталуына 5 минут қалғанда есепті теңестіріп, ресейліктерге «жан бітірді». Хорваттар орыстардан басым түсе алмай біраз тер төкті. Ал Ресей құрамасы испандарға қарсы көрсеткен «қулығына» салып, пенальтиге сүйреді. Сарапшылар осы тұста, «Ресей құрамасы Хорватияны жеңіп кетсе, «үлкен түйе сойылып, қуырдаққа қарық боламыз» деп тон пішкендей болды. Себебі әу баста, мундиальдың Ресейде өтуіне ашық қарсылық танытқан Ұлыбритания болатын. Ресей жеңсе автоматты түрде Англия құрамасымен жартылай финалда ойнаушы еді. «Саяси кикілжің футболға кедергісін келтіре жаздаған болса, енді дәл осы футбол саяси дауды өршіту алдында тұр» деп мамандар дабыл қағып жатты әр тұста. Бірақ бұл кездесуде Хорватия құрамасының шырағы жағылды, бас бапкер Златко Далич қуаныштан жылап, елге тағы бір танылды, ал орыстар пенальтиден шалынды, жарысты жалғастырудан қағылды.

КІМ ЧЕМПИОН БОЛАДЫ? ФРАНЦИЯ-БЕЛЬГИЯ – 1:0

Жартылай финалда ойнаған Франция (1998) мен кеше түн ортасында өнер көрсеткен Англияға (1966) чемпиондық кубок таңсық емес. Бельгия мен Хорватия құрамалары дәл осы үшін жан алысып, жан берісуге даяр еді. Футбол бірдің айтқанындай емес алаңдағы жағдайға қарай нәтиже беретіні тағы да дәлелденді. Жаңа есімдер танылды,  талай тарихи оқиғалардың куәгері болдық. «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген тәмсіл қалай тауып айтылған. Франция мен Бельгия құрамалары биылғы мундиальды қоса санағанда 74 рет кездесу өткізіпті. Бұл ойынның тарихи қызықты болуының басты себебі Бельгия құрамасының бас бапкері, каталондық Роберто Мартинестің көмекшісі Тьерри Анриге тікелей байланысты. Еуропа және әлем чемпионы Анри француз құрамасы сапында талай жыл тер төкті. Сонау 1998 жылы 20 жасында чемпиондық атақтың дәмін татқан ол, Франциядағы әлем чемпионатында 3 гол соғып, үздік бомбардир болған еді. Енді өзі жаттықтырып жүрген Бельгия құрамасы мен сайыпқыран отандастарының ортасында шыр-пыр болып қалды. «Өзге елде сұлтан болғаннан гөрі» деген сөз қайта-қайта тілге оралады, қайтеміз?! Бас бапкер Мартинестің өзі: «Маған бәрінен де оның ойыншыларға тәжірибесін жеткізуі ұнады. Тьерри біздің психологиялық қаруымыз», – деп БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. «Қызыл сойқандардың» шабуылшысы Ромелу Лукаку: «Мен онымен жұмыс істегелі бері екі есе күшті болып кеткендеймін. Ол маған барлық жағынан көмектеседі. Ойынды түсінуді, техниканы, соққыны... Мен оның алдында борыштармын», – деп ағынан жарылған. Францияға чемпиондық атақты сыйлаған Тьерри Анри енді Бельгия құрамасына бапкердің көмекшісі болып, сол атақты «қызыл сойқандарға» әперуге күш салды. Бірақ бельгиялық ұжым бұл жолы сан соқты. Қақпасына байқаусызда бұрыштамадан доп жіберіп алған «қызыл сойқандар» есепті соңына дейін теңестіре алмай қара терге салынды. Сынаптай сырғып жатқан уақыт күте ме. Осылайша, француздар тағы да финалға жетті. Францияның жолдама алуы тегін емес еді. Анри кеткенімен жас ойыншылардың жұлдызы жарқ етті. Әсіресе, Киллиан Мбаппе есімді «жас пері» жұрттың аузында. «Қазан Аренада» өткен Франция мен Аргентина құрамаларының кездесуінде Мбаппе 2 бірдей гол соққан еді, 2 рет әлем чемпионы болған аргентиналықтар осылайша бұл жолы елге ерте қайтуға мәжбүр болған. 19 жасар Мбаппеге мадридтік «Реал» командасы қызығып отыр деген ақпар тарауда. «Реал» сапынан Криштиану Роналду кетті. Дәлірек айтсақ, «Ювентус» командасына ауысты. Енді, Мбаппе үшін «Реал» аянып қалмасы сөзсіз.

АНГЛИЯ-ХОРВАТИЯ?

Мамандар Англия құрамасының жұлдызды сәті келді деп дабырласуда. Өйткені әлем чемпионатына 15 рет қатысқан құрама 3 рет жартылай финалға шыққан еді. 1966 жылы чемпион атанған ағылшындар, 1990 жылы Италияда өткен чемпионатта өздері «қарғыс атқыр» деп атайтын пенальти сериясынан немістерге есе жіберген болатын. Ресей жерінде дәл осы пенальтиден ағылшын құрамасы колумбиялықтардан басым түсті. Хорватия құрамасына да пенальти сериялары жартылай финалға жолдама сыйлаған-ды. 2008 жылы ЕУРО жарысының іріктеуінде жолдама алып қойған шақпақ жейделілер ағылшындарды өз аралында 4:1 есебімен ұтып, топтан шығармай тастап еді. Содан бері Англия құрамасы хорваттарға кек сақтап келеді. Қос құрама арасындағы кездесу талас-тартысқа толы болмағы да содан. Өткен түнде ойнаған екінші жартылай финалдық кездесу туралы ештеңе айта алмаспыз, өйткені бұл кезде газетіміз жарыққа шығып кеткен еді. P.S: Сонымен осы аптаның жексенбісінде тарих беттеріне тағы бір чемпионның аты тасқа басқан таңбадай жазылады. Мамандар Дидье Дешам шәкірттеріне басымдық беруде. Тарих шыр айналып қайта соғатыны, бейнесі басқа болғанмен тамыры бір болатыны бар емес пе?! Осыдан 20 жыл бұрын атойлап чемпион болған Франция құрамасы өткенді тағы бір еске салуға барын салмақ. Дегенмен бұл – футбол...