Семейде 200 полицей іздестірген 11 жастағы қыз аман-есен табылды (ВИДЕО)

/
Семейде 200 полицей іздестірген 11 жастағы қыз аман-есен табылды (ВИДЕО)
Абай облысы ПД

Семейде 3 қараша күні жоғалып кеткен 11 жастағы Саяна есімді қыз табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Абай облысы ПД мәліметінше, қыз бала сабақтан кейін үйіне оралмаған. Сағат 13:00-де Саяна сабақта болуы керек еді, алайда сол күні сабақтар болмағандықтан, ол үйге өзі қайтпақ болған.

Жасөспірімді іздеуге қала полициясының барлық қызметтері жұмылдырылды. Жедел іздестіру топтары аулаларды, көшелер мен қоғамдық орындарды аралап, қыз баланың жүріп өтуі мүмкін бағыттарын тексерді.

Бейнебақылау камераларындағы жазбаларда Саяна әртүрлі көшелерде байқалған, және жаңа деректер түскен сайын полиция күші сол бағыттарға шоғырландырылып отырды. Бала жергілікті жерді жақсы білмегендіктен, адасып қалған.

Қала тұрғыны Фариза есімді азаматшаның қырағылығы мен қамқорлығының арқасында қыз бала табылып, үйіне жеткізілді. Семей қаласы Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Қайрат Абдығалиев азаматтық жауапкершілік танытқан Фаризаға жеке алғысын білдірді.

«Мұндай мысалдар полиция мен тұрғындар арасындағы өзара сенім мен қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Фаризаның сергектігінің арқасында бала аман табылды», — деді ол.

Іздестіру жұмыстарына 200-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды.Саяна мен оның ата-анасы, туыстарының қауышқан сәті барша іздестіру тобы үшін ең әсерлі әрі қуанышты оқиға болды. Қыздың анасы полиция қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдіріп:

«Полиция бүкіл қаланы аралады, бір де бір ауланы қалдырған жоқ. Көмек көрсеткен барлық адамға шексіз алғысымызды айтамыз», — деді.

Абай облысы Полиция департаментінің ресми өкілі полиция подполковнигі Дина Амренованың айтуынша, жақын күндері Фариза полиция басшылығының алғыс хатымен марапатталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары