Марғұлан Сейсембаев, кәсіпкер: Жемқорлық кәсіпкерлік саласын да дендеп кеткен

Марғұлан Сейсембаев, кәсіпкер: Жемқорлық кәсіпкерлік саласын да дендеп кеткен

Марғұлан Сейсембаев, кәсіпкер: Жемқорлық кәсіпкерлік  саласын да дендеп кеткен
ашық дереккөзі
475

Отандық экономиканың дамуы отандық тауар өндірушілер мен өндіріс орындарының күшінде. Ішкі нарықтағы тұтынушылық сұранысты отандық өніммен қанағаттандырғанда ғана импорт көлемі азайып, бюджетке түсетін кіріс көбеймек. Бұл мемлекетіміз бен халқымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына сеп. Елімізге танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевтың «Мен кепілдік беремін» бағдарламасын қолға алуына себеп болған не? Орталықтар мен аймақтардағы базар-дүкендер сөрелерінде баға саясаты қалай түзіледі? Шаруалар мен өнім өндірушілердің арзанға әкелген өнімі тұтынушыға неге қымбат бағаға жетеді? Отандық кәсіпкерді қолдау үшін не істемек керек? Осы және басқа сұрақтарға әріптестері мен отандастарына қолдау көрсетуге құлшынған Марғұлан Сейсембаев мырза жауап берген еді.

«Елімізді жақсартуды өзімізден бастау керек»

– Марғұлан мырза, «Мен жауап беремін» бағдарламасын жүзеге асыруға не себеп болды?

– Елімізде түрлі бағдарламар қабылданып, оған үкіметтен миллиондаған теңге қаражат бөлінуде. Бірақ, көбіне бастаған іс аяқсыз қалып жатады. Шенеуніктер өз сөздеріне жауап бермейді. Мен алғашында бұл тек шенеуніктерге ғана қатысты мәселе шығар деп ойлағанмын. Жоқ, кейін қарап отырсам, жекеменшік кәсіпкерлер де сондай болып кеткен. Өкінішке қарай, парақорлық, жемқорлық кәсіпкерлік саласына да дендей еніпті. Қазіргі уақытта қазақстандық бизнестің қайсысы адал, қайсысы арам жұмыс істеп жатқанын айырып алу қиын. Тіпті, кәсіпкерлер өздерінің өнімдері үшін жауап бере алмайды. Өкінішке қарай, ешкім ешнәрсеге жауап бермейді. Сондықтан, осының барлығын ойластыра келе, елімізді жақсартуды алдымен өзімізден бастауымыз қажет екенін ұқтым. Өзіміздің сана сезімімізді өзгертуіміз керек. Өз ісімізге жауап бермесек, істеген ісімізде берекет болмайды. Сондықтан, өзгерістерді өзімнен бастауға бел будым. Өзім ғана емес, жақын араласатын, таныс кәсіпкерлерге де жауапкершілікті арттыру мақсатында «Мен жауап беремін» деген бағдарламаға қатысу туралы үндеу жолдадым.

Жалпы, бұл бағдарлама отандық тауар өндіру­ші­лерге, оның ішінде сапалы өнім шығаратын кәсіпорындарға қолдау көрсету мақсатында қолға алынды. Басты себеп те осы. Елімізде сапалы өнім шығарып, оны тұтынушыларға өзінің әділ бағасына сатқысы келетін тауар өндірушілер жетіп артылады. Алайда, түрлі себептерге байланысты олардың өнімдері туралы ақпарат аз, тұтынушылар көбісін біле бермейді. Ал, «Мен кепілдік беремін» бағдарламасының мақсаты – осы кемшілікті жойып, өз тауарының сапасына жауап беретін, өз беделі мен абыройын ойлайтын адал кәсіпорындарға қолдау көрсету және олардың тауарларын халық арасында кеңінен насихаттау. Сондықтан өз өнімінің сапасына жауап беруге дайын барлық кәсіпкерлерді аталмыш бағдарламаға қатысуға шақырамын.

– Байқауға кімдер жəне қандай өндіріс орындары қатысуға құқылы?

– Әзірге бағдарламаға сауда айналымы бір миллион доллардан кем болмайтын, қалыптасқан технологиялық үдерісі бар өнім өндіруші ірі кәсіпорындар қатыса алады.

– Оларға қойылатын талап қандай?

– Бағдарламаға қатысқысы келетін отандық тауар өндірушілерге қойылатын талаптар қатаң: тауар сапасы, тауар сапасының тұрақтылығы, өнім өндіру үшін қолданылатын шикізаттар мен ингредиенттердің сапасы, өндірістік процестердің сапасы мен бірқалыптылығы. Кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігі (шамадан тыс несие алмағаны дұрыс). Технолог пен меншік иесінің «өнім сапасын жоғары деңгейде ұстап тұрамын» деген уәдесінің болуы және өнімнің экологиялық тұрғыда тазалығы.

– Байқау қанша уақытқа созыла­ды?­ Қорытынды қашан шығарылады?

– «Мен кепілдік беремін» бағдарламасы – нақты уақытпен шектелмейтін мерзімсіз жоба. Дегенмен, бағдарламаға қатысатын кәсіпорындар бойынша алғашқы нәтижелерді, түсірілген бейне-есепті қазан айының орта тұсында жарияламақпыз. Бұл ретте, қазірдің өзінде оң өзгерістер бар екенін атап өткім келеді. Мәселен, біздің бағдарламаға қатысуға ниет танытқан EvitaComplex брендімен өнім шығаратын кәсіпорын туралы айтуға болады. Жақында кәсіпорын өкілдері бір үлкен сауда желісіне барып, өз өнімдерін дүкен сөрелеріне қоюды өтініпті. Ал сауда желісіндегілер: «Бағасын 120 пайызға дейін өсіреміз, не мүлдем қабылдамаймыз», – деп шығарып салады. Алайда кейін «Мен кепілдік беремін» бағдарламасының әсері болар, әлгі сауда желісінің өкілдері отандық өнімді қабылдауға және бағасын да қолжетімді етуге уәде беріпті. Міне, меніңше, бұл – бағдарламаның алғашқы жеңісі, алғашқы жемісі. Тұрмыстық жуғыш құралдарды (ерітінділерді) шығарумен айналысатын бір компания өкілдері енді өз өнімдерін сауда желілеріне шығарып, оны әділ бағасына сатуға және сапасына жауап береміз деп уәде берді. Қалғанын уақыт көрсетеді.

– Əлеуметтік желідегі парақшаңызға супермаркеттердің алыпсатарлығы мен ашкөздігі туралы жазыпсыз. Таратып айтыңызшы...

– Иә, әлеуметтік желіде супермаркеттер туралы айтқан ойыма қатысты қызу пікірталас туғаны рас. Бұл мәселеге бейжай қарамай, өз ойын ашық жеткізген азаматтарға алғыс айтқым келеді. Айтылған пікірлерді зерделей келе, бұл мәселе терең зерттеуді қажет ететінін түсіндім. «Өз пайдасын ойлап, өз алаңын қорып жүрген кейбір супермаркет иелері құны 100 теңге тұратын өнімді 400-600 теңгеге сатады. Яғни, дүкен иелері тауарды 5-6 есе үстеме бағамен сатып, қыруар пайда көріп жатыр», – деп жазғанмын. Шын мәнінде, бұл жерде тек олар ғана кінәлі емес екен. Кейбір тауар түрлеріне үстеме баға қосылмайтыны, ал кейбіреулері тіпті өз бағасынан төмен бағаға сатылатыны анықталды. Бұл жерде бар гәп тауарларды тарату жүйесі мен баға белгілеу жүйесінде екен. Бұл орайда, оқырмандар арасындағы саудамен айналысатын немесе кезінде айналысқан ағайындардан көмек сұрағым келеді. Бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін маған сіздердің көмектеріңіз қажет.

– Қазір қарапайым тұтынушылар сіздің бағдарламаңызды қуана құптап жатыр. Ал тауар өндірушілер ше?

– Азаматтық белсенділік танытып, бағдарламаға қолдау көрсетіп жатқан тұтынушылармен қатар бағдарламаға қатысуға ниет танытып, өз көмегін ұсынып жатқан тауар өндірушілер де жетерлік. Қазіргі уақытта сондай кәсіпорындардан келіп түскен өтініштерді тіркеу жүргізілуде.

«Кедергі келтіргісі келетіндер бар»

– «Мен кепілдік беремін» бағдарламасының қарапайым халыққа, əсіресе, ауылдағы ағайынға пайдасы мол. Арзан əрі сапасыз өнімді тұтынып өскен ұрпақтың келешегі бұлыңғыр. Сондықтан бұл бағдарламаға мемлекет көңіл бөлуі тиіс. Құзырлы органдар қолдап жатыр ма осы бастаманы?

– Үкіметтік органдар тарапынан да қызығушылық бар. Таяуда менімен «Даму» қорының өкілдері хабарласып, «Мен кепілдік беремін» бағдарламасына қатысты өз пікірлерін білдірді. Бірден айта кетейін, «Даму» қоры еліміздің дамуы үшін өте қажет құрылым деп есептеймін. Олар отандық кәсіпкерлерге іс жүзінде қолдау көрсетіп келеді. Дегенмен, отандық кәсіпорындарды қаржыландыру бағдарламасының кейбір осал тұстары бар. Мен мемлекеттік көмектің арадағы делдал – банктерсіз бірден кәсіпкерге жеткенін қалаймын. Сондықтан қор өкілдері және кәсіпкерлермен бірге осы кемшіліктерді жою жолдарын қарастырмақпыз.

– Əлеуметтік желідегі парақшаңызға «Мен кепілдік беремін» бағдарламасының кесірінен жеке басыңызға төнуі мүмкін қауіп-қатер туралы жаздыңыз. Бұған не себеп?

– Бағдарламаға қоғам тарабынан үлкен қызығушы­лық бар. Қазірдің өзінде бізді қолдаушылардың саны 500 мың адамнан асты. Әрине, мұндай ауқымды жобаны қолдаушылармен қатар «тырнақ астынан кір іздейтіндер», абыройыма нұқсан келтіруді ойлайтын арандатушылардың да пайда болуы – заңды құбылыс. Олардың көздеген мақсаты мен емес, «Мен кепілдік беремін» бағдарламасы. Олар өткен-кеткенді еске алып, маған күйе жағып, бағдарламаға зиян келтіруге тырысып бағуда. Бұл ретте өз кемшіліктерімен қатар өз жетістіктері де бар қарапайым адам екенімді атап өткім келеді. Мен ешнәрседен бас тартпаймын. Барлық істерім үшін жауап беруге дайынмын және бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшамда да жазғанмын. Маған емес, бұл бағдарламаны көріп, мән-мағынасын түсініп, оны болашақта жүзеге асыратын сол 500 мың адамға сеніңіздер демекпін. Жалпы мен Махатма Ганди секілді «Зұлымдыққа күшпен қарсы тұрмау» ұстанымын ұстанамын.

– Бағдарлама кең ауқымда жүзеге асқан жағдайда отандық тауар өндірушілер үшін нəтиже қандай болмақ? Нарықтағы импорт көлемін азайта аламыз ба? Тегін жарнама мен сапалы өнімге сұраныс көп болады емес пе?

– Меніңше, экономикамыздың өрлеуі үшін бірнеше шартты орындау қажет. Яғни, арзан, сапасыз импорттан бас тартып, отандық өндірушілердің сапалы өнімдерін тұтыну керек. Мұнымен қатар, қазақстандық кәсіпорындар өздерінің сапалы өнімдерін шетелге экспортқа шығаруы қажет. Сонда ғана экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете аламыз.

– Бағдарламада сіз егер қажет болған жағдайда өндіріс орындарына инвестиция салуға дайын екеніңізді айтыпсыз. Қаржылай көмекті қандай кəсіпорындар иелене алады?

– «Мен кепілдік беремін» бағдарламасының талаптарына толықтай сай келетін, тексерулерден сәтті өткен қандай да бір кәсіпорын қаржыға зәру болатын болса, мен ондай кәсіпорынға инвестиция табуға көмектесемін деп уәде беремін.

– Істеріңізге сәттілік пен береке тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары