ҰЛЫ ДАЛАҒА АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ

ҰЛЫ ДАЛАҒА АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ

ҰЛЫ ДАЛАҒА АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ
ашық дереккөзі
353
Ұлы дала жұртының мәдениетіне арналған халықаралық фестиваль Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Астана тұрғындары мен қала қонақтары «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде түркі әлеміне саяхаттап, Ұлы даланың рухын сезінуге мүмкіндік алды. Фестивальдің тұжырымдамасы түркі халықтарының Үлкен Құрылтайы моделіне негізделген. Сәтті деп танылған шара Венгрия Халықтық республикасында 2008 жылдан бастап өткізіліп келеді. Аумағы 7 ауылдан тұратын фестивальдің тұрғындары – далалықтар мәдениетін жетік меңгерген жаужүрек сарбаздар, мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар және музыканттар сан түрлі қойылымдар қойып, шеберлігімен көрермендерді тәнті етті. Жеті ауылдың бірі – «Ақ мерген». Далалықтардың құралайды көзге атқан мерген болғаны әмбеге аян. Көнеден келе жатқан қару – садақпен атудан сайыс ұйымдастырылды. «Шабыт» ауылында түркі халықтарының этникалық музыкасымен танысуға мүмкіндік болды. Ал «Тайбурылда» «Көкпар тарту», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Асау» және тағы басқа ұлттық ойындар көрсетілді. «Керуен сарай» ауылы меймандарға далалықтардың ас әзірлеу әдісі мен мәзірін ұсынса, «Ақ сақа» ауылында «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Асық ату» және тағы басқа да, дәстүрлі ойындары болып, рухы мен болмыс-бітімі берік батырлар өз өнерлерін ортаға салды. «Батыр» ауылы – дала батырларының ежелгі шайқастарының қыр-сырымен таныстырса, «Шебер» ауылы қолөнер шеберлерінің бұйымдарын паш етумен қатар, оны жасаудың сырымен бөлісті. Осылайша, жиналған қауым далалықтар мәдениеті жайлы толық мағлұмат алып, Башқұртстан, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Түркия, Украина, Якутия және Қазақстаннан келген сайыпқырандардың «action» стиліндегі сан түрлі қойылымдарына тәнті болды.

Серіктес жаңалықтары