Берлин төріндегі қазақы концерт

Берлин төріндегі қазақы концерт

Берлин төріндегі қазақы концерт
ашық дереккөзі
Берлин қаласында Қазақстан елордасының 20 жылдығына орай салтанатты қабылдау және мерекелік концерт өтті. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Германиядағы елші Болат Нүсіпов, Қазақстан Республикасының, сондай-ақ, Германияның Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық бөлімінің басшысы Михаэль Зиберт өз баяндамаларында қысқа уақыт ішінде Астана тек қана Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін сенімді диалог алаңы ретінде аса маңызды заманауи мегаполистің біріне айналғанына тоқталды.  Мәселен, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуразияның жүрегінде орналасқан қала бүгінгі күндері бейбітшілік, өркендеу мен гүлденудің символына айналғанын, сондай-ақ, беделді халықаралық саяси, экономикалық және мәдени шаралардың орталығы екенін жеткізді. Ал неміс дипломаты М.Зиберт Қазақстан халқын Астананың мерейтойымен құттықтап, еліміздің одан әрі дамуы мен гүлденуін тіледі. Ол Астана – Берлиннің Орталық Азиядағы сенімді серіктесі және халықаралық координаттар жүйесінде маңызды рөл атқаратынына екпін түсірді. Қазақстанның елшісі өз сөзінде Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты саяси және сауда-экономикалық байланыстардың табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Қабылдау рәсімінде өткен қазақстандық авторлардың шығармаларының Астанаға арналған концертінде «Астана – бейбітшілік қаласы» атты сурет көрмесі ұйымдастырылып, елорда туралы фильм көрсетілді. Одан соң салтанатты шараға келген құрметті қонақтар Қазақстан мен Орталық Азияның ұлттық тағамдарының дәмін татты. Сондай-ақ, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко  Бундестагтың «Германия-Орталық Азия» парламенттік тобының жаңа мүшелерімен кездесіп, оның төрағасы, депутат Манфред Грундпен келіссөздер жүргізді. Парламенттік дипломатияны дамыту шеңберінде  Парламент Мәжілісіндегі және Германия Бундестагының достық топтары бағытында парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың ахуалы мен келешегі талқыланды. Оның айтуынша, «біздің мемлекеттер арасында өзара түсіністік, тараптарды құрметтеу және екіжақты, көпжақты форматта тығыз ынтымақтастықты дамыту саласындағы қарым-қатынастарды жандандыру үшін берік халықаралық-құқықтық негіз бар». Сонымен қатар, Р.Василенко неміс парламентшілерін Қазақстанның ЕАЭК пен қытайлық «Белдеу мен жол» бастамасы аясында басымдылықтарымен таныстырып, сондай-ақ, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық туралы тілге тиек етті. Сонымен қатар,  екі елдің арасындағы жастар саясаты мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзара әрекеттесу мәселелері талқыланды. Бундестаг мүшелерінің ерекше қызығушылығы шағын және орта бизнес (ШОБ), ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері (ЭЖЖ) және озық неміс технологияларын Қазақстанға тарту салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге түскенін айта кеткен жөн.