5 Шілде 2018, 02:15 681 0 Білім TURKYSTAN.KZ

«Болашақ» бағдарламасы: Талапкерге қойылар талап қатаймақ

Ел жастарының жоғары сапалы білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Тіпті, білімімді толықтырамын деген жастардың шекара асып, өзге мемлекетте білім алуына да мүмкіндіктер қарастырылған. Білім қуған жастардың шетелде мемлекет есебінен тегін білім алуына жол ашқан «Болашақ» бағдарламасы екені баршаға мәлім. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарлама әлі де өз жұмысын жалғастырып келеді.

Бағдарлама  жұмысы жалғасып жатқанымен, талапкерлерге қойылатын талаптар жыл сайын өзгеріп отырады. Мысалы, 2025 жылдан бастап «Болашақ» шәкіртақысының квоталы санаттары жойылады. Ал шәкіртақы иемденгісі келетіндер үшін талап күшеймек. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда аймақтық деңгейдегі онлайн-тест енгізілетіні белгілі болды. «Үміткерлерді сапалы іріктеу үшін магистратураға түскісі келетіндерге ағылшын тілі талабы жоғары болады. IELTS сертификатының рейтингі 6,0 және квота санаттары  үшін одан жоғары болуы тиіс. 2025 жылдан бастап ағылшын тіліне қойылатын  талап күшейтілетін болғандықтан, шәкіртақы аясындағы барлық квота санаттары жойылады», – деді Білім және ғылым министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білім алуға ниетті азаматтар 31 тамызға дейін өтініш бере алады. Қазіргі уақытта бағдарлама бойынша бөлінген 555 орынға 400-дей адам құжат тапсырып үлгерген. Іріктеу сынақтарынан сүрінбей өткен талапкерлер Германия, Франция, Норвегия, Польша, Чехия мен Грекиядағы белгілі жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, Халықаралық бағдарламалар орталығы «Астана» банкі арқылы шәкіртақы алып жүрген «Болашақ» стипендиясының иегерлері жайында да атап өтті. Алдағы уақытта олар шәкіртақыны басқа банктерден алатын болады. «Астана» банкінің соңғы уақытта басына қара бұлт үйіріліп, жағдайы қиындағаны белгілі. Соған орай Халықаралық бағдарламалар орталығы осындай шешімге келген. Орталық басшысы Жанболат Мелдешов аталмыш банктен депозиттік есепшот ашқандардың ісіне араласа алмайтынын жеткізді. «Біздің стипендианттарға, бір апта ішінде шешіп алуға жеңілдік жасады. Сол бір аптада 30 шақты адам немқұрайлы қарап өз ақшаларын шешіп алған жоқ. Одан кейін тағы да банкке шағымдануымызға тура келді.  Қазіргі уақытта барлық стипендианттар бір апта ішінде ақшасын шешіп алды. Одан кейін ешқандай қиындық туындаған жоқ. Осы айда біз Халық банкіне өттік. Қазір біздің стипендианттар басқа банктер арқылы стипендиясын алып жатыр», – дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов.

Соңғы жаңалықтар