349
Қатерлі ісікке қарсы кешенді жоспар қабылданды
Қатерлі ісікке қарсы кешенді жоспар қабылданды
Осы аптадағы Үкімет отырысы денсаулық сақтау саласына арналды. Әсіресе, соңғы жылдары жиі тіркелген обыр дертіне қарсы күрес нәтижелері мен оны алдын алу шаралары егжей-тегжейлі талқыланды.
Жиында Үкімет «Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды» қабылдады. Бұл кешенді жоспар 2018-2020 жылдарды қамтиды. Нәтижесінде Қазақстан обыр дертімен күреске отыз бес миллиард теңгеден астам қаражат бағыттамақ. Құжат бойынша баяндаған Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Қазақстанда соңғы 10 жылда қатерлі ісікпен ауырғандар санының 9,5 пайызға ұлғаюы, бұл дерттен болатын өлім көрсеткішінің 28,5 пайызға төмендеуі байқалғанын айтты. Онкологиялық көмекті ұйымдастыру бойынша іске асырылып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар мәселелер шешімін таппаған күйі қалуда екен.
Бұл ретте Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын орындау аясында, қатерлі ісіктердің ауыртпалығын төмендету және онкологиялық көмектің тиімділігін арттыру мақсатында «Қазақстандағы онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар» жобасы әзірленді. Құжаттың негізгі міндеттеріне профилактиканы дамыту және қауіп факторларын басқару, онкологиялық аурулардың жоғары тиімділікті ерте диагностикасы, онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу, онкологиялық көмекті цифрландыруды, кадрлық әлеует пен ғылымды дамыту кіреді.
Елжан Біртановтың айтуынша, кешенді жоспар аясында Астана қаласында онкологиялық көмек көрсетуде үйлестіруші рөл атқаратын «Ұлттық ғылыми онкология орталығын» құру көзделген. Орталықтың негізгі міндеті – халықаралық стандарттарға сай онкологиялық көмек көрсету, онкология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, профилактиканың, ерте диагностикалаудың және емдеудің персонификацияланған әдістерін әзірлеу және ендіру.
– Кешенді жоспарды іске асыруға 35,1 млрд теңге бөлінді, ол қаражат кепілдендірілген тегін медициналық көмек қызметтерін кеңейтуге, соның ішінде халықтың нысаналы топтарын скринингтермен қамтуды ұлғайту арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, онкологиялық ауруларға күдігі бар пациенттердің КТ, МРТ бойынша диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға, қатерлі ісіктерге молекулярлық-генетикалық тестілеуді енгізуге, телепатология арқылы диагностиканың күрделі жағдайларына халықаралық консультациялар жүргізуге бағытталады, – деді Елжан Біртанов. Сондай-ақ, министр онкологиялық ұйымдар үшін цитостатиктерді орталықтан сұйылтуға арналған жабдықтарды сатып алу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл ісікке қарсы дәрілерді тиімді, қауіпсіз және ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Басқа медицина жабдықтарын бюджет қаржысына емес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында сатып алу қарастырылуда. Яғни, жеке бизнесмендер өз қаржыларын жұмсап, қымбат құрылғылар мен жабдықтарды жеткізеді. Ол арқылы көрсетілетін қызметтен түсетін төлемдерден қайтарым мен пайда көреді. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі әлеуетті инвесторлармен бірге кешенді жоспар аясында МЖӘ жобаларын іске асыру үшін оңтайлы модельдер мен схемаларды әзірлеуде екен. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін жеке инвестициялар тартылатын болады. Осы мақсатта МЖӘ механизмдерін пайдалана отырып, 149 бірлік жабдық сатып алу жоспарланған. МЖӘ жобаларының болжамды сомасы 40 млрд теңгеден асады. Министрлік онкологиялық қызметтің инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстарды қарастыруға және ынтымақтастыққа дайын.
Сонымен бірге, Денсаулық сақтау министрлігі медицинада IBM Watson for Oncology жасанды интеллект ендіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл платформа онкологтарға дәлелді медицина негізінде емдеудің жеке әдістерін, онкологиялық сараптамаға және шетелдік медициналық әдебиетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін, кешенді жоспарға жасанды зердені одан ары ендіруге бағытталған қосымша іс-шаралар енгізіледі. Атап айтқанда, оның арқасында Қазақстан ЭЫДҰ-ға мүше жетекші елдердің онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуге тиіс. Дәлірек тоқталсақ, жатыр мойны обырының скринингі кезінде обыралды жай-күйді анықтауды 2022 жылға қарай 0,6 пайызға дейін, ал колоректалдық обырды анықтауды 23 пайызға дейін ұлғайту, онкологиялық аурулардың бастапқы сатыларын анықтауды 33,5 пайызға дейін арттыру (соның ішінде, жатыр мойны обырының бастапқы деңгейі 65 пайызға дейін, сүт безі обырының бастапқы деңгейі 45 пайызға дейін, колоректалдық обырдың бастапқы деңгейі 25 пайызға артады деп күтілуде), обырдың асқынған формаларын 7,2 пайызға дейін азайту, онкологиялық науқастардың 5 жылдық өміршеңдігін 60 пайызға дейін ұлғайту көзделуде.
Кешенді жоспар жобасы және онкологиялық көмекті цифрландыру барысы туралы Алматы онкология және радиология ҒЗИ директоры Д.Қайдарованың айтуынша, жобаны іске асыру аясында медициналық ұйымдарды мамолографтар, колоноскоптар және басқа да заманауи цифрлы технологиялармен жабдықтау жоспарланған. «Әлемде жыл сайын ракпен ауырған адамдар саны өсуде. Бұл дерт әрбір алтыншы өлімнің себебіне айналуда. Ең жиі кездесетін проблема – аурудың соңғы сатыларында жүгіну және анықтау болып отыр. Тиісінше, ондай жағдайда емдеу тиімділігі төмен болады», – деді ол.
Кәсіпкерлік қызметті реттеу жетілдірілмек
Сондай-ақ, күн тәртібі бойынша жиында кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заңды іске асыру жөніндегі шаралар талқыға салынды. Биылғы 24 мамырда Елбасы бизнес-ортаны түбегейлі жақсартуға және кеңейтуге, сондай-ақ әкімшілік кедергілер мен бизнес шығындарын қысқартуға бағытталған «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері» туралы заңға жария түрде қол қойды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов сол заңды іске асыру үшін 146 заңдық актіні қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Оның ішінде Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның позицияларын жақсарту мақсатында 24 нормативтік-құқықтық акті (НҚА) қабылдау үлкен маңызға ие. Ол барлық актілер әзірленгенін, көбісі мемлекеттік органдарда келісу рәсімдерінен өту сатысында тұрғанын хабарлады. Ал Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзі басқаратын ведомство қызметінің жаңа бағыты – аэронавигация және әуежайлар бойынша табиғи монополиялар саласын құқықтық реттеу мақсатында НҚА-лар әзірленгенін мәлімдеді. Олар тұтынушыларға қызмет көрсету стандарттарына, инвестициялық бағдарламалардың жобаларын қалыптастыру және бағалау әдістемесіне, көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер бойынша уақытша төмендету коэффицентінің деңгейін есептеу әдістемесіне, көрсетілетін қызметтердің, тауарлардың, жұмыстардың тарифтерін немесе олардың шекті деңгейлерін кемітпей есептеу әдістемесіне, азаматтық авиация саласындағы тарифтік саясат жөніндегі сараптамалық кеңеске қатысты болып келеді. – Қоршаған ортаны қорғау саласында екі мемлекеттік қызметті біріктіру қарастырылған. Бұл үшін «мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы» «қоршаған ортаға эмиссия жасауға рұқсатпен» бірге берілетін болады. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 150 жұмыс күнінен 45 жұмыс күніне дейін қысқарады, – деді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, Елбасы қол қойған сол заң жылжымайтын мүлікті тіркеу функцияларын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО-ларға) береді. Сондықтан мемлекеттік корпорацияның сенімді басқаруына «Жылжымайтын мүлік регистрі» ГБД беріледі. Бақылау және құқықтық қамтамасыз ету функциялары әділет органдарының қарауында қалады. Бұдан өзге, интеллектуалдық меншік мәселесінде тауарлық белгіні, қызмет көрсету белгісін, тауардың шығу орнының атауын немесе фирмалық атауын пайдалануды және ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың қызметін бақылау Әділет министрлігінің қарауында қалды. «Әділет министрлігі заңға тәуелді НҚА-ларға тиісті түзетулер әзірледі. Олар мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберілді», – деді М.Бекетаев. Мәселелерді талқылауды қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қабылданған заңға өңірлердің зор қолдау білдіріп отырғанын айтып, кәсіпкерлердің барлық ескертпелері ескерілуі керектігін баса айтып өтті.