Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Қытай – жаңа мүмкіндіктер көзі

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Қытай – жаңа мүмкіндіктер көзі

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:  Қытай – жаңа мүмкіндіктер көзі
ашық дереккөзі
494

Бұған дейін қытайлардың еліне тек көмірсутегі мен шикізат тасып, энергетикалық және кен орындары саласында ғана серіктестік орнатқан Қазақстан Қытаймен бірге өндіріс орындарын салады. Отандық экономикаға 23 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюға құлшынып отырған қытайлар Қазақстандағы әлемдік дағдарыс салдарынан туындаған түйткілдерді шешуге сеп болмақ.

Қытай 23 миллиард доллар инвестиция салады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Қытайда іссапарда жүр. Ресми сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесіп, көлік-логистика саласындағы екіжақты тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті. Ли Кэцянмен кездесу барысында Қазақстан Президенті: «Сіз Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін қалыптастыру ісіне зор үлес қостыңыз. Қазір біз қол жеткізген уағдаластықтар мен бірқатар өнеркәсіп орындарын Қазақстанға көшіру жөніндегі ұсыныс толық қарқынмен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесі ретінде бүгінге дейін бірлескен индустриялық нысандар құру туралы 25 келісімге қол қойылды», – деді.

Елбасы мемлекеттер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуда «Нұрлы жол» және «Жаңа Жібек жолы» бағдарламаларының жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты: «Қазіргі уақытта Қазақстаннан Ресейге қарай автомобиль жолы, Иран арқылы Парсы шығанағына қарай теміржол салынды, Каспий теңізінде теңіз порты құрылды, Орталық Азияның барлық мемлекеттері Қорғас арқылы байланыстырылды. Жаңа Жібек жолының Қазақстан арқылы өтетін бөлігі толығымен дайын деп сеніммен айтуға болады». Өз кезегінде Ли Кэцян Қазақстан мен Қытай халқы арасындағы достықты нығайтудағы рөлі мен елдеріміздің қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге шығару ісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор екенін атап өтті.

Кездесу соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескен Нұрсұлтан Әбішұлы: «Әлемдік экономика дағдарысты бастан өткеріп жатқан бүгінгі уақытта әлемдік қаржы институттарының инвестициялық мүмкіндіктері айтарлықтай азайды. Осындай жағдайда Қытаймен өзара іс-қимыл біз үшін күрделі кезеңді еңсерудің қолайлы мүмкіндігі болып саналады», – деді. Елбасының айтуынша,  Қытаймен бірге іске асырылатын ең ірі жобаларда Павлодар алюминий зауытының өндіріс қуатын 150 мың тоннаға жеткізу, Маңғыстау облысында мұнай-газ жабдықтарын шығаратын зауыт пен Қостанайдан қазақстандық брендті қалыптастыратын көлік зауыты құрылысын салу қарастырылады. Ал оңтүстік өңірлерге келсек, химиялық тыңайтқыштар өндірісі дамытылады. Осылайша, кездесу нәтижесінде Қытай Қазақстан экономикасы мен өндірісіне 23 миллиард доллар көлемінде инвестиция салатын болды. «Қазақстан Темір жолы» жобасына салынатын қаражат – 600 миллион доллар. Әсіресе, «Қорғас-Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймақтағы логистикалық кешен мен индустриалдық алаңға қаражат молынан салынбақ: «Ал юаньның құнсыздануы екі ел арасында қол қойылған келісімдерге кері әсер етпейді» (Нұрсұлтан Назарбаев).

Тынық мұхитына жол ашылады

Цзянсу провинциясы халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы – партия комитетінің хатшысы Лоу Чжицзюнмен кездесу барысында Тынық мұхитындағы Ляньюньган портындағы Қазақстанның логистикалық терминалы арқылы жүк тасымалы ауқымын кеңейту туралы мәселелер талқыланды. Цзянсу провинциясымен ынтымақтастық орнату арқылы Тынық мұхитына (Ляньюньган порты) жол ашылмақ. Бұл да тарихи маңызы бар жоба. Осылайша, 45 біріккен нысанның құрылысы салынып, оның 25-іне қанша қаражат кететіні нақтыланады. Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен кейін 20 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы осылайша жемісті бола түспек. Бұған дейін энергетикалық және кен орындарына қатысты жобалар жүзеге асырылған болса, енді машина жасау саласына көбірек көңіл бөлінеді. Елбасы қатысқан кездесулерге қытайлық ірі компаниялар – Sinopec, CNPC, Huawei, Citic т.б. өкілдері атсалысты. Бұл Қазақстанға инвестиция салуға Қытайдың қаншалықты мүдделі екендігін аңғартатыны анық. Қытайлардың ең ірі энергетикалық компаниясы – CNPC биылдан бастап Қазақстан Президенті жанынан құрылған Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамына қабылданатын болды. Сонымен қатар аталған кәсіпорын Қазақстандағы мұнай-газ индустриясы үшін қажетті құбырларды шығаратын зауыт құрылысына 150 миллион доллар бөледі.

Бүгінде Қытай – Қазақстанның Ресейден кейін екінші ірі сауда серіктесі. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 17 миллиард доллардан асқан. Ең бастысы, қытайлармен арадағы сауда-экономикалық байланысты нығайту және ауқымын кеңейту экономикалық дағдарыстар салдарынан туындаған түйткілдерді оңтайлы шешуге сеп болмақ. «Қазір әлемдік экономика дағдарысқа тап болып, халықаралық қаржылық құрылымдардың инвестициялық мүмкіндіктері айтарлықтай азайды. Осы себепті, Қытаймен байланыс аса қиын кезеңнен сүрінбей өтуімізге көмектеседі», – деп мәлімдеген Елбасы жобалардың алғашқы легі 2015 жылы қолға алынатынын жеткізді. Ал негізгі шаруа 2016-2017 жылдардың үлесінде. Отандық өндірісті қарқынды дамытып, ел экономикасына ерекше серпін беретін жобалар 2018-2019 жылдары мәресіне жеткізілмек. Осының арқасында ондаған мың жаңа жұмыс орындары салынады. Сонымен қатар жоғары технологиялар саласында да серіктестік орнатылады. Әсіресе, жоғары оқу орныдарында және өндірісте заманауи техника мен технологияны қолданысқа енгізумен қатар, соларды жасау ісі де қолға алынбақ.

Қазақстан Президентінің Қытайға ресми сапары Пекиндегі салтанатты шерумен жалғасады. Тарихта тұңғыш рет Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуы құрметіне орай алғаш рет шеру өткізіледі. Мемлекет басшысы журналистермен кездесу барысында Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуында Қытайдың маңызды рөл атқарғанын айтты.  Шараның саяси астарына келсек, Қытай қантөгістің аяқталуына ықпал еткенін бүкіл әлемнің есіне салмақшы. Антигитлерлік коалиция құрамында болғанын және жеңімпаз елдер қатарында екенін еске салу арқылы Пекин бәсекелестеріне азуын көрсетіп алмақ. Тарихи деректерге ден қойсақ, Жапонияның тізе бүккен күні – 1945 жылдың 2 қыркүйегі. Бірақ Қытайдағы ескі үрдіс бойынша Жеңіс күнін 3 қыркүйекте тойлайды.

Серіктес жаңалықтары