БІЗ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МҰРАГЕРЛЕРІМІЗ

БІЗ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МҰРАГЕРЛЕРІМІЗ

БІЗ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МҰРАГЕРЛЕРІМІЗ
ашық дереккөзі
Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен елордада «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумы үшінші мәрте өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Түркия президентінің кеңесшісі Айгүн Аттар, Қырғызстан президентінің кеңесшісі Султан Раев, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Рэгдэл Дүгэриин және басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері мен белгілі ғалымдар қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз», – деген болатын. Мемлекет басшысының осындай тұшымды тұжырымынан кейін халықаралық гуманитарлық ғылымдар форумының атауы «Ұлы дала» деп өзгеріп, бұл алқалы жиын түркі əлемінің орны мен мəдени-рухани құндылықтары, жаһандық жəне аймақтық өзекті мəселелер талқыланатын интеллектуалды сұхбат алаңына айналған еді. Бұған Елбасының қосқан үлесі зор, еңбегі ерен. Басқасын айтпағанның өзінде, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» тек қазақ халқын ғана емес, бүкіл түркі жұртын ортақ мақсат-мұратқа жұмылдыратын жоба. Форумға қатысушылар осындай ой-пікірде. Оны Мемлекеттік хатшы да өз сөзінде атап өтті. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық саясаттағы тегеурінді тұлғасын, түркі əлеміндегі жетекшілік рөлін, «Рухани жаңғыру» жобасындағы идеяларын кеңінен насихаттау – форумның негізгі міндеттерінің бірі. Себебі «Рухани жаңғыру» қазақ елінің алдына қойған мақсаты ғана емес, жалпы түркі əлеміне ортақ мұрат деп ойлаймын. Қоғамдық сананың серпілуі үшін, əр халық бүгіні мен болашағы жарқын болуы үшін өзгере білуі тиіс. Мұны түсінбегендер тарих шаңына көміліп, тозаң жұтып, тас шайнап, қалтарыста қалады. Білім мен ғылымды жоғары бағалайтын ел ғана елеулі табыстарға жетеді. Баршаға ортақ міндет – əлемде түркі елдерінің бəсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Ол үшін зияткерлік ұлт қалыптастыру қажет. Осы орайда Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен Қазақстанның латын қарпіне көшуді бастауы – аса маңызды қадам. Сондай-ақ, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алдық. Оның аясында əлемдегі үздік еңбектердің алғашқы 18-і қазақ тіліне аударылып, зиялы қауымның, ғылыми-академиялық ортаның, жас буынның, жалпы жұртшылықтың назарына ұсынылды», – деді Г.Әбдіқалықова. Түркі дүниесі жəне Еуразия ғылыми қоғамдастықтарын қоян-қолтық жұмылдыра отырып, бауырлас халықтардың ортақ мәдени-рухани, ғылыми мұрасын болашақ ұрпақтың игілігіне ұсыну Халық­аралық «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумының басты мұраты болып отыр. Мемлекеттік хатшы осы жайында да ойын ортаға салды: «Ұлан-ғайыр аумақты мекен еткен халықтар байланысын, интеграцияны нығайту үшін санаға қасиетті орындар ұғымын сіңірудің мəні зор. Мəселен, форумға қатысушылар Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасының ізімен күллі түркі əлемінің киелі географиясының біртұтас желісін жасау мəселесін талқыласа, нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда бүгінгі жиынды бірлігімізді нығайтып, Ұлы Дала – Рухани жаңғыруды жүзеге асыруға септігін тигізіп, түркілік сананы кеңейтетін, сондай-ақ, прогреске шақыратын, интеграцияға серпін беретін мəнді оқиға деп білемін», – деді Г.Əбдіқалықова. Әңгіме арқауы болып отырған мәселеге байланысты көршілес қырғыз елінің ұстанымы қандай ? Оны осы елдің басшысы Сооронбай Жээнбековтің форумға жолдаған құттықтау хатынан білдік. Хатты Қырғызстан президентінің кеңесшісі Султан Раев оқып берді. «Құрметті форумға қатысушылар, қадірлі ғалымдар! Тегі бір, мəдениеті ортақ түркі, моңғол жəне Алтай тобына кірген халықтарды зерттеуді, ғалымдардың басын қосуды, білімді интеграциялауды, гуманитарлық ғылымдар форумын жыл сайын өткізуді ұйымдастырып отырған Халықаралық Түркі академиясының бастамаларын қолдаймын. «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумы алтаистика, түркология, моңғолистиканың маңызды мəселелерін келешекте тереңдетіп зерттейтін маңызды алаң болатынына сенім білдіреміз. Баршамыздың ортақ рухани символымыз болған Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойының форум жұмысы барысында атап өтілуі қырғыз халқына көрсетілген зор құрмет деп есептейміз. Қазақстан астанасының 20 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, форум жұмысына сəттілік тілеймін», делінген Сооронбай Жээнбековтің құттықтау хатында. Елдорданың мерейлі мерекесімен тұспа-тұс өткізіліп отырған халықаралық форумда Астананың 20 жылдығына байланысты тілек айтылмай қалуы мүмкін емес. Оның үстіне Қазақстанның бас қаласы ауқымы кең, маңызы зор халық-аралық түрлі басқосулардың да орталығына айналып отырғаны тағы бар. Осының бәрін көріп-біліп отырған көршілес елдердегі бауырларымыздың Астана туралы ақжарма тілектерін бүгіп қала алмасы айдан анық. Солай болды да. Қырғызстан президентінің кеңесшісі С.Раев былай деді: «Астана Еуразияның рухани ордасына, саяси, мəдени, гуманитарлық жүрегіне айналып отыр. Саяси, экономикалық процестерде Астана алдыңғы орында. Меніңше, Қазақстанның тарихи миссиясы өте жоғары. Өйткені Қазақстан географиялық тұрғыда əлемнің, Еуразияның қақ жүрегінде орналасқан. Осы Құдай берген ұлы сый Қазақстанды Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты байланыстыруға, рухани көпірі атануға мүмкіндік береді». Талас жоқ, орынды ой. Айта кету керек, «Ұлы дала» халық­аралық ІІІ форумы Əзірбайжан Республикасының бір ғасырлық, Мағжан Жұмабаевтың 125 және Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойларымен тұспа-тұс келіп отыр. Осының өзі бауырлас елдердің өзара рухани-мәдени байланысын одан әрі арттыра түскені сөзсіз. Оны форумға қатысушылар да қалыс қалдырмай, тілге тиек етіп жатты. «Қазір мені ерекше сезім билеп, толқып, тебіреніп тұрмын. Атажұртымызда өмір сүріп отырған, қаншама қиындыққа қарамастан тарихи Отанымызды сақтап қалған қазақ халқының қасиеті зор. Өйткені өзіне берілген аманатты аман сақтап қалу – абыройлы міндет əрі оңай шаруа емес. Атажұртымызға жаңа жерден мемлекет құрған түрік халқы атынан сəлем жолдаймын», – деді Түркия президентінің кеңесшісі Айгүн Аттар. Ол Қазақстан топырағының қасиетті мекен, Ұлы Дала атануы негізді екенін жеткізіп, оны түркі мəдениетінің орталығы деп атау қажеттігін атап өтті. Татарстанның тұңғыш президенті, қазір осы ел президентінің кеңесшісі, ЮНЕСКО-ның арнайы елшісі Минтимер Шаймиев те форумға тілегін жолдаған екен. «Жиынның Астана қаласында, Еуразияның қақ төрінде өтуінің маңызы зор. Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған осы форум барша түркітілдес халықтардың басын қосатын бірегей оқиғаға айналды. Форум жұмысының нəтижесі түркі мемлекеттерінің бірлігін нығайтатынына сенім білдіремін» делінген М.Шаймиевтің құттықтау хатында. Салтанатты жиын барысында да, пленарлық сессияларда да форум тақырыбына байланысты қазақстандық ғана емес, бауырлас мемлекеттерден келген ғалымдар да ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, олардың арасында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Рэгдэл Дүгэриин, Түрік тілі ұйымының төрағасы Мұстафа Качалин, Əзірбайжандағы Ататүрік орталығының директоры, профессор Низами Джафаров, Ресей Ғылым академиясының Түркологтер комитеті төрағасының орынбасары Олег Мудрак бар. – 1991 жылы Қазақстан Тəуелсіздігін ала сала Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласын дамыту, жандандыру үшін шаһарда Қожа Ахмет Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Үш жылдан кейін Түркияның келісімімен оқу орны Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды. Сарапшылардың болжамы бойынша, əлемде түркі жұртының өкілі саналатын 240 миллионнан астам адам бар. Осылардың басын қосу үшін əр мемлекетке осы оқу ордасында білім алуға квота бөлінді. Саха Республикасы, Татарстан, Чуваш, Алтай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Əзірбайжан, Түркиядан көптеген студенттер келді. Ондағы мақсат Елбасының бастамасымен түркі дүниесінің басын қосу еді, – деді М.Жұрынов. Міне, түркі дүниесінің басын біріктіру мақсатында Мемлекет басшысы сол уақыттан бастап табанды да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Оның бәрі нәтижесін беріп отыр. Соның айқын бір көрінісі – «Ұлы дала» форумы. Оны пленарлық талқылауға қатысқан ғалымдар баса айтты. Олар Қазақстан Президентінің мемлекетаралық ғылым-білім, руханият саласына байланысты айтқан идеялары мен бастамаларына бейжай қарамай, белсенді іс-қимыл танытып отырғанын айту ләзім. Форум барысында олардың осындай еңбегі де ескеріліп, Халық­аралық Түркі академиясының арнайы медалімен марапатталды. Соның бірі – Ресей Ғылым академиясының Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл жəне əдебиет институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова. Чувашиядан келген ғылым докторы, профессор Николай Егоров, Ресей Ғылым академиясы тарих-филология ғылымдары бөліміне қарасты Түркологтер комитеті төрағасының орынбасары Олег Мудрак, Моңғолиядан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Чулуун Сампилдондов та осындай марапатқа ие болды. Алқалы басқосуда Халықаралық Түркі академиясы мен Халықаралық Моңғолтану қауымдастығы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тағы бір жағымды жаңалық – «Алтаистика, Түркология, Моңғолистика қауымдастығын құру туралы» шешім қабылданды.

Ғалым АСЫЛ