БІРТҰТАС ҰЛТТЫҢ ҰЙТҚЫСЫ — ҚАЗАҚ ТІЛІ
БІРТҰТАС ҰЛТТЫҢ ҰЙТҚЫСЫ — ҚАЗАҚ ТІЛІ
Қазақстан-2050»: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбы аясында өткізілген жиынға Ассамблея мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар мен діни конфессиялар, шығармашылық және ғылыми сала өкілдері қатысты.
Мерейтойлық сессияда сөйлеген сөзінде Елбасы тіл тағдыры туралы тереңнен ой қозғады. «Тіл бар жерде халық бар. Тіл бар жерде, оның мәдениеті бар. Тіл жоқ болса, оның бәрі жойылады» дегенде, зал бір кісідей қол соғып, қошемет көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғалы Қазақстанда бірде-бір этностың туған тілі жойылмай, керісінше дамып, өркендеп келгенін еске салды. «Енді жүздеген этностар бір ұлтқа айналуы үшін оны біріктіруші материал керек. Бүгінде ұлттың басын біріктіретін, цементтей бекітетін фактор – қазақ тілі, мемлекеттің тілі» дегенде Елбасының сөзін тағы да ерекше қошемет көрсеткен, ұзақ қолдау білдірген ду шапалақ бөлді. Одан әрі сөзін жалғаған Президент: «Америка Құрама Штатына кім келсе де, ол мейлі қытай немесе азиялық болсын, араб болсын, бәрі америкалыққа айналады. Олардың бәрі ағылшын тілінде сөйлеуі керек. Олардың басын тіл біріктіреді. Францияда да, Германияда да солай. Ал бізде тарихи жағдай басқаша қалыптасты, дегенмен де бізді, балаларымыз бен немерелеріміздің басын тіл біріктіретіндей жағдай жасауымыз керек. Сонда бір ұлтқа айналып, қарқынды дамып, ал еліміз кез келген азаматтың тегіне қарамастан барлығына бірдей мүмкіндік беретін мемлекетке айналады», – деді. Бұдан әрі Президент Н.Назарбаев Ассамблеяның ұлт біртұтастығын қалыптастыру жолында маңызды институтқа айналғанын атап өтті. Этносаралық татулық қоғамымыздағы бірліктің басты ұстынына айналды. Осыдан он сегіз жыл бұрын құрылған Ассамблея Президенттің сөзімен айтқанда, бүгінде «кәмелеттік жасқа толды». Мемлекет сияқты, осы жылдар ішінде бұл ұйым да көптеген өзгерістерді бастан өткерді. «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» деген атауын «Қазақстан халқы ассамблеясы» болып өзгертіп, ұлтты біріктірудің алғышартын қалыптастырды. Тоғыз бірдей өкілін Парламентке депутаттыққа сайлап, билік жүйесіне араласатын саяси құрылымға айналды. Ассамблеяның тақырыбына орай Елбасы: «Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен, жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналдық. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен адамдарды бір тағдыр күтеді. Осылай елдігіміздің ертеңі, ошақтың үш тағаны сияқты «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген үш ауыз сөзге сыйып отыр», – деп түсіндіріп өтті. Бүгінде әлем өзгерген. Түрлене, күрделене түскен. Діни, мәдени, тілдік тұрғыдан көпқырлы әлемде рухани тұйықталу тығырыққа тіремек.
Сондықтан да ХХІ ғасырда Ассамблеяның миссиясы бұрынғыдан да кеңейе түспек. «Осы жылдары бұл ұйым өзін-өзі толық ақтады» деген Президент Асамблеяның қоғамдық ролін әлі де жете түсінбейтіндерді сынады. «Ассамблея дегеніміз – 17 миллион халқымыздың өзі», – деді Президент. Оның ішінде ұлтаралық татулықты сақтау Ассамблея қызметінің бір парасы ғана.
«Қазақстандық патриотизмнің түп қазығы – ел бірлігі» екенін нығырлады Президент. Ұлт бірлігін айтқанда Елбасы қазақтың өз ішіндегі бірлігін күшейту қажеттігін де баса айтты.
«Ассамблея ең әуелі қазаққа керек. Елдің тыныштығы, татулығы қазаққа керек», – деді Елбасы.
Сессия алдында ғана Қазақстан халқы ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітілген болатын. Тұжырымдамада орта таптың қоғамның басым бөлігін құрап, қоғам тұрақтылығы кепіліне айналғаны айтылды. Сондай-ақ бұл құжатта Қазақстанның әрбір азаматының дамуына, кәсіби тұрғыда өсуіне барлық жағдай жасалатыны айтылған.
Жиын соңына қарай Президент Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелеріне «Бірлік» алтын медалін табыстады. Сонымен қатар, Елбасы Ассамблеяның аймақтық филиалдарын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді, жер-жердегі Достық үйлерінің жұмысының тиімділігін арттыруға тапсырма берді.
АСТАНА
Гүлбиғаш Омарова