ҚОЛЖАЗБАЛАР КӨРМЕСІ

 Көрмеге Ұлттық кітапхана қорында жиналған Құранның қолжазбалары, Қожа Ахмет Яссауидің «Хикметтері» (XIX ғ), «Рисала» (XVIII ғ), «Насабнама» (XVII ғ), Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметтері» (XVI ғ), шығыс ақындары Низами, Навои, Сағди, Хафиз, Жәми, Физулилердің ислам діні бойынша және поэтикалық жанрдағы шағатай, араб және парсы тілдеріндегі қолжазбалары қойылды. Сонымен бірге, ҚР еңбек сіңірген кайраткері, белгілі коллекционер князь Азат Әкімбектің Орталық Азия мемлекеттері: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қашғариядан (қазіргі кезде Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) әкелінген кітаптары көрмеден орын алды. Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры  Гүлиса Балабекова сөз сөйлеп, шараның мақсатын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі іске асырылып жатқан игі шаралардың мән-маңызы жайында келелі ойларын айтты, Ал көрмеге арнайы шақырылған Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, қоғам және саяси қайраткер А.Б.Шардинов, филология ғылымдарының докторы, С.Демирел университетінің профессоры Ислам Жеменей, кардиолог-дәрігер, белгілі корей жазушысы Владимир Степанович Егай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қамбар Атабаев XII-XIX ғасырлардың еншісіндегі кітаптар қолжазбаларының тарихы жайында сөз қозғап, көне жәдігерлерді жинау жөніндегі өз ойларын қорытты. 

Ерсұлтан Махамбетәлиев,

 ХҚТУ-дің студенті

Back to top button